Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  74


Автор: Ошақбай Суханберлин

Абай көшесіндегі ой

Бұл өмір өтер-кетер байқалмай тым,
Қаймағы мықтылардың шайқалмай тым.
Қайран қазақ тұтығып қалғанбысың,
Именіп ойдағысын айта алмайтын.
Қайран Абай! Бас иген бүкіл әлем,
Әруағыңа табынып бердік сәлем.
Өзіңді пайғамбар деп құрметтейміз,
Әттең, бірақ, жүрміз ғой әлем-жәлем.
Әттең дейтін жөніміз бар-ау біздің,
Өзімізге көңіліміз тар-ау біздің.
Жұрт сезгенді сезбейтін, иіс алмас,
Қанын бір шығарса ғой танаумыздың.
Атқа мінсе бұл қазақ, жан бітті де,
Жүрмейтұғын жері жоқ аңдып міне.
Сондықтан да танымай жүрміз әлі,
Өзіңе бата берген Жанғұттыны.
Өзің айтқан шоп-шолақ әкімдерміз,
Бермегеннің сілейтіп ақын жерміз.
Десек тағы сияды мақтануға
Жарты әлемге татитын тақымды елміз.
Бірақ саған келгенде әлденеше,
Сөзді шаштық, жалықтық бөсе-бөсе.
Айтатын енді сөз жоқ сыйымызды ал,
Басы жоқ, аяғы жоқ шолақ көше!
Ия, Жаратқан! Қазағыңды қинама, өсіре бер!
Өрт шығарар шалаңды өшіре бер.
Білмейтұғын мынау дүр ұрпағыңды,
Кешіре гөр! Кешіре гөр! Кешіре гөр




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу