Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  132


Автор: Бақыт Беделханұлы

Оқ атылды, аспанға емес, жас жанға...

Оқ атылды, аспанға емес, жас жанға.
Оқ атылды, қуғанға емес, қашқанға.
Оқ атылды, тасқанға емес, сасқанға.
Оқ атылды, жанарымда жас барда –
Отпантауда жаным жылап жатқанда!
Тағдырына тура келген қазақтың
Таусылады қашан, қалай азап күн?.
Тағатына таға қаққан тəуменді ел
Талғажауы болып жатыр мазақтың.
Азаттықтың қас-қабағы – Астана,
Ашылмады-ау, кəріге де жасқа да!
Алаш жұртын айырбастап ақшаға...
Ажалдан да ұят боп тұр, масқара!
Нардың жүгін арқалаған арманға,
Нəмсіз қоғам нəмəрт қарап, алдауда...
Намысына нан сұратқан билікте
Нақақ көздің жасын сүртер жан бар ма?!
Ғажабыңды көрсек тағы кей алуан
Ғапыл-дүние ғадауатсыз дей алман.
Ғазиз басын құрмет тұтар аз күнгі
Ғасыл жанға мейірім бер, ей, Аллам!
Адам-Ата зəузаты едік зəудегі.
Абыл-Қабыл жекжаты едік жердегі.
Аңыратқан Хауа-Ананың жүрегін
Аллам, өзің кешіре гөр, пендені!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу