Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  98


Автор: Сергей Есенин

Хорасанда есіктер бар жабулы....

Хорасанда есіктер бар жабулы,
Ауласында алуан түрлі гүл өскен.
Жаратқанға жалдасаң да жаныңды,
Көре алмайсың ішіндегі аруды,
Күндіз-түні шықпайтұғын түк естен.
Айдарыңнан тұрса-дағы жел есіп,
Басың алтын, шашың күміс болса да,
Тағдырыңмен неғыласың егесіп?
Оңайлықпен ашылмайды ол есік,
Ашамын деп ойласаң да қаншама.
Кімге керек дәрменің мен пәрменің?
Қыз жүрегін ала алмайсың күшпенен.
Мен Шагаға жете алмайтын халдемін,
Қаншама рет десем-дағы ішке енем,
Жайымды ол ұғар емес қамкөңіл.
Қайта оралар күн таялды Руське,
Сені кімге қиып кетем, Парсы елі?
Кірісер ме ем тәуекел деп бір іске,
Махаббаттың жолы, әттең, жіңішке,
Тамыр бойлап тарағанмен нәр, сөлі.
Қош, Перизат!
Қоштасатын сәт дайын,
Есігіңді ашпасаң да, кешіргем.
Тәтті үміт пен сыйға тарттың тәтті
уайым,
Сол үшін де шығармаспын есімнен...
Қош, Перизат!
Қоштасатын сәт дайын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу