Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  97


Автор: Ошақбай Суханберлин

Ермекбайға

Асыл бауыр, ағам едің туғандай,
Шалғайға кеттің сені біреу қуғандай.
Ішкен су, жұтқан ауа дерт болған соң,
Қалмады ешкім бұл фәниде уланбай.
Шалғайда жүрдің байлықтың басын құра алмай,
Мойныңды бір ел жаққа да бұра алмай.
Енді міне, біз болып саған жеткенде,
Отырдың ғой бұрынғыдай тұра алмай.
Болып ең сері, болып ең жігіт арланы,
Болып ең талай бикештердің арманы.
Енді бүгін сені көріп жүдедік,
Қайыстырды жағыңның солып қалғаны.
Жүруші ең бізге ақылшы боп үйретіп,
Қысылғанда қол үшін беріп сүйретіп.
Бізбен бірге әлі де болса жүрші елге,
Осында қалып, кетпеші бізді күйзелтіп.
Олай-бұлай болып кетсең егерде,
Жер түбіне жақындарың келер ме?
Ойлашы өзің кімің бар сенің бұл жақта,
Біреу саған Құран шалып берер ме?
Денің сау ғой, әзір әлің барында,
Мынау күйің әлде сорың, бағыңба?
Ел ортасы- ауыл жаққа таянсаң,
Болар еді бәрі сенің жаныңда.
Ойланшы бір, ойланшы бір тағы да.
Енді саған жұмыс серік болмайды,
Өкініштің орны ешбір толмайды.
Сен бұл жақта мың жыл сұлтан болсаңда,
Туғаныңдай, достарыңдай болмайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу