Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  123


Автор: Балуан Шолақ

Атадан ұл тумайды...

Атадан ұл тумайды мендей сабаз!
Түрмеде жатыр екен өңкей маңғаз.
Алты күн ақ түрмеге қамалған соң,
Түсірді мировойдан1 маған қағаз.
Ақылым бір басыма емес арзан,
Тауалым шағылған жоқ бұл қағаздан.


Қағаздың мен түріне қарап тұрсам,
Жеті жыл каторгаға мені жазған.
Мировой айдайтынын жаңа білдім,
Ішімнен шығарар деп ойлап жүрдім.
Айдайды деген хабар естіген соң,
Қажымас өзіме өзім қайрат бердім.
Бозбала, мықты болсаң қасты жемір,
Тісіңде қайрат болса, тасты кемір.
Жүрегі қамалғанның шайқалсын деп,
Сегіз көз қабат қылып қаққан темір.
Мен Шолақ осындай да көрдім жайды,
Туғалы көрдім бе мен осындайды?
Темірді тіземе сап қозғап көрсем,
Секілді қоғажайдай былқылдайды.
Бойыма күш біткенге еттім шүкір,
Қажысам абақтыға, бетке түкір.
Темірін екі итеріп тартқанымда,
Кірпіші жерге түсті күтір-күтір.
Асты ғой бұл арада менің айлам,
Құрғаным бала жастан бəрі сайран.
Япырым-ай, бұл не қылған зор дажал деп,
Сол жерде орыс, қазақ болды қайран.
Жігітпін тəңірі басқа жаққан шырақ,
Күшіме не тұрады менің шыдап!
Аяқ пен қолымдағы бұғаулардың
Шынжырын сол арада үздім бұрап.
Түрмені бұзғанымды етті ғажап,
Пендеге өзім өлмей болман мазақ.
Қиратып «терезеден шық» дегенде,
Шықпады қорғалақтап орыс-қазақ.
Сұрасаң, Қотыр-Шортан – біздің болыс,
Алты күн ақ түрмеде қылдым қоныс.


Қарғып кеп терезеден қақпа барсам,
Күзетші қалғып отыр екі орыс.
Қасқиып қалғығанға күліп тұрдым,
Оларға күш жетерін біліп тұрдым.
Екеуін екі қойып талдырдым да,
Ілгері одан əрі жүріп бердім.
Тəуекел алсын ерді панасына,
Ақылдың қараңдаршы данасына.
Қалдырып кетем бе деп Ақбоз атты,
Мировой келіп кірдім қорасына...
Ақбоз ат білінбейді біздің сорға,
Жануар түстің бе əлде, жайған торға!
Есігін конюшнаның1 бұзып кіріп,
Шығардым бірі – рысак2, бірі – жорға.
Ашумен еріндерім күбірледі,
Тыңдаймын, басқа дыбыс білінбеді.
Бір қақпа қара тастан жымдасып тұр,
Ішінде бір зор қабан күрілдейді.
Ойласам мына дүние жалған екен,
Іздеген мақсатына барған екен.
Ақбоз ат келгенімді менің біліп,
Аузына шойын кілтті салған екен.
Оңдалған бала жастан менің жолым,
Білмедім дүниенің оңын-солын.
Бойыма осы күшім қалай сыйған,
Кілтті жұлып алды шолақ қолым.
Ақбоз ат алған атым топтан сайлап,
Көп дұшпан соңға түсті одағайлап.
Есігін тас сарайдың бұзып кірсем,
Ішіне қойған екен панар байлап.


Ақбоз ат, айналайын менің қалқам!
Сен үшін талай тасты қылдым талқан.
Жетектеп шылбырынан шығарғанда,
Аяғын басты атым алшаң-алшаң.
Жылқыны неге керек босқа мақтап,
Атты айт, мінген ерін жүрген сақтап.
Тоғыз жыл топқа мінген жануарым,
Иегін салды иығыма екі жақтап.
Ақбоз ат, бұл өнерің болды басым,
Домалар өрге қарай тепкен тасым.
Жасыңнан тіл үйренген тұлпарым-ай!
Көзімнің тыя алмадым аққан жасын.
Атадан ұл тумайды мендей сабаз,
Түрмеде қалды шіркін талай маңғаз.
Мировой қорлығына шыдай алмай,
Түбіне панарының жаздым қағаз:
«Түрмеде алты күндей болдым қонақ,
Сөйлеуге мизамыңды1 тілім олақ.
Жорға, рысак, Ақбозды алып кеткен,
Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу