Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  197


Автор: Бақыт Беделханұлы

Уа, жасай бер, ұлы өлең

Ілияс Жансүгіровке
Біссімілдə, раһманы раһым!
Ілястай Қызыр еді – бір атың.
Қызыр шалған жырың еді – бір атың.
Ел боп бүгін етек-жеңін жинаған,
Алашыңның ғұмыры еді – шын атың.
Арманыңмен құрдас еді мұратың,
Ұлықпандай мың жасасын, лұғатың!
Мəңгіліктің мəртөбесін нұр қылып,
Арлылықтың əз басында тұратын,
Уа, ассалаумағалəйкум, ұлы ақын!
Қиясынан құлап ұшқан қырандай,
Ұясынан жылап ұшқан ұлардай,
Ұлтын сүйген ұлыларды ойласам,
Отыз тісім опырылып сынардай...
Арыныңның арнасынан шыға алмай,
Жырыңды оқып, тəпсірлеп ем құрандай;
Құлагердің маңдайынан Ай көрдім,
Қара түннің мойнындағы тұмардай.
Əлі де сол... Ай-тұмарың төбемде,
Азаптайды.., азабына көнем де!
«Жүсіп ханның» қан жүрегі қарайып,
Қарашаңа қайғы бұлты төнерде,
Сен айналып кетіп едің өлеңге.
Ел айналып кетіп еді өлеңге.
Молықбайдың қобызындай күңіреніп,
Өлең болып мен де жүрмін, сол елде!
Уа, ассалумағалəйкум, ұлы өлең,
Түс секілді түйсігімде түнеген.
Құс секілді көл қорыған сен болсаң,
Жанымды да жабырқатпа, жүдеген.
Ағынды өзен арнасында алқынбай,
Тəңіртаудың тамырында түлеп ең.
Уа, жасай бер, ұлы өлең,
Бүкіл жұрттың бүтіндігін тілеген!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу