Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  90


Автор: Ошақбай Суханберлин

Жас ұстаздарға

Алтын ұя, алтын орда тірегім, -
Деп соғатын болсын сенің жүрегің.
Шәкіртіңді өз жаныңдай сүйе біл,
Орындалар сонда сенің тілегің.
Мүмкін сенің алдыңда жүр секіріп,
Кейбіреуі алып жүрген «екілік».
Ертең солар әйгілі боп шығарын,
Сезініп жүр, қалмау үшін өкініп.
Еңбек жолың енді-енді басталды,
Ұстаз жолы – мәртебелі, асқарлы.
Әрі қиын, әрі қызық, әлемге
Үйрете бер, үйрете бер жастарды.
Біздің мектеп тарихқа бай, ордалы,
Жыр-шежіре жүріп өткен жолдары.
Бағың жанар мол қазынаға кездестің,
Бұл сәттілік – жолың құтты болғаны.
Біздің мектеп – батырлардың мектебі,
Біздің мектеп – ақындардың мектебі.
Біздің мектеп – ғалымдардың мектебі,
Біздің мектеп – бағы бардың мектебі.
Міне осындай, көріп тұрсың мектепті,
Шәкіртіне білім дәнін екпексің.
Жалықпайтын жаны жомарт ұстаз бол,
Еңбегің еш, зая болып кетпесін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу