Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  83


Автор: Ошақбай Суханберлин

Тығырық

Кімге жетер ғашық жанның зарлы үні,
Жарылқайтын Тәңір бар ма жарлыны?
Мені көрмей алыстардан қыз алды,
Өзім сүйген жігіттердің барлығы.
Құрбыларым сырғып-сырғып кетті де,
Солар қалай, әлде ширақ, епті ме?
Жұртта қалған жалғыз қаздай сезінем,
Мені тағдыр маңдайымнан тепті ме?
Көктем сайын ғашық болып жүремін,
Тілім-тілім болып кетті жүрегім.
Ескі достар: «сен қалайсың?», – дегенде,
Үнсіз кетіп, жылаймын да, күлемін...
Солай жүріп күз келеді өзгеріп,
Мен де жүрем алуан түрлі сөзге еріп.
Неге маған кездеспейді Арманым,
Неге мені әкетпейді өңгеріп?
Мен бақытты іздеп едім өткеннен,
Мен бақытты іздеп келем көктемнен.
Күз келгенде отырамын омалып,
Қыс келгенде қалып жүрмін тоналып.
Бақыт қайда?..
Кездесе ме көз жасымды төккенмен?
Арман қуып, бір қиялға беріліп,
Жолдан бала тауып алсам телініп,
Өмірімді соған арнап, құрбан ғып,
Тілер едім оған бақыт, серілік.
Ондай күнге жетсем оны жебеймін,
Бәрі болар не киемін, не жеймін.
Бірақ оның тілі шығып, ержетіп,
«Әкем қайда?», – десе сонда не деймін?
Қиындықсыз бір баланы бағам да,
Содан шуақ аз да болса алам да.
Ержеткен соң өз бетімен кетер ол,
Сонда жұртта жалғызсырап қалам ба?
О, дүние! Ондай күнге жеткізбе,
Болмас оймен пендешілік еткізбе.
Мен бақытсыз болсам болып қалайын,
Жүректегі пәктігімді кеткізбе.
Осылайша жаным менің – тығырық,
Бірде тұрам, бірде қалам жығылып.
Қу тіземді құшып жалғыз өтем бе,
Басқалардың бақытына қызығып?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу