Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  113


Автор: Бақыт Беделханұлы

Таңғы жыр

Қайырлы таң, ағайын жұрт, жұрағат!
Аяғыңды жатсын шуақ, нұр орап.
Жеті түнде жеті жұлдыз күзеткен,
Жеті мүшең болсын тағы мүбəрəк.
Жеті атамнан жеткен жеті қазынам,
Аман болса, аласарман, қажыман.
Кешегімді кеніш қылып, ертеңді
Пейіш қылсын деп ауырып, жазылам.
Қазыналы ел, қайран құдірет, қуатым,
Асқақтатып, арманы мен мұратын.
Жүрегіңнен жұлыныңа жол салып,
Омыртқаңдай болсам дейді бір ақын.
Түн тыныстап, күш жинайтын
тылсымнан,
Жүрегім де өтер əлі мың сыннан.
Ал əзірге, бұ дүниенің ұмсынған,
Уынан да кездерім жоқ қымсынған.
Қу кеңірдек, қу тіршілік жұмсаған,
Қуанбасын, құрақ ұшып құл санам!
Бір Алладан басқа ешкімге бағынбас,
Жүрегім ақ періштем, кірші аман.
Жұпары мен нұр əкеліп ғайыптан,
Ғасыл жанның ғаламатын байытқан.
Құдіретке құдірет боп қосылар,
Ғазиз жүрек табсам дейді лайықты əн.
Таң оянып, ырысымен ыралап,
Əр жүректі паналасын мүбəрəк.
Айнымайтын ұлылыққа мың тəубə
Бір Аллаға бұ шүкірлік, бұ мадақ.
Тəу еткізер Тəңір шашқан несібем,
Көк те жер де ...жан-тəніме бесік ең.
Таңғы нұрдың таңғы жырдан несі артық,
Таңғы жырдың таңғы нұрдан несі кем?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу