Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  78


Автор: Ошақбай Суханберлин

Қор болған тілім

Орысша оқып, балаң өсіп, жанып тұрған от болса,
Бизнес қуған, мәдениетті, ас қазаны тоқ болса,
Бұл байлықтың пайдасы не, азаматқа есейген
Анасымен сөйлесуге қазақшасы жоқ болса.
Атасы жүр ақыл айтып немересі өскенше,
Тілеуін тілеп, өз күнімен адам болып кеткенше
Сол шіркіндер мансұқ етсе туған ана тіліңді
Одан өткен қайғы бар ма жер бесікке жеткенше.
«Внучканың» әжесінен бұл күндері қайрат жоқ,
Келіндердің қабағында қасарысқан айбат көп,
Әкесіне ілтипатпен айтар болсаң бірдеңе
Дейді шіркін: бергеніңді «ана жаққа» айдап кет.
Дейді тағы: көргенің аз, заман заңын оқи бер,
Қарап қойып «көкеңе» де бар-жоғыңды көки бер!
Өз тілімен пайда тапқан қазағыңды көрдің бе,
Бұл да саған керек болар көкейіңе тоқи бер!
О, Жасаған, сөз айта алмай, қалдым солай тосылып.
Бір ой келді... Ол ойымнан кеттім өзім шошынып,
Дегенменен ел билеуге мәңгүрт келсе... апырай…
Быт-шыт болып кетеміз бе, көшеміз бе жосылып.
Өткен ғасыр жан-дүниенің өзгеруін тездетті,
Қалпына оны келтіретін, о Құдірет, кез жетті.
Бірақ біздің аңғал қазақ тәуелсіздік алғанмен,
Өз тілінде сөйлей алмай қалатынын сезбепті.
«Жаңа қазақ» үзіліп жүр тамырынан бабаның,
Жатқа шашып бар байлығын байтақ Ұлы Даланың.
Өзге тілмен мансап қуып, кеуде соғып жүргенше,
Сені баққан ақ сүтімен, тілін сақта Ананың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу