Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  237


Автор: Бақыт Беделханұлы

Тау-тұлға, сыр-толғақ

...Нұры болған өлеңнің Киелі есім,
Неге менің түсіме жиі енесің?!
Мынау күйкі тірліктің күйбеңінен
Тазарсын деп жүрсің бе, күйелешің?..
Тарқатылып өмірдің шымасынан,
Бал татырып көңілдің тұмасынан,
Албырттық пен аңғырттық қатар артқан
Арылсын деп жүрсің бе күнəсынан?..
Дүбіріне ерем деп дүрмек-көптің,
Су боп кеттім.., жанымды дірдектеттім.
...Алдағанға балаша жүгірем деп
Шаршап кеттім, біртүрлі кірлеп кеттім.
Таңдайыма татымас «тəтті» өмірді,
«Əттеңімді, əурелі сəттерімді»,
Таудың тастай суына бір шəйсам ғой,
Ақ көйлектей кірлеген ақ көңілді.
Жас сəбидей мұңсыз боп жүрем деп ем,
Шідерлеген тірліктен бір өрлеп ем,
Қарымына қаланың қайта түстім
Мен бе, ол ма, білмеймін, жібермеген?!.
Тұсаулы өмір, əйтеуір, тұяқ қаққан,
Тұрақ тапқан түгім жоқ, мият тапқан.
Құстай құса боламын кей кездері
Ұясында отырып ұят баққан.
Өкініш көп өзекті өртегендей,
Сөйлесейік, сонда да серкеленбей.
Орай қылып айтайын əңгімемді
Өз мұңымның мұрнынан шерте бермей.
Құрметтеп құзар шыңның құсы құрлы,
Тəңір өзі қашапты мүсініңді.
Асыға аса берген асқар белде
Тауға айналған тұлғаң тұр түсі нұрлы.
Шыңмен ғана өлшейміз өріңді енді,
Басындырмай, бастырмай көрінгенді.
Хан Тəңірге қасқайып қарап тұрар
Таулар да əне, ығысып орын берді.
Дала мұңдас болғасын тау сырласым,
Сарқылмасын тағатым таусылмасын.
Сөз басынан ши шығып дау тумасын,
Жүрегімнің тұсында жау тұрмасын!
Домбыраның шерткендей шерлі шегін,
Бал мен уын сезімнің мен де ішемін.
Секемшіл боп жүрсем де сергелдеңде
Себепсізден себепсіз сенгіш едім.
Аңқаулығым емес-ау, алданғаным,
Алданғанға əйтпесе, арланбадым.
Бар баласы қазақтың бірін бірі,
Алдамаса екен деп армандадым.
Ашынудың жөні жоқ тасынудың,
Бас ұрудың жөні жоқ басылудың.
Жүрегінде қыжылы, жүйкеде ызың,
Оңды-солды орынсыз шашылумын!..
Жаным таза, таза ғой тұмадан да
Таянышпын, сүйеумін құлағанға.
Қазағымды қаттырақ сүйген сайын,
Ұрынам да жүремін ұра, жарға.
Ауыл жайлы жырлап ем бауыр жайлы,
Көтерілді кеудемнен дауыл қайғы.
Аласұрған жүрегім алып-ұшып,
Сізді ойлаумен бір сəтке дамылдайды.
Үсік ұрып кеткендей бүршігімді,
Ұмтылуды қойғанмын, құлшынуды.
Қазынасын тонатқан қариядай,
Тіске басып отырам шын сырымды.
Шемен қылып алғандай ішкі шерін,
Уайым-мұңның түбіне түскіш едім.
...Үмітімнен зорайтты күдігімді
Үшбу хаттай бүктеліп үш мүшелім.
Ұшам деп ем пырақтай, пір қолдаса,
Қайтем енді кеудеме нұр қонбаса?..
Кетер ме едім пенде емес, періште боп,
Сайтан алғыр, анау, бір жын болмаса?!.
Жастықпенен жалындап, жандым гулеп,
Мастықпенен сайрандап, салдым
дүрмек.
Мен ешкімнің меселін қайтармадым,
Көңілін де керексе, қалдырғым жоқ.
Қалмағандай өлеңнің еш салмағы,
Қайтпайтындай қайырылып, көшкен
бағы.
«Шеше сен, бақыттысың...» дей
алмадым
Кеше сен, кешкен күйді кешсем дағы...
Бір жоғалып табылған малды олжа ғып,
Бір ауырып жазылған жанды олжа ғып,
Жалғыз шешей жабығып жылай қалса,
Жұбататын көңілін əн болмадық.
Əн демекші, əн бе екен, ыңырсыған,
Қу тірлікке құл болып қылымсыған?!.
Əн іздеймін тауымның тынысынан,
Жыр іздеймін ауылдың тұрмысынан...
Жылатсам да жанымды жабығулы,
Жабығуды сезсем де тарығуды.
Қара басын күйттеген əлдекімдей,
Жалпаңдауды білмедім жағынуды.
Қанша жанды білмеймін, өкпелеттім,
(Қалай ғана енді өзім көктемекпін?)
Адамдықтың ақ жолын ар тұттым да,
Көп пенденің көңілін көктеп өттім.
Өмір солай... өзгермес, сол баяғы...
(...Қол қояды, содан соң, қол жаяды...)
Ақындардың барлығы болмаса да,
Ит-тірліктің айтақшыл «Жолдыаяғы»...
Алауладым, шоқтайын маздаған ем,
Аман қалдым, жоқ бола жаздап əрең.
Аузыма су тамызды аптапта қап,
Ауыл жайлы алты ауыз жазған өлең.
Көктем бар ғой көңілге жаздан бұрын.
Қараторғай келмей ме қаздан бұрын?
У тамызды жүрекке, ...ұнамай қап,
Сұлулыққа ғашық боп жазған жырым.
Ең жақыным-жүрегім, жан тірегім,
Ұшқын атқан көзімнің жарқылы едің.
Сол жүрекпен ортамды, отанымды
Бақытты ету еді ғой, бар тілегім.
Нұры кеміп барады жанарымның,
Бүрі кетіп барады табанымның.
Қыры кетіп барады қалауымның,
Қарсы алдына келгенде қамалыңның...
Төрт аяқтап жетердей төрт мүшелге,
Денем ауыр тартады дертті шерге.
Айналамда нəр сызар нəрсе қалмай,
Қалғандаймын өзеуреп өртті шөлде.
Мен ғана ма, білмеймін көні кепкен,
Сортаңдамын, əйтеуір, сөлі кеткен.
Удай қарып барады іште жалын
Шимайланып барады жолым өткен.
Жағып қойып ерніңе шырын-балды,
Онсыз да өмір үйретер шырылдауды.
...Өрмекшідей жабысып ажал торға
Шырылдатып жеп жатыр шыбын-жанды.
Ас толтырса адамдар астауына,
Қарамайды құс құрлы аспанына.
Міне, осындай тірлікте мағынасыз
Айналамыз өмірдің дастанына.
Күннен күнге өзгеріп, жылдан жылға,
Кер заманның келбеті тұрды алдымда.
Тірлігі мен тілегі бір боп кетті-ау,
Дос пен қас, мұңды менен
мұндардың да...
...Шыр еткеннен бір жаққа жиналамыз,
Жол-жөнекей сый беріп, сый да аламыз.
Той дегенде қоштасып, шығарып сап,
Ал, өлімде көрісіп, қиналамыз.
Сұлулықтың нұр қалмай гүл ернінде,
Сайқалданып барады күннен күнге.
Түрі өзгеріп келеді пенделіктің,
Тілі өзгеріп келеді түленнің де...
...Жаңаруда қалалар жаңаруда,
Қабырғасы қайтадан қалануда.
«Бес күн тарап, шаштарын он күн өрген»
Астанамыз айнаға қарануда...
Бақыт орнап бір күні бар ауылға,
Бөленсе деп жүрміз-ау, дала нұрға.
Тас қалалар тауға өрлеп баратқанда,
Жас тұрады ілініп жанарымда.
Жар басына үй салған жамандарша,
Жаңа заман келеді, амал қанша?!.
Заманыңа амалың сай келмесе,
Саған да онша болмайды, маған да
онша...
Біле алмадым, адамға адам жау ма?
Ақ көңілім соны ойлап алаңдауда.
Ұлтын сүйген ұлдарың шындықты
айтса,
Неге дайын тұрады арандауға?!
Өмір – дейтін, бəріміз жолда жүрміз,
Жолда жүрміз сор кешіп зорға жүрміз.
Зорықтырмай Тəңірім, зарықтырмай
Жолға шыққан жолшыға жорға мінгіз!
Еркелесем, білемін, енді оңбаспын.
Көлденеңді көп жерде белден бастым.
Тай күнімде-ақ жан едім тарлан мінез
Тарланымда Тағыдай елден қаштым.
Елден қаштым,
...еретін сөзден қаштым.
Мың əуреңе əйтпесе, төзген жаспын.
Дегеніңе көнетін кезең де емес,
Кемеліме келетін кезден де астым.
Кім біледі, ешкімнен кем қалмаспын?!.
...Айтпақшы, аға,
сексен деген сеңгір астың,
Өлеңің өзекті өртер шерді бассын.
Əруағың аспандап кеп, асқар таудан
Көні кепкен далама сең құлатсын!
Алмағайып заманның аптабында
Шерді бассын, біреуі шөлді бассын!
Өлеңнің жол бастаған серкесі боп,
Аға, сен, міне, бүгін сеңгір астың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу