Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  90


Автор: Ошақбай Суханберлин

Рухын тыңда Қасымның

Мен дауылмын!
Пәк дүниеге кектенбеймін.
Құзғындар! Фашистен өткен,
Сендерге келсем тек келмеймін.
Мен дауылмын!
Сақтан дүние! Сатылған малғұндарға!
Қайтарармын, ұлтымның
кетіп қалған байлығын азғындарға.
Мен дауылмын!
Тектен тек өлді деме.
Кием менің жоғары,
Мына жындар ойымды бөлді неге?
Қара тобыр ие болған есуастар,
Қалайша биіктеткен «нөлді» неге?
Мен дауылмын!
Соғармын,
соққылармын дүниені дүрліктіріп.
Ұшырам, құдай болып,
жүргендердің шатырларын.
Қорқаулардың басына сатырлармын.
Мен дауылмын!
Мұхиттарды құтыртам, аспандатам толқынын.
Кеудесін жыртып,
ашамын қорқаулардың қолтығын.
Оян жұртым,
менің даусым бір сәтте саңқ еткенде,
жүрсің ғой шошып, онсызда,
Итің де шошып қаңқ еткенде.
Шошытармын, тәубеңді келтірермін.
Білемін, менің де топырағымнан,
жылым құрттар шығып есіргенін.
Қапысын тауып, ардаларды
түзу жолдан кетіргенін.
Қырандар қонар құздарға барып жетілгенін.
Киелі аймақта ойран салып, секіргенін.
Өкпемді айтам жұртым-ау,
көзім бір күн қарайғасын.
Келер әлі, менен де өткір «талай Қасым»
Есер боп өсер ұрпаққа,
атымды менің қоймаңдар,
Атымды менің жамылып жүр талай Қасым.
Мың Қасым бар, бір Қасымдай бола алмайды,
Мың Қасыммен бос орын тола алмайды.
Туса туар бір Қасым, бірақ мендей бола алмайды,
Менің тегім, менің кием біреуге қона алмайды.
Атымды менің жамылып «Қасым» болып жүргендер,
Әруақты басынып, басым болып жүргендер,
Келер бір күн, болған зауал, кетпес ізсіз дүниеден,
Сонда сендер, сандарыңды соғып қалып жүрмеңдер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу