Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  103


Автор: Бақыт Беделханұлы

Ешкімнің де болмасын дауы бүгін...

Ешкімнің де болмасын дауы бүгін,
Тауда тудым, тауда өстім, тау ұлымын.
Анау, асқар шыңдардың-шығандардың,
Бірге туған інісі-бауырымын.
Таудан ескен даланың самалымын,
Сағынышпен күтетін сан ауылым.
Болашақтың бойына қуат берер,
Əр ошақтың маздаған алауымын.
Жанған алау жаныңды жай қыла ма?
Бақ па, сор ма?..
Батайын қай күнəға,
Қан-жүрегім кетсе де қақ жарылып,
Қуанышқа ортақпын, қайғыңа да...
Дос жылатып көргем жоқ, жау жаралап.
Құйындатып кіргем жоқ, дауға борап.
Қанатымды қағамын көкке ұмтылып,
Тағатымды табамын тауға қарап.
Таласпаймын талпынып дара шыңға,
Əркім қалсын өзінің бағасында.
Заманалар дауылы соққан кезде,
Тұрсам болды таулардың арасында...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу