Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  540


Автор: Ошақбай Суханберлин

Әріптес қарындастарыма

Біріңді түртіп, қалжыңдап отыратын,
Дүбірлерге бүйірден қосылатын.
Естеріңде жүрер-ау, ағаларың,
Өлең болып жүректен оқылатын.
Сендерді жаным жақынымдай көремін,
Сендермен бірге өмір сүріп келемін.
Күлсеңдер күліп, өмірдің сәнін келтіріп,
Нәрін де соның, бәрін де соның,
Сендерге ғана беремін.
Сендерсіз күнім, сендерсіз өмір өмір ме,
Сендерсіңдер қимайтын жанды өлімге.
Жандарың қандай жайраңдаған жақсы еді,
Дәріден артық демеу берген көңілге.
–Халіңіз қалай аға? – деп келіп тұратын,
Сендерсіңдер арқа сүйер қуатым.
Барымды беріп, өссе екен деп тілейтін,
Сендерсіңдер мақсатым да, мұратым.
– Халіңіз қалай, жүдеп қалған жоқсыз ба?
Дененіз қалай, отсыз ба, әлде, шоқсыз ба?
Бізді көріп ескі әдетпен әлі де,
Көздің қырын саласыз ба, дос қызға?
Деп қалжыңдап келесі бір келгенде,
Әзілдерің бойыма қуат бергенде,
Ауруым кетіп, тұрғым келіп кетеді,
Өздеріңді сағынып енді көргенде.
Сендерсіңдер жасап өмір жайсаңын,
Шуаққа бөлеп ағалардың ай, таңын.
Еліміздің айнасы боп жүріңдер, –
Тілегім сол – шын жүректен айтамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу