Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  128


Автор: Ошақбай Суханберлин

Қарағым қай адамның бақытысың?

Алуан түрлі ойға кетіп қамалдым,
Шыға алмадым, бәрін ойлап амалдың.
Махаббат деген отқа күйіп жатырмын,
Бір керемет сиқырынан Жамалдың.
Жамал дейді, атың қандай сүйкімді,
Қайран жүрек бастап кетті бір күйді.
«Ерке сылқым», «Қос алқа» ма, әлде не,
Түйдегімен суырылып жүйткиді.
Көріп жүрміз көңілге хош қонатын,
Хас сұлулар өзіңдей-ақ болатын.
Аңсайсың-ау Сарыарқаның самалын,
Ыстық лебі, жібек майда соғатын.
Сендей болар асылдары адамның,
Кім жеткізер кереметін бағаңның.
Арай жүзің еске салып жастығын,
Қозғау салды жүрегіне ағаңның.
Пәс жүректі қойдың қалқам ойнатып,
Алаңдатып, алаулатып, ойлатып.
Қай жігіттің бақытына жаралып,
Қоярсың кімді шаттандырып, тойлатып?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу