Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  116


Автор: Бақыт Беделханұлы

Тамшы-тағдыр

Тамшы, тамшы, тамып түскен
тағдырлар.
Бірің жетіп, мыңың жетпей қалдыңдар.
Қағын, қағын, қағына түс тағы да
Жатырларың жанбай сөнгір зар-мұңдар!
Тамшы, тамшы мөлдірден де мөлдірсің,
Мөлдірлікті көрген мынау көз құрсын.
Тамшы десе көлшіктер де көлгірсіп,
Өзендер-ай, өксіп-жылап өлгірсің.
Тамшы, тамшы көлшіктен де лайсың,
Лай судан тұнық өмір құрайсың.
Құрайсың да құдыретімен құдайдың
Тіршіліктің кілтін тауып бұрайсың.
Тамшы, тамшы құдіретіңмен тас тесіп,
Тастан шығар аппақ ұлпа мақта өсіп.
Көл-құрсақтың көз моншағын тербетіп,
Тамшыдайды теңіз кылған ақ бесік.
Тамшы – теңіз, тамшы – тағдыр,
тамшы – мұң,
Бас-аяғы сабындай-ақ қамшының.
Баянсыз бақ болғанындай бал-шырын,
Жалғанға кеп күйін кештім жалшының.
Көзімдегі қарашығым – қара түн,
Аппақ еді құлаштаған қанатым.
Қарашықтай ай көрінер үңілсең,
Ол да тамшы дір-дір етіп таматын.
Рас көңілде аппақ еді – күн көгі,
Тіршіліктен түңілгенде күндегі.
Көз жасымды оңды солды сүртем деп,
Қос қанатым аяқ асты, кірледі.
Ақ-қараны айыра алмай мен сонда,
Шақша басты шарасызбын шаршаған.
Теңізден де жол табылар дейсің СЕН,
Үлкен тіпті мен ойлаған ТАМШЫ одан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу