Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  183


Автор: Ошақбай Суханберлин

Осындай елді хамағаң

Мен білетің Хамаң – ұстаз, ақын еді арқалы,
Жырға бөлеп думандатқан, туған жері Арқаны.
Талай дүние берер шақта, кемелденген жасында,
Базары оның неге ертерек, неге ертерек тарқады?
Қайран ұстаз, Хамит аға, жомарт еді жүрегің,
Шыңдадың сен өлең сүйер шәкірттердің жігерін.
Мен өзіңнен – поэзия бұлағынан нәр алғам,
Шөлдегенде өлең іздеп, өзіңді іздеп жүремін.
Сұлулықты жырлап өттің, аяладың Мағжандай,
Есімізде, айтқан бізге әрбір сөзің маржандай.
Сен сыныпқа кіргеніңде жыр шумағын селдетіп,
Сезінушы ек, Сараны іздеп Біржан келіп қалғандай.
«Алтын сырға ақ қыздардың құлағына», – дейсің де,
Келуші едің күлімсіреп, Кебек батыр кейпінде.
Сезімге бай әрекетің Еңлік сынды арудың,
Нәзіктігін түсіндіріп, барғызбаушы ең бейпілге.
Қозы-Көрпеш Баян сұлу, Қалқаман мен Мамырды,
Жатқа айтып тұрушы едің, дауысыңмен жағымды.
Сонда мен де бой алдырып кетуші едім елітіп,
Арман етіп, ақын болып сынасам деп бағымды.
Мен қалайша ұмытамын өзің берген тәлімді,
Әлі күнге мен өзіңмен өрнектеймін әнімді.
Тылсым сырын, құйқылжыған сиқыры бар өлеңнің,
Құдіретімен күмбез салып келтіремін сәнімді.
Әрбір сөзі Хамағаның көкіректе жатталып,
Қала берді есімізде, жүректерде сақталып.
Үлгі тұтар ұстазымның бергені де көп еді,
Содан бері бәрімізде өлең жаздық бапталып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу