Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  309


Автор: Бақыт Беделханұлы

Бұл не деген алдамшы өмір еді!

Бұл не деген алдамшы өмір еді!
Жұрттың бəрі бақытты көрінеді.
Таңмен бірге таласып.., жанұшырып,
Қараңғыға қайтадан көміледі.
Бұл не деген алдамшы өмір еді!..
Арасында солардың мен де бармын,
Елге бердім, қайтадан елден алдым.
Алыс-беріс дүниенің ортасында,
Отқа түстім, су кештім, желде қалдым.
Жел қақтаған қаңбақтай шөлде қалдым...
Арасында мен солай жүре берем,
Бір сүрініп, бір құлап, түрегелем.
Жақсылардың жап-жарық жүрегін бер,
Тірі жанға жамандық тілемеген.
Жабығып, жасыса да жүдемеген.
Еш пе, кеш пе,..
кешсе де қанша ғұмыр?
Таусылмайды-ау, адамның аңсары бір!
Мен де бармын ішінде мынау дүние
Ұйқысынан оянып салса дүбір!..
Таусылмасын адамның аңсары бір!
Бұл не деген алдамшы өмір еді?!
Төңірегі осылай көрінеді...
Көрінеді... қайтадан көміледі...
Ойлағаным, əрине, өңім еді.
Өмір деген – біртүрлі түсім шығар,
Түс деген бəлкім, солай өріледі?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу