Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  107


Автор: Сергей Есенин

Ғұмырымның ғұрпын, тұрқын ұғар кім...

Ғұмырымның ғұрпын, тұрқын ұғар кім,
Мәңгіліктің мекеніне жөнерде.
Мен де, бәлкім, жиналатын шығармын
Мазалы да мамыражай сол елге.
Қайыңды өлкем,
Жан жазирам,
Айдыным..,
Өзіңде алғаш талбесігім тербелді.
Осы ма екен, құдайым-ай, қайғы, мұң –
Қалай қиып кете барам сендерді?
Ертелі-кеш, етек-жеңін жел керген,
Тағдырымның аз таттым-ау балын мен.
Көлді де анау, талды да анау тербелген
Тым елжіреп сүйеді екем жаныммен.
Өзімді-өзім таразылап оңаша,
Өткен күнді неғылайын қаралап, –
Бәрі бірдей болмағанмен тамаша,
Аз ба, көп пе, өмір кештім, қанағат.
Қыз-қырқынның ішіне еркін енсем де,
Өзегімді жалап жатты өрт пен дерт.
Мейлі, өзің біл – сенбесең де, сенсең де,
Кісі түгіл мысық мұртын шерткем жоқ.
Күзбен солып,
Көктеммен бір гүлдеймін,
Осы ма, әлде өмір деген құрғырың?!
Қорқыныш па, толқыныс па, білмеймін,
Өн бойымды жайлап алды бір діріл...
Мен білемін –
Әлгі мекен, әлгі елде
Өз күнім жоқ, өз мұңым жоқ, өз Айым...
Сондықтан да жерде жүрген әр пенде
Маған жұмбақ, маған қымбат, көзайым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу