Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  103


Автор: Сергей Есенин

Жазылуға айналғалы жан дертім...

Жазылуға айналғалы жан дертім,
Құрбан болып кеткелі тұр әнге еркім.
Аймалашы,
Теңіз жақтан ескен леп,
Ешбір жерде мұндай ғұмыр кешкем жоқ!
Әнге елтіп,
Иіледі гүл біткен.
Мұндай сәтті, құдайым-ау, кім күткен?!
Аймалашы, теңіз жақтан ескен леп,
Ешбір жерде мұндай ләззат кешкем жоқ...
Байқап тұрсам,
Бала сынды қылығым.
Ақын, Бала – анығында бір ұғым.
Аймалашы, теңіз жақтан ескен леп,
Ешбір жерде мұндай рақат кешкем жоқ!
Жаным, Гелия, –
Ашылатын таң сәрі,
Өзіңе ұқсас өмір гүлі қанша әлі...
Соның бәрі елжірер де емінер,
Тек біреуі көзге ыстық көрінер.
Толқып, шалқып тұрған шақта мына аймақ,
Сенің де еркем, гүл ашқаның ұнайды-ақ.
Аймалашы, теңіз жақтан ескен леп,
Ешбір жерде мұндай ғұмыр кешкем жоқ!
Жәннат өлке жайып салса сән, көркін,
Қалай ғана жазылмайды жан дертің?!
Әнмен әсем тапқаннан соң үйлесім,
Басы айналып,
Жия алмай тұр гүл де есін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу