Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  83


Автор: Ошақбай Суханберлин

Ауыл қартының бір мұңы

І
Ұясына ұлдарын,
Қиясына қыздарын,
Қондырып орны-орнына,
Өткізген еді жылдарын.
Қалған еді әлденіп,
Толған еді бар кемік.
Кемпірі де бой жазып,
Кеткен еді сәнденіп.
Келіндерді жөн көріп,
Біраз жүрді жөнделіп.
Сөйтіп жүріп кемпірі,
Ауырмастан қалды өліп...
ІІ
Содан өмір өзгеріп,
Нарық деген кез келіп,
Ауылда кәсіп жабылып,
Жастар қалды сенделіп.
Кеткен жоқ олар қуылып,
Туған жерден суынып.
Келді бірақ, шешімге
Белді бекем буынып.
Молшылыққа жетем деп,
Жұмыс болар ма екен деп,
Балалар көшіп қалаға,
Қалды сонда мекендеп.
Қарт толғанды, күрсінді,
Кемпірсіз қалай өтем деп.
Құлазып қалды көңілі,
Қалай болар екен деп.
Балалары ойланып,
Мақсаттарын қойды анық:
– Қолымызға көшіп кел,
Осыны көрші ойға алып.
Әкесі бұған көнбеді,
Елді тастау жөн бе еді?
«Сүйретпеймін басымды,
Өз үйімнің төрдегі».
– Басыңды әке, көтер, – деп,
Бейнетің енді жетер, – деп,
Қалаға келіп отыршы,
Уайымың сонда кетер, – деп.
ІІІ
Қамын ойлап баланың,
Қалаға келді. Қаланың
Көндікпей жүр заңына
Қайран қарты Даланың.
Жоқ екен мұнда ар құны,
Көп екен іштің тарлығы.
Жең ұшынан жалғасқан,
Дүниенің барлығы.
Ал балалар сауданың,
Меңгеріп жүр аумағын.
Ілезде сіңіп қаланың,
Құлпыртып жүр бау-бағын.
ІҮ
Сөйтіп менің қарттарым,
Өмірдің сүйреп батпанын,
Сезеді мынау ғұмырдың,
Өтіп бара жатқанын.
Таңның қалай атқанын,
Күннің қалай батқанын,
Балконда тұрып байқайды,
Айнала не боп жатқанын.
Бар екен мұнда бәрі де,
Шекері де, дәрі де.
Балалар әкеп тастайды,
Жейтіндерін кәріге.
Келіндері жарады,
Қабағына қарады.
-Немереңді ойнат, -деп,
Өздері кетіп қалады.
Ойнатумен баланы,
Жазар бір сәт жараны.
Бәрібір жүрек сыздайды,
Сағынып сайын даланы..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу