Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  117


Автор: Сергей Есенин

Жапыраққа жаудай тиіп күз лебі...

Жапыраққа жаудай тиіп күз лебі,
Жас қайыңның әні үзілді, сәні ұшты.
Тырау-тырау тырналардың тізбегі
Алқа түзіп, бетке алысты алысты.
Жыладың не,
Қуандың не,
Күлдің не,
Бәрі өткінші!
Өкінетін түк те жоқ!
Көзіңді ашып-жұмғаныңша бір күнде
Жаздың өңін күздің күні үптемек.
Жалаңқайда жалғыз өзім тұрмын мен,
Жасыл жұмақ көзден бал-бұл ұшады.
Жабығу ма, неге екенін кім білген,
Жан жарамды сыздатпайды құс әні.
Ешнәрсе жоқ ойымда, жоқ уайым да,
Түбі шикі тірлікке де жоқ тәбет.
Жапырақтар жанып жатыр...
Бойында
Қызу да жоқ,
Жалын да жоқ
От та жоқ.
Өкінбеймін, Шақырмаймын, Жыламан ...
Қыз ілеспей, күз ілесті ізімнен,
Қайтқан құстан есіттірмей өзге үнді.
Жапырақтай жас қайыңнан үзілген
Сезім мұңлы,
Көзім мұңлы,
Сөз мұңлы...
Қыз болмаса,
Қалтарысын жанымның
Кімге айтамын күбірлеп те сыбырлап?
Күз болмаса,
Тал түсінде Тәңірдің
Бақтың сәнін кім тонайды, кім ұрлап?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу