Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  148


Автор: Сергей Есенин

Шаршамап ем бұрын-соңды дәл мұндай....

Шаршамап ем бұрын-соңды дәл мұндай,
Құдайым-ау, қандай күйге түскенмін?
Қайдағы ой тәтті ұйқымды қандырмай,
Қақап тұрған қарлы ақпанда түс көрдім.
Жарық күннің жамау-жасқау астары –
Жарым түнде кімдер мүлгіп-қалғымас.
Түсіме енді Рязаньнның аспаны
Және... өмірім – жадау, жарлы, қаңғыбас.
Қаншама әйел өліп-талды мен үшін,
Мен қаншасын сүйдім, құштым, ұмыттым.
Өрге емес, көрге сүйреп өрісім,
Қу шарапқа құлдық ұрдым, құнықтым.
Ұзын өңеш, қызыл өңеш қырт қой деп
Бетін басып безіп кетті Күн түнге.
Екі көзді құмырсқа мен құрт кеулеп,
Езуімнен қашып кетті күлкім де.
Жұбатпайды жеңіл-желпі жеңісім,
Айта алмаймын алаяқты дос деп те.
Жирен шашым – қайран, алтын кенішім
Аяқасты айналды бір бөстекке.
Бөстім, кештім қызықты да қиынды,
Қанша құйын қаңбақтайын үйірді!..
Кеткен күн де шірітпейді миымды,
Келген күн де жылытпайды бүйірді.
Көзбен атып көңілімді бейкүнә
Әлдебіреу ту сыртымнан баққандай.
Өлген жанның кебіні мен кейпіне
Күннен-күнге ынтызарым артқандай.
Тірі жанға ертелі-кеш бір өлім,
Маған таңсық болмай қалды тар пана.
Күні-түні жортамын да жүремін
Тағдыр жүгін салып алып арқама.
Өмір менен,
Мен өмірден құтылмай,
Жалғыз жанның жиылмайды-ау төсегі.
Тек жадымда қала берер мұтылмай
Туған ауыл, өскен өңір кешегі.
Мейлі, күрсін,
Мейлі, аһыла-үһіле,
Қапелімде жаның қалай жай табар?
Тоты, Торғай...түнде өксіген Үкіге
Ей, пірадар, бізден сәлем айта бар!..
Мейлі, мейлі, етегімнен жел гуле,
Мейлі, мейлі, балақтан ит тартқыла!
Бара алмаймын,
Оралмаймын енді үйге,
Жаяу қалай ере алмақшы аттыға?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу