Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  129


Автор: Ошақбай Суханберлин

Соғысқа кеткен ағаның хаты

Ағалар кеткен майданға,
Соғыстың ауыр кезеңі.
Үй мен үйдің арасын,
Суық жел ғана кезеді.
Осындай күннің бірінде,
Хабар жетті қаралы.
Ағаның бұл хабары,
Ұлғайтып кетті жараны.
Азан да қазан, ит ұлып,
Жылап тұрды ауылым.
Әжелер, апа, жеңгелер,
Жоқтап жатты бауырын.
Қаралы хаттың ішінде,
Маржандай боп жазылған,
Қоштасу әні бар екен,
Көз жасын көлдей ағызған:
«Қош құлыным! Бесікте сен қаласың,
Қан майданға қарсы туған баласың.
Сілкіндірді шырылдаған даусың,
Европа мен Азияның арасын.
Қош құлыным, құлыншағым, қош жаным,
Осы ма еді мен Тәңірден тосқаным?
Сен бесікте, күлкіңді де көре алмай,
Кетіп барам, мен арманда, қос бағым.
Қош құлыным, ботақаным, бөбегім,
Құлағыңа жетер ме екен өлеңім?
Тәңір жазса, ата жаумен шайқасып,
Гитлерді өз көрінде көмемін.
Болар алда қандай заман, айта алман,
Келдім жерге отқа оранып шайқалған,
Ажал жауып, өлім сеуіп тұрса да,
Хас жауымның көзін жоймай қайта алман.
Аман-есен елге оралсам құлыным,
Көзін құртып, жаудың үзіп жұлынын.
Ержете бер, жақсы өмір сүрерміз,
Дәмін татып бейбіт өмір нұрының».
Соғыстан аға қайтпады,
Артында қалды жесірі.
Өмір мен үміт үзілмей,
Тербеліп жатты бесігі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу