Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  73


Автор: Ошақбай Суханберлин

Оқшау ойлар

1
Жасымнан бойды басқан қайғы өрдім,
Мұқтаждық, жетімдікті жай көрдім.
Күмәнданып бұл күнге жүргенімде,
Бәйтеректің басынан ай көрдім.
2
Армысыңдар, ақын, әнші қырандарым,
Қандай қазақ сағынбас жыр – арманын.
Қазақтың аспанында ұшып жүрмей,
Жерде қалай жүрсіңдер, біле алмадым...
3
Ғылымның тегіс жолы жоқ,
Қалсаң бірақ жолығып,
Тылсым дүние сырына,
Қанарсың сонда молығып.
Қиындығына көнерсің,
Ұйқыңды да бөлерсің,
Халқыңа тисе пайдасы,
Рақатын сонда көрерсің.
4
Кеңшілік еді – «Кеңестік жүйе» кешегі,
Молшылықтың болмаушы еді есебі.
Қой үстіне жұмыртқалап бозторғай,
Уайымсыз өткен өмір деседі...
5
Ит өмірдің иттігін,
Иттер ғана біледі.
Момын қанын соруды
Биттер ғана біледі...
6
Қол бұлғайды өткен күннен, елесім,
«Кері қайт»,-деп айта ала ма, не десін?
«Тәубе» деймін, «шүкір» деймін Тәңірге,
Бар екен-ау менің де алған белесім.
7
Жетесіздің деңгейіне дейін жетіп,
Келешегін елімнің кейіндетіп,
Қалай жүрсің, апыр-ай, ілесе алмай,
Азаттықтың көшінен кейін кетіп.
8
Менсінбейтін жандар бар дерегімді,
Ешкімге жібермедім керегімді.
Кеуде керіп, көк тіреп жүргендерге,
Білмеймін не берерімді?
9
Бірде жауын-күз болып, бірде жаз боп,
Өткізесің өмірді мүлде мәз боп.
Қалтаменен шектелген ғұмырыңда,
Кейде көп боп жүресің, кейде аз боп...
10
Барады өтіп салқыны қоңыр күздің,
Жұлдыз болып ағады өмір біздің.
Алты Алаштың баласы бас қосатын,
Сәні кетіп бара ма төріміздің?
11
Халық емес ақынын кері ұғатын,
«Сері» деп еркелеткен беріп атын.
Көк пен Жердің арасын шатырлатып,
Келеді Ақсұңқарұлы Серік ақын.
12
Күйкі тірлік, кикілжіңі қоса бар,
Үміт те бар, шуағымен тоса алар.
Шаңырағым шаттықпенен қарсы алар,
Қарсы алады қасиетті босағам.
13
Адалдықпен, еңбекпен мал тапқан тентек,
тентек емес.
Әйелінің артын аңдып, ізін баққан еркек,
еркек емес.
14
Бір үйір қысырақтың байталындай,
Бұрын қайда жүргенсің байқалынбай.
Жүрісіңе болайын, пай-пай, шіркін,
Су төгілмес жорғаның майпаңындай.
15
Керемет еді сонау жастық кезіміз,
Тұратын еді жерге түспей сөзіміз.
Өткір едік, қарағанда тесіліп,
Талайларды құлататын көзіміз.
Сөйткен дәурен зулап өтіп барады...
16
Жетесіздің деңгейіне дейін жетіп,
Келешегін елімнің кейіндетіп,
Қалай жүрсің, апырай, ілесе алмай,
Азаттықтың көшінен кейін кетіп.
17
Өмірдің көріп жүріп бұралаңын,
Қалайша шыдап қана тұра аламын?!
Қазақ айтса, айтқаны қалт кетпеген,
Табарсың қу дүниенің бір амалын.
18
Мінез де бар бойымызда қызбалық,
Шыбыннан да қызымызды қызғандық.
Алай-дүлей аласұрып жүрсекте,
Әдеп заңын, жүрек заңын бұзбадық.
19
Кімдерді кімдер байқап бағалайды?
Марқасқалар ел ішін саралайды.
Тұяғы мұқалмасын деген оймен,
Атты да алдын-ала тағалайды.
20
Жүрегіммен келем жасап , өлмес мәңгі пішінді,
Мен білмеймін кімдер қалай, ойлап оны түсінді.
Көк жиектен толқып туған толық ай,
Абай болып мол жарығын түсірді.
Сол жарықпен туды өлең кестелі,
Бірі үлкен, бірі кіші, тор көз болса кеш мені.
21
Өтініп ең, есікте тұра тұр деп,
Анау-мынау ісіңді қыла тұр деп.
Ал, мен тілекті тілеп тұрмын,
Бұзбаса деп ойымды сұрапыл кеп.
Айтқаннан соң есікте тұра тұрдым,
Анау-мынау ісімді қыла тұрдым.
Таң қалатын пері емес, сайтан екен,
Қорқынышты бет-жүзі сұрапылдың.
22
Кездесіп, құшақтасып, жаласқан ел,
Жақсыға жапырылысып таласқан ел.
Осындай бір жиынды көрдім бүгін,
Қызығып бір-біріне қарасқан ел.
23
Күйкі тірлік, кикілжіңі қоса бар,
Үміт те бар, шуағын төгіп тоса алар.
Шаңырағым шаттыққа бөлеп қарсы алар,
Киелі есік, қасиетті босағам.
24
Жастықтың жалын шақтары,
Жоқ еді ғой қатпары.
Өмірдің алуан жолында,
Болмайтын еді, болмайтын,
Біз алмайтын шатқалы.
25
Кәрі еменнің жанына,
Қыз қайыңды отырғыз.
Сол еменді сүйкеніп,
Қасынады қотыр қыз




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу