Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  110


Автор: Сергей Есенин

Қайманаға дей алмаймын кенде өмір...

Қайманаға дей алмаймын кенде өмір,
Қарашығын қараңғыға ұрлатқан.
Уақыттың құрбанымын мен де бір,
Қара жерде,
Ұршықтайын зыр қаққан.
Сенімен де сүйісемін оп-оңай,
Өліп-өшіп,
Ғашық болып қалғандай.
Ағыл-тегіл ақтарылам, о, тоба-ай,
Махаббатқа машықтанып алғандай.
«Сүйем», «күйем», «өртенемін»,
«жанамын»...
Арғы жағы – ақшыл мұнар, бозғыл түн...
Құрақ ұшу, құлдық ұру – амалым,
Құр құмарлық – көңіл қошым, көз құртым.
Білем, сезем, не десем де – дайынсың.
Қалауымнан қалай кетем безіп мен?
Сен мен үшін бар болғаны – қайыңсың
Қапелімде қарсы алдымнан кезіккен.
Мен бір жанмын жоқ іздеген арманда,
Бұл фәниде бар ма, жоқ па адамым?..
Адалмын деп қарғандың не, қарғанба,
Қызғанудан, қызығудан адамын!
...Қайманаға дей алмаймын кенде өмір,
Қарашығын қараңғыға ұрлатқан.
Уақыттың құрбанымын мен де бір,
Қара жерде,
Ұршықтайын зыр қаққан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу