Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  132


Автор: Ошақбай Суханберлин

Құрбыжан

Құрбыжан құлағың сал тартқан зарға,
Дәрмен жоқ тілдесуге амал бар ма?
Ата-анаң, қас-қабағың айырмайды,
Сондықтан әнім қостым домбырама.
Көзіңнен сезгенмін, сүйгенім,
Сырдың жайын айтпасаңда.
Құрбыжан, мен кетемін тартып зарды,
Айтылмай артта талай арман қалды.
Артымда шын сүйгенім қалады-ау деп,
Сондықтан жылап айттым осынау әнді.
Құрбыжан кездесер күн болар ма еді,
Көңілім бұрынғыдай толар ма еді?
Сұңқарша қанат жайып аспандағы,
Аққуға төсін ашқан қонарма еді?
Құрбыжан, есіңде ме сол бір түндер,
Айқасып бір төсекте бірге күлген?
Өзен-су, кейде жазық кең далада,
Еске алшы сол кездерді бірге жүрген.
Құрбыжан, қазір көрші халім нешік,
Алдымда жабулы тұр темір есік.
Шығуға дәрменім жоқ, шыға алам ба?
Білмеймін, айта алам ба қазір кесіп?
Тар қапас, ауа сасық, тар бөлмеде,
Талықсып шыбын жаным тұр кеудемде.
Жылаймын, жерге жасым төгіледі,
Қайтейін, өлейін бе, «өл» дегенге.
Құрбыжан заманым тар көресің бе,
Қол ұшын осындай да бересің бе?
Дәм жазып осы жерден шыға қалсам,
Шәліңді бұлғап сәулем келесің бе?
Құрбыжан, алдағы өмір елестейді,
Бұл күнде әділ халық «кеңес» дейді.
Қапастан осы тұрған шығар едім,
Шіркін-ай «жалғыз–мыңға» теңеспейді.
Құрбыжан мені есіңе аласың ба?
Үйіме анда-санда барасың ба?
Бұл заман екеуімізді бір қоспады,
Мен кетіп, сен артымда қаласың ба?
Құрбыжан көрінеді құзғын қолы,
Қиын-ау осындайда жанның жоғы.
Қош, сәулем! Енді сені көре алмаспын,
Таянып келе жатыр ажал оғы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу