👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  43


Автор: Жамбыл Жабаев

КӨРҰҒЫЛЫ

Домбыраны қолға алып,
Ойланып қатты толғанып,
Тыңдауға халық келгенде,
Көрұғылыны қозғалық.
Сөз шумақтап оралып,
Бір сөзден бір сөз таралып,
Желді күнгі жалындай,
Сөзім бір кетсе қозданып!
Ажалдан қорықпай түйілер,
Аспандап қыран шарласа.
Ақын қорықпай шүйілер,
Тілдің бізін арнаса.
Зымырап жүйрік жүгірер,
Аяқтан біреу шалмаса,
Жау десе батыр киінер,
Тоқталмас кегін алмаса,
Ел елдігі бола ма,
Ерлермен жауға бармаса!
Тұтастығы бұзылмас,
Өз жерін жаудан қорғаса!
Ағаш қалар қуарып,
Жапырақ, тамыр болмаса!
Теңіздер қалар суалып,
Құятын өзен болмаса!
Өзен де ағар күшейіп,
Бастау – бұлақ қолдаса!
Жамбыл да кетер қалықтап,
Халықтың күші қозғалса.
Болат құнын жоймайды,
Тат басып, сынып тозбаса!
Тот басқаны тозғаны –



Бəйгеде тарлан озбаса!
Кейін тартпас, келген жас,
Жолды ілгері созбаса.
Айғайласа екпіндеп,
Жол бастаған тарланың,
Артта қалды көп күндер,
Игілікке арнадым.
Туғаннан бері аралап,
Талай жерді шарладым.
Кəрілікті сылтау қып,
Жасымадым, қалмадым.
Ел билеген хандардың,
Адамнан шыққан жыртқыштың,
Кездестірдім алуанын.
Халықты тілмен қорғадым,
Сөз шындыққа келгенде,
Бас кессе де болмадым!
Сөз шындыққа жеткенше,
Өткір сөзбен торладым,
Өткізбедім шындыққа,
Шариғатын молданың.
Өтірікке сатылып,
Талай көрдім барғанын.
Қорқытып əкім ақырса,
Пара алып, молда шатылса,
Алакөз байлар мал үшін,
Көргенін айтпай жасырса,
Алыпсатар саудагер,
Қулығын алдап асырса,
Дұрыстық қайдан табылар?
Нахақтан барып дараға,
Сорлы кедей асылса.
Жарлығын хан кешу жоқ,
Бас ұрып халық зарласа,
Сөзіңді ешкім сөйлемес,



Тойғанынша алмаса.
Алдау, зорлық, өтірік,
Біреуге біреу нанбаса:
Тамақ үшін сатылған,
Ұлықта ар қалмаса.
Айтқанменен жалынып,
Арызыңды алмаса.
Алатұғын қақынан,
Асырып пара қармаса.
Ауға түскен балықтай,
Шыға алмайсың бұлқынып,
Əділеттік болмаса.
Күннің көзін жасырар,
Аспанды бұлт шарласа.
Елдің бағы ашылар,
Əділеттік орнаса.
Баланы жақсы өсірмес,
Бұзықтық шырмап торласа.
Қасиет болмас халықта,
Басқарушы қорласа.
Малдай айдап адамды,
Орынсыз күштеп зорласа.
Жау басынар халықты,
Басқарушы оңбаса.
Өркөкірек наданға,
Айтқан ақыл қонбаса.
Надандықтың белгісі –
Бет келгенде берілер.
Қожа болып сыртыңнан,
Орынсыз бөсіп, елірер.
Өзінен өзі мақтанып,
Буға пісіп семірер.
Білгіш, жүйрік өзі боп,
Оңашада көрінер.
Кердең басып аяғын,



Жыртыла жаздап керілер.
Өсек айтар ел кезіп,
Еңбек десе ерінер.
Ойламай орғып сөйлейді,
«Білетін бəрін мен» – дейді.
«Ақылым – арна таусылмас,
Білімім – шалқар көл» – дейді.
«Өзімнен артық адам жоқ,
Аузымнан шықса жөн», – дейді.
Оңбайтұғын өр кеуде,
Дұрыс айтсаң көнбейді.
Мастандырса мақтаумен,
Қас дұшпанын көрмейді.
Ақыл айтқан досына,
«Аулақ» деп қолын сермейді.
Жүрген жерін бүлдіріп,
Халыққа тыныштық бермейді.
Біреу мақтап қайраса,
Орынсыз іске айдаса,
«Жанашырым сен» дейді.
Ұятқа барып ұрынар,
Тұмсығы қанап жығылар,
Ойына да келмейді,
Өткен күнді еске алып,
Өзіне есеп бермейді.
Аңғал сорлы алақтап,
Босқа шауып далақтап,
Жексұрын болып халыққа,
Қанжілік болып терлейді.
Айтып өсек-өтірік,
Қасиетін кетіріп,
Жүргенін өзі көрмейді.
Түсінбей сондай надандар,
Өтті қилы замандар.



Жаны ашитын нашарға,
Туғанша əділ адамдар!
Жетім менен жесірді,
Тонап алып кей зұлым,
Мықтымын деп есірді.
Жері мен малын тартып ап,
Қонысынан көшірді.
Нашардың берген арызы,
Қашан дұрыс шешілді?!
Қырғындатып қиратып,
Тіршілігін өшірді.
Халыққа азап шектірген,
Сол заманның хандары.
Қанішер жəне зорлықшыл,
Сол хандардың заңдары.
Басына ажал төнгенде,
Азапты қатты көргенде,
Халық сонда аңғарды.
Ханның бірі Бозайхан,
Одан да халық зарлады.
Ешбір ханнан əділдік,
Халыққа үлгі қалмады.
Өз қамы үшін соғысып,
Жердің бетін қандады.
Бұрынғы бір заманда,
Сұлтан өткен Көрұғылы.
Көрден шығып ол бала –
Атанып кетті Көрұлы.
Біраз сөйлеп берейін,
Көрұғылыны халыққа.
Əшкереле, қызыл тіл,
Өткен істі жарыққа.
Ашыла сөйле, көмейім,
Айтар сөзді анықта.



Желіп мен де жөнейін,
Келген кезде шабытқа.
Үстем болсын мерейім,
Он саусағым талықпа.
Қалыспай сөйле домбырам,
Жамбыл сөйлеп кеткенде.
Деп қалмасын кейбіреу,
Кəрілік бұған жеткен бе?
Сыр бере қоймас Жамбыл да,
Жас ортаға жеткенде
Ұзаққа Жамбыл сілтеді.
Өлеңнен алып көкпары
Айт дегенде айтпасам,
Болармын елге өкпелі.
Meні де халық сыйламас,
Ел қадірін көрмесем.
Сараң ақын демей ме,
Сөз қолқасын бермесем.
Еңбегім жанар түбінде,
Ел үшін шаршап терлесем.
Бозайхан атты ер өтті
Құлашын кең сермеген.
Жеңілуді білмеген,
Қан майданда – ұрыста.
Қарсыласып келгенде,
Ешкім де төтеп бермеген.
Өзінен басқа хандарды
Хандық еткен жандарды,
Өмірінде сүймеген.
Жер бетінде халықтың,
Күн астында жарықтың,
«Билесем бəрін мен» деген.
Қан көрмесе жеті күн,
Ел шаппаса екі күн,
Құмартып қанға шөлдеген.



Алтынды алмас белінде,
Əмір етіп еліне,
Даңқын естіп Бозайхан,
Баспаған адам жеріне.
Қабағына қар қатқан,
Кірпігіне мұз қатқан.
Жорыққа шығып əскермен
Күні жоқ ханның жай жатқан.
Найзасы алтын шашақты,
Жорық жасап жан-жақты,
Жауды қырып жайратты,
Малын тонап айдатты,
Қырғын соғыс астында,
Шабынды көріп ел жатты.
Бозайханның жорығын,
Көп еді хандар күндеген.
Бозайхан шықса ақырып,
Əскерін жиса, шақырып,
Жер бетінде бір адам,
Езу тартып күлмеген.
Жорық жасап Бозайхан,
Судай ақты қызыл қан.
Жазықсыз елді қырғындап,
Нахақтан кетті талай жан.
Малын шауып алған соң,
Мекенін елдің өртеді.
Ханнан қорлық ел көрді,
Демесін біреу ертегі.
Міне, осындай əңгіме,
Елестетер ертені.
Хандар билеп қаланы,
Ұшан теңіз даланы.
Хан билеген халықтар,
Қайғылы жəне азалы.
Айға шапқан арыстан,



Ерегісіп алыстан,
Ашулы жəне ызалы.
Аш-жалаңаш күйзелген,
Хан аямас қараны.
Ханнан қайғы тартқан ол –
Жүректері жаралы.
Хандар ашу шақырса,
Халықтан өшін алады.
Бұлтқа сілтеп қылышын,
Найзасын көкке тіреген.
Қан төгуге құмартып,
Күнде соғыс тілеген.
Үстемдік етіп Бозайхан,
Асқақтап шалқып тасады.
Бозайханның дабылын,
Естіген ел қашады.
Жауатын күндей тұлданып,
Қаны қашып сұрланып,
Қия шауып, құзды алып,
Оя шауып, мұзды алып,
Басқа жан тірлік етпеске,
Жер бетінде қызғанып.
Қылыштың қаны кеппеген,
Адамның күші жетпеген,
Жер қалмады маңайда,
Бозайхан зорлық етпеген.
Ұрған доптай домалап,
Соғысқан жерде бас қалды.
Шабуылда – жеңгенді,
Найзаға шаншып қайтады.
Өздері кескен бастарды,
Қызық көрмей өмірден,
Құтыла алмай өлімнен,
Құмырсқаға жем болып,
Өлексемен тең болып,



Талай қыршын жас қалды.
Тасқын өзен-суларға,
Адамнан көпір салыпты.
Дария мұқит-теңізден,
Жауына өтіп барыпты.
Қойдай қырып жауларын,
Байлығын тартып алыпты.
Осылай өсіп көңілі,
Байлығы, жері кеңіді.
«Хан бар ма?» деп сұрады,
Мендей боп өткен өмірі?
Көп ішінен бір кемпір,
Түрегелді орнынан,
Таяғына сүйеніп.
Күрсінді қатты үш рет,
Қайғыланды күйініп.
Түрегелген кемпірге,
Халық түгел қарады.
Кемпір нұсқап көрсетті,
Кісі асатын дараны.
– Хан мен дардан шошынып,
Жүрегіміз жаралы.
Он жеті ұлым бар еді,
Екеуін ана дара алды.
Жалғыз кемпір мен емес,
Рахымды хан сен емес.
Сексен беске мен келдім,
Жетпіс үшке сен келдің.
Хан болғаннан бері қарай,
Бес жүз жорық жасадың,
Кемпір, шалды зарлатып,
Жердің бетін қандатып,
Түгел маған теңгердің.
Біраз тыныштық алатын,
Арқамыз кеңіп қалатын,



Өлім келіп өлмедің.
Өзің қу бас, балаң жоқ,
Артыңда сенің қалатын.
Сені жоқтар адам жоқ,
Сөйлеуге де шамаң жоқ.
Антым бар менің халыққа,
Бүгін сөйлеп қалатын,
Жауға айдап құрыттың,
Халықтың туған баласын.
Кесе алмассың тілімді,
«Бас кесер хан – Бозайхан»,
Деген атақ халыққа,
Түгел тарап білінді.
Жер бетінде тіршілік,
Сен өлген күні қуанар
Мен секілді сорлылар
Жылаудан сол күн уанар!
Баласын елдің құрытып,
Тұрсың бүгін шаттанып.
Сенен жыртқыш аң артық,
Неменеге мақталық?
Өмірі қанға тоймадың,
Əдетіңді қоймадың.
Осыны айтып мен бүгін,
Өлейін деп ойладым.
«Басымды кес» деп алдына,
Кемпір басын ұсынды.
Өмірінде Бозайхан,
Сол кемпірден қысылды.
Бірақ басын алмады,
Бетінде қан қалмады.
«Жақсы деді мұнан да,
Ажалдың тура алғаны».
Қайтты үйіне қайғырып,
Шаттықтан патша айрылып.



Он екі əйел біреуі,
Сөйлесуге батпады,
Хан көңілін жай қылып.
Байлығы көп, елі көп,
Басып алған жері көп,
Алып жатқан жер бетін,
Айтушы еді халықтар;
«Бозайханның малы» деп.
Алтын – қазына сарайда,
Есебі жоқ, саны жоқ.
Хандығы кімге қалады,
Өртеніп іші жанады.
Есебі жоқ байлықты,
Кімдер жиып алады?
Көп алдында тілдеген,
Хан қадірін білмеген,
Сол бір мыстан кемпірдің,
Сөзі өтіп барады!
Отырды хан қайғырып,
Шаттығынан айрылып.
Алтын қазына сарайда,
Өлі бұйым тағы көп.
Асыл сауыт үстінде,
Гауһар-інжу жағалы,
Қара көк тұлпар астында,
Алтын күміс тағалы.
«Өліп қалсам бір күні,
Тұяқсыз кетті деген соң,
Дұшпандар қылар табаны».
Мирасқорым жоқ болса,
Сарайымды шабады.
Хан тағынан құлады,
Əйелдері жиналып,



Хал-жағдайын сұрады.
Өкпесі бар адамдай,
Өкіріп жатыр қабандай,
Дөңбекшіді тұрмады:
– Жасы биыл он бесте,
Кіші уəзір қызы бар.
Болғандай маған сұлу жар,
Сол көңіліме ұнады.
Он екі бедеу, аулақ кет,
Сендерден бала тумады.
Гүлжазира – балғын жас,
Қыр мұрынды, қиғаш қас,
Күміс кірпік, алтын шаш,
Қараңғыны жарық қылған,
Үлбіреген уыз жас!
Балқып, еріп кеткендей,
Сəулесі түссе қара тас!
Жазираның нұрына,
Талай адам болған мас.
Ел көзіне түспейтін,
Бет пердесіз, жалаңбас.
Көрмей ғашық болып хан,
Шыққалы жатыр шыбын жан,
Жазираны көрмесе,
Сұлу құшып сүймесе,
Тірлігінен кетті сəн.
Уəзірінің біреуін,
Хан асығыс шақырды.
Жазира үшін қайғырып,
Қанды жас көзден атылды.
Ханнан жауап алуға,
Қасына жақын баруға,
Он екі бірдей əйелдің,
Жетпеді, қорқып, батылы.
Сол кезде кеткен жорыққа,



Қырық кісілік күші бар,
Құлақасқа батыры.
Қандай ашу қысса да,
Соған жауап беретін.
Теңемейтін адамды,
Өте жақсы көретін.
Құлақасқа келгенде,
Қанша шаршап жатса да,
Орнынан хан тұратын.
Басқа жанды қоя сап,
Соған көңіл бұратын.
Аяғын құшып Бозайхан,
Уəзір жатыр жалынып.
Қала ма деп шыбын жан,
Əлде өлер, басы алынып.
Хан қасында көп адам,
Бастары қалған шабылып.
Долы ашудың үстінде,
Бозайхан жатыр шабынып,
Біраз мезгіл сазарып,
Уəзірге жауап қатпады.
Үш күн болды төсектен,
Бас көтермей жатқалы.
Ханға келіп бас ұрып,
Бас уəзірдің жатқаны.
Етті оған хан жарлық:
– Гүлжазира келсін деп,
Кіші уəзір кешікпей,
Қызын маған берсін деп,
Əйелдікке аламын,
Осы сөзге сенсін деп.
Орындауға жарлықты,
Кетті уəзір жүгіріп,
Үсті, басы шаң болды,
Аузы, мұрны қан болды,



Жолда талай сүрініп.
Кіші уəзірден, сол Барқат,
Келе сүйінші сұрады,
Осынша халық ішінен,
Сенің қызың, Жазира,
Хан тақсырға ұнады.
Өз күйеуің хан болып,
Қолыңның осы жеткені.
Хан алдына жылдам бар,
Айнып қалса хан тақсыр,
Боларсың маған өкпелі.
Естігенде Жазира,
Қалтырап шошып зарлады,
Қанды жас көзден парлады.
Жетпістегі шалға барғанша,
Күнімді соған салғанша,
Ажал неге алмады?!
Зарлағанмен Жазира,
Зарын тыңдар адам жоқ.
Өлмей тірі құтылмас,
Көнбесіне амал жоқ.
Əкесі айтты: – қарағым,
Ханға қарсы тұрарлық,
Оған төтеп боларлық,
Ерлігім жоқ, шамам жоқ.
Гүлжазира сұлуды
Хан алды он бес жасында.
Жазықсыз жас балдырған,
Ноқта түсті басына.
Гүлжазира құса боп,
Көзіне жас толады.
Денесі жастың түршігіп,
Құсалы, дертті болады.
Патша келсе қасына,



Қайғы түсіп басына,
Ес-ақылдан танады.
Айтар сөзден жаңылып,
Ессіз болып қалады.
Қанды жас көзден сорғалап,
Тасыған селдей ағады.
Көзінен аққан ыстық жас,
Қара тасты еріткен.
Жазираны кім екен,
Патшадан аулақ жеріткен?
Көрген жерден түршікті,
Жазираның денесі.
Он бестегі Жазира,
Қайғыдан болды өлесі.
Жақын келсе Бозайхан,
Үрейленіп болды өлмеші.
Жетпістен жасы асқанда,
Жас қыз алып желікті.
Елден астым десе де,
Гүлжазира кемітті.
Қураған шеңгел астында,
Өсе алмай гүл солыпты.
Гүлжазира зарықты,
Өз теңін ойлап тарықты,
Көзінің жасын сарықты,
Жүрген жас қыз – шарқ ұрып,
Торға түскен сұңқардай,
Қайғы-мұңға молықты.
Қуанышты хан отыр,
Ақ сұңқар түсіп торына.
Таққа отырды құлшынып,
Əлде кімнің сорына.
Бір бай келді жетелеп
Жетім тазша баланы.



Парша-парша киімі,
Денесі ауыр жаралы.
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Киімсіз тыр жалаңаш.
Неше күн тамақ ішпеген,
Дірдек қаққан сорлы жас.
Ашулы бай сөйлейді:
– Арызым бар, хан тақсыр,
Мал керек болса, мойныма,
Керегінше сал, тақсыр.
Осы бір тазша баланың,
Қорлығы маған өтіп тұр.
Он бес ділдə мойнында,
Бекер босқа кетіп тұр.
Арызым сізге сол, тақсыр,
Бұл шəһəрде, ей, патшам,
Тілі ащы бұл тазшаның.
Көрдіңіз бе, мінеки,
Тазшалардың, асқанын?
Өткен жылы бір тазша,
Болды менің қолымда.
Осындай тілі қайнатты
Ол тазшаның сорын да.
Бір тазшаның жүз қырсық,
Жүреді екен соңында.
Биылғы жылы бір тазша,
Кез болды тағы сорыма.
Тазша біткен босқа жүр,
Шəһəрдың былғап көшесін.
Өзімен бірге қырсаңыз,
Тазшаларды өсірген
Əкесі менен шешесін.
Елді бұзып барады,
Елге бүлік салады,



Бұлардың басын кеспесең,
Кімнің басын кесесің?
Таңдап алған шəһəрден,
Гүлжазира жарыңыз,
Тазшаға біздің үйдегі,
Ғашық екен, наныңыз.
Өтірік болса бұл сөзім,
Басымды, тақсыр, алыңыз!
Сізден артық көріпті,
Гүлжазира тазшаны.
«Менсінбеймін» дейді екен,
Жетпістегі кəрі патшаны.
Ақылың кəміл, ханзада,
Күнаһар болып, қарашы,
Сізді құлға сатқаны.
Əмір етіп Бозайхан,
Тазшаларды жидырды.
Əмірімен шəһəрді,
Уысына сыйдырды.
Тазшаның тілі тигендер,
Бірге келсін тазшамен,
Кімді тілдеп күйдірді?
Бір байбатша болмады,
Тазшаларды мақтаған.
Күнəсі жоқ болса да,
Кедей – сорлы тазшаны,
Байбатша қашан жақтаған.
Тазшаларды дарға асты,
Болмады ешкім ақтаған.
Тазшаларды құлдыққа,
Əр шəһəрден келгендер,
Сұраса да сатпаған.
Шағушының тілімен,
Тазшаға патша өшікті.
Тазшалар жүгін арқалап,



Бой жасырып қалқалап,
Патшадан қашып көшіпті.
Қашып жүрген таз болса,
Кез келген жерде шабарман,
Олардың басын кесіпті.
Басында қылтан шашы жоқ,
Ішуіне асы жоқ,
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Енеден туа жалаңаш,
Бір тазшаны жетектеп,
Əкелді дардың қасына.
Жаны ашып, аяп халық тұр,
Қарап үсті-басына.
Тазша сонда сөйледі:
– Өлетін жанда үш тілек,
Тілегімді бер деді.
Хан айтты: «қабыл тілегің,
Тазшаға сөз беремін.
Қояр екен не тілек,
Тыңдап сөзін көрейін».
– Бірінші менің тілегім:
Жалынғанмен жан қалмас,
Оны жақсы білемін.
Зияным жоқ адамға,
Күнімді көріп жүр едім.
Тұрмын дардың қасында,
Дар тұзағы мойнымда,
Жастан көрген азабым,
Шаш шықпады басыма.
Қарата айтамын халыққа,
Бұдан кейін тіріліп,
Келмеспін қайтып жарыққа.
Жендеттерің жан алғыш,
Сөзіме тию салмасын.
Тілім тисе біреуге,



Басымды кесіп алмасын.
Бітіргенше сөзімді,
Мойныма тұзақ салмасын.
Осы сізден тілегім,
Бердім десең, хан тақсыр,
Сөзімді мен бастайын,
Арызымды айтып болғанша,
Қорқып жəне саспайын.
Екі айта алмай Бозайхан,
Тазшаға ерік береді.
– Əмірің жүріп, Бозайхан,
Жорық жасап дүниені,
Қара тұман шаң қылдың.
Адамға жаның ашымай,
Қырғындатып халықты,
Жердің бетін қан қылдың.
Рақымсыз, Бозайхан,
Тазшаларда жазық жоқ,
Жазық сенің өзіңде!
Халыққа тиген зəбірің,
Көрінбейді көзіңе.
Құлағың сал, халайық,
Тазшаның зарлы сөзіне!
Ел шауып, ішкен қанына,
Бұл, хан тақсыр, тоймады,
Сорлы тазша қандарын
Қоса ішуге ойлады.
Ұқсамайды адамға
Рақымсыздық мінезің.
Айдатып мені алдырдың,
Дар тұзағын салдырдың,
Тазшаның ішіп қандарын,
Сусыныңды қандырдың.
Дүниенің жүзін шаң қылдың,
Жердің бетін қан қылдың,



Түгел билеп құрғақты,
«Əмірім тұт» деп жар қылдың.
Он екі əйел үстіне,
Жазираны жар қылдың.
Гүлжазира сондықтан,
Хан болсаң да сүймейді.
Жыртқыш деп сенен шошынып,
Адам деп сені білмейді.
Қайғы тартып қасіретпен,
Езу тартып күлмейді.
Бір залымның сөзі үшін,
Жетім-жесір тазшаны,
Қыруың, сірə, жөн бе еді?!
Артыңда қалар балаң жоқ,
Бізден де қу тақырсың.
Өз мініңді көрмейтін,
Хан болсаң да соқырсың!
Ашуланып Бозайхан,
«Сөйлетпеші тазшаны,
Дарға жылдам тарт» деді.
Жазираны келтір деп,
Бір жендетін жіберді.
Ханнан бұйрық алған соң,
Тоқтамай жендет жөнелді.
Басын жуып Жазира,
Отыр еді таранып.
Кіріп келді бір жендет,
Жарыла жаздап алқынып.
Жылдам келсін деп Жазира,
Хан жарлық етті шақырып.
Хан ашулы, Жазира –
Бүгін тірі қалмайды,
Сайрап тұрған бір тазша,
Қайтсе де сені жалмайды.
Жазықсыз болса тазшаның



Басын, сірə, алмайды.
Бозайхандай сұлтанды,
Гүлжазира, сүймедің.
Бір тазшаның тіліне,
Енді, міне, күйгенің
Қателесіп, Жазира-ау,
Хан ашуын тербеттің.
Өз теңің емес, қор болып,
Тазшалармен бір кеттің.
Жазира тұрып жендетке:
– Келдің бе деді хабардар,
Ханның еті етіме,
Тікенектей қадалар.
Байым деп қайтып жүремін,
Алдамшыны жан алар?
Келгелі зарлап жылаумен,
Тартылды кеуіп тандырым.
Өлмеген соң шыдаумен,
Жылап мауқым қандырдым.
Мен бір өскен балбырап,
Бақшалы ағаш жемісі.
Басында тұрсам салбырап,
Жемек болған əр кісі.
Аласа жерде мен тұрсам,
Кімнің келмес жегісі.
Хан емес, ол – қара тас,
Сонымен бірге жатқанша,
Етіме сірі батқанша,
Жазираның əр қашан,
Сол үшін келер өлгісі.
Үлбіреген жібекті,
Еріксіз көнге жапсырса,
Көріне ме жарасып?
Көнге қалай жабысқан,
Демес пе еді адасып!



Өлімді артық көремін,
Соныменен санасып,
Өксуменен өткенше.
Шыбын жанды қинамай,
Құтылайын дарға асып,
Шал дертіне күйгенше.
Қорлықпенен бүйтіп жүргенше,
Қаным барып қосылсын,
Тазшалардың қанына!
Тазша да болса өз теңім,
Жатсам, сірə, арман жоқ,
Солардың барып жанына.
Жазира келді қуанып,
Құрған дардың қасына.
Алды-артына қарамай,
Тұзақты салды басына.
Тазшамен бірге өлуге,
Тұрғандай-ақ асыға.
Күлбеттеніп Бозайхан,
Қырындап теріс қарады.
Гүлжазира өлімді
Өзі сүйіп қалады.
Бұйрығын күтіп Бозайдың,
Жендеттері дайын тұр.
Тартпақ үшін дараны,
Жазираны қия алмай,
Хан тоқталды шамалы.
Жазираның үлбіреп,
Бетінен нұры тамады.
Сонда тұрды Жазира:
– Хан, екі айтсаң қарасың,
Жендеттерің жан алғыш,
Тартпайды неге дарасын?!
Сарайынан Бозайхан,
Жақсы көріп мен тұрмын,



Тазшалардың моласын.
Дегенде хан «тарт» деді,
Бармағын өзі шайнады.
Қапаланып қан құсып,
Бұл қалай, деп ойлады.
Сымға тартқан күмістей,
Сұлудың аппақ білегі.
Баяулап барып тоқталды
Жазираның жүрегі,
Тұрса да дарда көз тартты,
Сүмбідей түзу сүйегі.
Жазираны көрген жан
Жаны ашыды, қайысты.
Талшыбықтай бұралып,
Он саусағы майысты.
Таңдап алған Жазира,
Асылып кетті дараға.
Жете алмады Бозайхан,
Бір шыр еткен балаға.
Сүйіп алған Жазира,
Кездесті мұндай жалаға.
Жақсы көрді Жазира,
Ханнан құлдың өлігін.
Өлерінде өтінді,
Құлмен бірге көмуін.
Жас құлдарды қалады,
Жазираның жүрегі.
Араласып бір кетті,
Өңкей жастың сүйегі.
Бозайхан күшті болса да,
Бола алмады жас жанның,
Қоспастай мəңгі тірегі.
Дем алып, бірге таздармен,
Орындалды осылай
Жазираның тілегі.



Сонымен екі жыл өтті,
Жазира жатқан қабырға,
Ағаш шығып жемісті,
Мəуесі өсіп ер жетті.
Жемісті көркем ағаштар,
Құлдардың өніп басына.
Кете алмайды барған жан,
Тамашалап қасына.
Ерекше шыққан екі ағаш,
Еңкейіп келіп қабысқан,
Біріне бірі асыла.
Көрген адам таңырқап,
Кереметін таниды.
Бозайхан бұған тарылып,
Өзінен өзі налиды.
– Гүлжазира сұлуды,
Тақылдақ тазша құшты ма,
Бір перзент үшін тілегім,
Əлде желге ұшты ма?
Бəрінен де осының,
Тағдыры, шіркін, күшті ме?
Күндіз-түні ұйықтамай,
Бозайхан сүйтіп зарлайды.
Сүйегіне таңба боп,
Баласыздық қалмайды.
Қызығына дүниенің,
Аударып көңіл салмайды.
Өзіне-өзі өкініп,
Көзінің жасы төгілді.
Баласыз өттім қу бас боп,
Қайтем деп тірлік өмірді.
Ойлады өксіп егіліп,
Арманда болып барады,
Бір зұлымның тілімен,



Жазықсыз қан төгіліп.
Күндер өтті, түн өтті,
Зарлаумен талай жыл өтті.
Бозайханды жүдетті
Бір перзенттің қайғысы.
* * *
Қойшысы ханның Қаракөз,
Ұзақта қойын жаятын.
Шалқар түстің шағында,
Айдап барып салатын.
Құл моланың бағына
Бір ұйықтап демін алатын.
Күн түс болса Қаракөз,
Моланы келіп табады.
Есіне түсіп жылайды,
Тазша-құлдар баяғы.
Өңкей қыршын жастарды,
Қаракөз қатты аяды.
Соларды ойлап тұрғанда,
Етпеттей барып жығылды,
Ортасынан үзілді,
Таянып тұрған таяғы.
Таяғы сынды Қаракөз,
Ауыр қайғы зілінен.
Жай ғана емес – осы сөз,
Жылайтын ол шынымен,
Арманда кеткен қыршын жас,
Зұлым хандар қанға мас.
Қарсылық етіп патшаның,
Бетіне ешкім қарамас.
«Құрай-құрай, көк серке,
Қой ішінде сен ерке,
Иен жерде мен ерке.
Жақындасаң молаға,
Басасың асыға сен неге?



Ағаш өнген мəуелі,
Құлдардың көз жасына.
Тоқал ешкі маңырап,
Еріп жүр сенің қасыңа.
Маңыраған дауысы,
Бұл молаға келгенде,
Қалушы еді басыла.
Аруақпен əлде бұл
Емес пе екен ашына?!»
Сол бір жерге келгенде,
Қойлар жусап қалады.
Көлеңкеде ұйықтап,
Қаракөз демін алады.
Өрістетіп шəһəрға,
Қойын алып барады.
Сол қалада тұратын,
Қара тоқал ешкінің,
Кемпір екен иесі.
Қырық ұлы бар кемпірдің,
Қырық ұлына қырық қасық,
Еншіге сүт тиесі.
Сауса сүт жоқ ешкіден,
Қаракөзді қарғаумен,
Кемпірдің қатты сілесі.
Қырық баласы шулады,
Қолына тимей үлесі.
Ешкімді сауып ішіп жүр,
Деп ойлайды сол кемпір,
Қаракөздің кінəсі.
Мұндай ұры қойшыны
Ханға арыз етейін.
Ызасы өтті ұрының,
Түбіне сөйтіп жетейін.
Хан сөзімді алмаса,
Құлдың сөзін қолдаса,



Бұл шəһəрден қаңғырып,
Қырық ұлымды алып кетейін.
Ашу қысқан сол кемпір,
Ханға арыз етеді.
Өзінен бұрын осы сөз,
Ханға келіп жетеді.
«Сөзімді тыңда, хан тақсыр,
Қолымда қырық ұлым бар.
Сол ұлдарды сақтауға
Менің қанша пұлым бар?
Қорек еткен ешкімді,
Сауып ішіп қоятын,
Қаракөз атты құлың бар».
Кемпір сөйтіп зарлады,
Қанды жас көзден парлады.
«Қырық ұлым бар, малым жоқ,
Басқа азық дəнім жоқ,
Аш-жалаңаш мен сорлың,
Сөйлеуге шама, əлім жоқ,
«Əділетті Бозайхан»,
Сенен асқан хан бар ма?
Шаһарыңды таныттың,
Талай асқан хандарға.
Қарамасаң қарама,
Мендей кемпір, шалдарға.
Тірі болса қырық балам,
Сенің құлың емес пе?
Бозайханның лəшкері,
Есепсіз көп демес пе?!
Ерегісіп соғыссаң,
Жауды қолмен жеңесің.
Қол көмегің жоқ болса,
Жаудан қорлық көресің.
Қырық құл көп пе, бір көп пе,
Осыған тақсыр не дейсің?



Ашулансаң Бозайхан,
Дүниені бөгейсің.
Сүтін ішіп ешкімнің,
Қаракөз құл семірді.
Кеселінен сол құлдың,
Қысқартты қырық өмірді.
Ұрлықты, тақсыр, баспасаң,
Бұзылады халқыңыз.
«Болыспайтын бұзыққа,
Бар еді ғой салтыңыз»,
Қаракөзді дараға,
Өлтіріңіз – тартыңыз!»
Бозайхан сенді кемпірдің,
Жылап айтқан сөзіне.
Жендеттерін жіберді,
Қаракөз құлды тоқтаусыз,
Алып кел деп өзіме.
Жендеттер құлды əкелді,
Бұйрық алып ханынан:
– Шыныңды айт, – деп қинады,
Бұрау салып санынан.
Кемпірдің тоқал ешкісін,
Сен, Қаракөз, сауыпсың.
Босқа жүрмей, Қаракөз,
Сөйтіп олжа тауыпсың.
Түзу жолдан бұрылып,
Арамдыққа ауыпсың.
Шыныңды қазір айтпасаң,
Асыласың дараға.
Тамақ таппай кемпір жүр,
Үйінде қырық балаға.
Қол-аяғы байлауда,
Қаракөз жатыр зарланып;
– Дүниеге қызығып,
Көрмедім, тақсыр, алданып.



Он сегіз жаста баламын,
Бір кемпірдің тілімен,
Нахақтан күйіп барамын.
Осыдан мені босатсаң,
Ешкіні сауған пендені,
Қайтсем-дағы табамын.
Бұйрық қылсаң, тақсыр-ау,
Күнəсіз өліп қаламын.
Құлақ салмай сөзіне,
Шырқыратты баланы.
Шырылдаған дауысы,
Аспанды жарып барады.
Құлақ салды жетімге,
Даланың тағы аңдары,
Жаңғырығып теңселді,
Жер мен көктің заңғары.
Қалдыр деп тірі зарлаған,
Даусын естіп баланың,
Қайғырды, өте қамықты
Аң, құстары даланың.
Жетімге сонша жаны ашып,
Жетім киік жылады.
Қара тасты жібітті,
Көз жасының бұлағы.
Жетім қалған анадан,
Киіктің ол лағы.
Қаракөздің тірлігін,
Жетімдер түгел сұрады.
Орман, тоғай аспанда,
Жетім құстар шулады.
Хан жарлығын қайырып,
Қайыспады, алмады.
Мейірі түсіп аналық,
Сонда кемпір толғады:
– Қаһар етпе, хан тақсыр,



Мен де бағып отырмын,
Қырық – əкесіз жетімді,
Отын алдым тоғайдан
Тоңбасын деп соларды.
Боршаладым етімді,
Жоқшылықтың зарынан,
Тоздырдым сұрап бетімді.
Зарын тартқан өмірдің,
Жетім сөзі – өтімді.
Қинау көріп сорлының,
Көзінен ақты қанды жас.
Болса өзімдей бұл сорлы,
Боршаланған жалаңаш.
Сауған шығар ешкімді,
Болғаннан соң қарны аш.
Бір ешкіге қараған,
Бір үйде біз қырық бір бас.
Азаптама баланы,
Етіне салып жараны.
Қайтты десең сөзінен,
Алсаңыз тақсыр, міне бас,
– Қаракөз-ау, Қаракөз,
Мен де сенің шешейің.
Жетімдік сенің хақыңа,
Болса да күнəң кешейін.
Зарлатпа, ханым, жетімді,
Қайғы бір тескен көкейін.
Сұрамайын сүтімді,
Бүйтіп қинау салғанша,
Қаңғырып аштан өтейін.
Тілегімді бермесең,
Көз жасымды көрмесең,
Бозайхан, саған не дейін.
«Қабыл болсын, кемпір-ау,
Тағы да сенің тілегің.



«Қаракөзді қина» деп,
Өзің келіп тіледің.
Жетімді жетім қимайды,
Оны да мен білемін.
Бұдан былай сен, кемпір,
Арыз айтып келмейсің.
Кімнен қорлық көрсең де,
Алдымды менің көрмейсің»,
Қаракөзді сол кемпір,
Құтқарды қайта өлімнен:
– Ешкімнің сүтін ішетін,
Кім болса да, тауып бер, –
Сұраймын сенің өзіңнен.
Кəрі жаным түршікті,
Қарағым, айтқан сөзіңнен.
Өксіп-өксіп жылады,
Шешеге келіп Қаракөз:
– Сүйегімді сындырды,
Ұры деген сол бір сөз.
Он сегіз жаста осындай,
Бір жалаға болдым кез.
Сенсеңіз маған, шеше-еке,
Жастан бейнет көргенім.
Əркімдерге жалданып,
Жасымнан бақыт көрмедім.
Бұдан былай ешкіңді,
Көзімдей көріп бағайын.
Сауған адам бар болса,
Қайтсем-дағы табайын.
Қолыма түссе ұрыңды,
Алдыңа, шеше, салайын.
Ханнан шеккен ызаны
Сол ұрыдан алайын.
– Ешкімді болсаң саумаған



Ұрыны тап, жан балам.
Тоқал ешкі болмаса,
Тегене сүтке толмаса,
Ашығамын, сандалам.
Таңдайына ақ тимей,
Шулап отыр бар балам.
Өңкей жетім жылаулы,
Бір қасық сүтке зар, балам.
Ұрыны тапсаң сүйінші,
Өзімнен келіп ал, балам.
Əкетті қойын Қаракөз
Ақсаңдай басып аяғын.
Əзер қойға ереді,
Ашынып зарлай береді
Демеу қылып таяғын.
Көз айырмай Қаракөз,
Қара ешкіні бағады.
Сол қара ешкі маңырап,
Шөптің басын шалады.
Молаға қашан жеткенше,
Қойдың шығып алдына,
Асыға басып барады.
Қой молаға жеткенде,
Қара ешкі қашты жүгіріп.
Қуалады Қаракөз,
Ақсаңдай басып сүрініп.
Екі қайың айқасқан,
Барады жақын молаға.
Қарап тұр, бір жартастан,
Көрден шыққан балаға.
Табақтай болып көрінді,
Екі көздің шарасы.
Түп күйесі қазанның,
Денесінің қарасы.
Екі қарыс көрінді,



Қас пен көздің арасы.
Деп ойлауға болмайды
Адамзаттың баласы.
Киімі жоқ жалаңаш,
Ешкіге келіп жабысты.
Осындай бір керемет,
Қара ешкімен табысты.
Ешкіні еміп қақтады,
Жөн сұрауға Қаракөз,
Зəресі ұшты батпады.
Қашпақшы болды қойды айдап,
Күндегідей дем алып,
Қаракөз құл жатпады.
Айдап келді асығып,
Қойды ерте қораға.
– Белес белден асырып,
Бардым деді молаға.
Көрден шықты бір адам,
Көргенді айтпай бола ма?
Алғашында байқамай,
Қарадым жай жүзіне.
Танып қалдым есімнен,
Көзім түсіп көзіне,
Мың адам болса пар келмес,
Сол баланың өзіне.
Аман қалмас еш адам,
Келсе егер кезіне.
Кемпірдің тоқал ешкісі,
Молаға барды маңырап.
Дыбыс беріп басына,
Болса керек тегінде
Сол баламен ашына.
Ұстамақ түгіл ұрының,
Бармадым жақын қасына.
Көрден шықты сол бала,



Маңыраған ешкінің
Даусы қалды басыла.
Қойыңды, хан, бақпаймын,
Енді саған қой бағып,
Сірə де, олжа таппаймын.
Бір байға барып жалданып,
Жанымды ептеп сақтаймын.
Дірілдеді шошынып,
Қаракөз құл жылады:
– Қой бағудан босат деп,
Ханнан қатты сұрады.
Хан да қатты ойлады,
Қаракөзге сенбеді.
Қой жаюға Қаракөз,
Не берсе де көнбеді.
Жаймағаным қой болсын.
Деп боздады, еңіреді.
Қаракөзді басында,
Шығарды деп ойынан,
Босатқысы келмеді.
Болмаған соң зарланып,
Тілегін патша береді.
Сол баланы көрсем деп,
Қаракөзден тіледі:
– Мен бармаймын, хан тақсыр,
Ол моланың жанына.
Барсаң, тақсыр, көресің,
Құл моланың бағына.
Оған егер болмаса,
Қойшың қойды апарсын.
Өзі-ақ барар маңырап,
Қара ешкіні болжасын.
Бала шығар қабірден,
Ешкі барса маңырап.
Батыр болсаң барарсың,



Сонда, ханым, əрірек.
Білуімше ол мола
Жазираның моласы.
Дəу де болса ішінде,
Кету керек баласы.
Бірақ оны ұстауға,
Ішкімнің келмес шамасы.
Естігенде Бозайхан,
Білмеді жылап, күлерін.
Күрсінді, қатты өкінді,
Қайғы басып жүрегін:
«Артымда қалса бір бала,
Деп ойлаушы ем тілегім.
Молаға батып бара алмай,
Ұстауға айла таба алмай,
Батырларды шақырды,
Дұрыс ақыл бере алмай.
Уəзірлері шатылды,
Шапқыншымен алдырды,
Құлақасқа батырды.
Қырық кісінің күші бар,
Қысылған кезде əр қашан,
Сол табатын ақылды:
– Құлақасқа, батыр-ау,
Қырық батырыңды жинашы.
Бір хабар естіп отырмын,
Ойға салып сынашы.
Көзімен көрген Қаракөз,
Өзің барып сұрашы!
Жайын айтты Қаракөз,
Айтатыны сол бір сөз:
– Өлтіреді дейді ол,
Қандай батыр болса кез.
Күшке бала ұстатпас,
Айласын тауып алмаса.



Кім табар айла осыған,
Хан да соны ойласа!
Хан өзі асып өлтірген,
Құлдардың сол моласы.
Кек алуға жаралған,
Болмасын құлдың баласы?
Ол құл өсіп, ержетсе,
Ханды келіп тебірентсе,
Баруға болмас панасы.
– Не сөйлейді, мына құл,
Хан перзенті емес пе?
Жазира болса анасы,
Іште кетсе сол күнде,
Кімнің бар оған таласы?
Бұл сөзді хан естісе,
Ажалдан бұрын өлесің,
Адам болса ханзада,
Оны ешкім құл демесін!
Басың олжа өзіңе,
Ойламай айтқан сөзіңе.
Хан естісе бұл сөзді
Көрінер жаның көзіңе.
Есіңде бар ма, Қаракөз,
Бір өлімнен қалғаның?
Жетім деп аяп, жаны ашып,
Кемпірдің сұрап алғанын.
Құлақасқа батырың
Қаракөзге қадалып,
Осылайша ақырды.
Хан сөзіне қараған,
Бас пайдасын санаған,
Шығарсам деп атымды.
Ақылшысын шақырып,
Толтырды хан сарайын.
Ақсақалды, қарттарды,



Қалдырмай көрші маңайын.
Хан шашады жарлықты,
«Түгел кел» – деп ағайын.
Ат жетер жерден алдырып,
Жарақтарын сайлады,
Қылышты белге байлады.
Өз көзімен керуге,
Сол моланың басына,
Қоймен барып келуге,
Хан бір ақыл ойлады.
Басқа адамдар бұл іске,
Ақыл айта қоймады.
Моласына құлдардың,
Қаптатып қойды айдады.
Қара ешкіні бақылап,
Келе жатқан алдағы.
Қой да жетті молаға,
Қара ешкі жүр маңырап,
Тыным таппай жаңағы.
Бір мезгілде қабірден,
Бір үлкен бас көрінді.
Ханда зəре қалмады,
Таса жерге шегінді.
Ақырын байқап қараса,
Жазираның қабыры.
Бозайханның бойында,
Қалмады ешбір сабыры.
Еміп жатыр ешкіні,
Алды-артына қарамай,
Алыстан болжап хан тұрды,
Келуге жақын жарамай.
Талай ой келді басына,
Бара алмады қасына.
Мұндай сұмдық көрген жоқ,
Жетпіске келген жасында.



Қайтуға хан асықты,
Ішін қайғы ашытты.
Жазираның қайғысы
Ханды сонда жасытты:
– Асыл туған, Жазира-ай,
Мұндайыңды білмедім,
Мұндайыңды білгенде,
Құрбан болып жолыңа,
Өзім неге өлмедім?!
Сапар шектің оқыстан,
Қайғыңнан мен де күлмедім.
Үш-төрт жылдан бері қарай,
Осындай бір перзентті
Маған сақтап жүр ме едің?
Күңіреніп хан отыр,
Жалғыз өзі далада.
Неше жылдай зар тартқан,
Құмар еді балаға.
Неше жылдай зарланып,
Баласыз өтті өмірі.
Ұл ма, қыз ба сол перзент
Анықтап соны білмекке,
Ханның кетті көңілі.
Ешкіні қақтап емген соң,
Кетті кіріп молаға.
Төбешікте хан отыр,
Басқа адам жоқ молада.
Айырған жоқ ұл, қызын,
Қалдырыпты құмда ізін,
Сезді ме əлде бала да?!
Хан келді қайтып сарайға,
Жиналған ел сарайда.
Естіген адам қалмады,
Осы тұста, маңайда.
Халыққа хан зарлады,



Тістеулі тұр бармағы.
Гүлжазира сұлудың
Оқыстан өліп қалғаны.
Сонда іштегі бала екен,
Келбеті сондай бар екен.
Гүлжазира шын адал,
Мені сүйген жар екен.
Ұстауға сол баланы,
Кім ақылын табады?
Барғанынша аузының,
Менен алтын алады.
Ақылы іске аспаса,
Жамандыққа бастаса,
Басы алынып қалады.
Міне, осындай жар салды,
Сарайдағы халыққа.
Халық түгел ұйлықты,
Шыға алмады жарыққа.
Тағы да неше қайталап,
Халықтан хан өтінді.
Оңай олжа таппасқа,
Қан жамылып жатпасқа,
Халық түгел бекінді.
Кемпір шықты «табам» деп,
Қара ешкінің иесі.
Қазынаңды бөліп қой,
Маған деген тиесі.
Қырық бір адам қараған,
Жалғыз ешкі малым бар,
Қырық балам болмаса,
Аяйтын қандай жаным бар?
Ақысын төле, Бозайхан,
Қара ешкінің сүтінің.
Ендігі ұрым сен болдың,
Жетті ғой енді күтуім.



Сұрағанда жетімді,
«Алдыма келме» деп едің,
Мен болмасам, Бозайхан,
Жетімді аяр сен бе едің?
Қинау салып нахақтан,
Сол үшін аяп еңіредім.
Артық болса кешерсің,
Қате айтсам, басым кесерсің,
Перзент көріп, мінеки,
Жанғалы тұр еңбегің.
Сен бала үшін қайғырдың,
Мен мал үшін қайғырдым.
Жалғыз ешкі сүтінен,
Ала жаздай айрылдым.
Бозайхан сөзге тоқталды:
– Сүт ақысын ал деді.
Кілтшісін шақырып,
Сарайға алып бар деді.
Көтергенше алтын бер,
Əкетсін кемпір арқалап.
Одан артық сұраса,
Сол жерде өлтір балталап.
Кілтші ашты сарайды,
Алтынды кемпір арқалап,
Жан-жағына қарайды.
Кемпірдің көзі тоймады,
Алсам деп тағы ойлады.
Кілтші ашып қойыпты,
Қазына талай қойманы,
Кілтші айтты: шешеке,
Болмайды менің тарлығым.
Қазынасы ханның көп.
Көтерсең де барлығын.
Орындауға балта алды,
Ханның айтқан жарлығын.



Сарайдан кемпір секірді,
Аз алдым деп өкінді.
Арқалап алтын əкетті,
Асырауға жетер деп,
Үйдегі қырық жетімді.
Алтыны көп бай кемпір,
Қайта келді сарайға.
Азық алды жетерлік,
Жетімдерге талайға.
Кемпір айтты сол кезде:
Қазір осы сарайға,
Шеберлерді жинасын.
Неше түрлі ойыншық,
Жасасын олар тынбасын.
Сол ойыншық жасалып,
Екі түрге бөлінсін.
Бір бөлегі қуыршақ,
Асық, сақа, ат тұрман.
Екінші жақтан көрінсін,
Өте шебер жасалсын
Ойыншықтар қызықты.
Қызыл-жасыл көз тартсын,
Оюлы жəне сызықты.
Болсын көзді тартатын,
Ойнағанда баланың,
Құмары тасып артатын.
Көрген бала айрылмай,
Жабысып ұстап жататын.
Хан əмірі бойынша,
Ойыншық жатыр жасалып.
Қуанышқа батқан хан,
Нұрланады жасарып.
Ойыншық-арба, шаналар,
Бітіп те қалды қашалып.
Неше түрлі тамаша,



Бояулы өрнек сызықты.
Ойыншықты көргендер,
Құмарланып қызықты.
Осыларды апарып,
Қойдырды кемпір молаға.
Неше түрлі ойыншық,
Шықса бала далаға.
Əуелі келіп сол бала,
Жүрді біраз таңданып.
Қуыршақты көрген жоқ,
Ойнамақ түгіл қолға алып.
Арба менен шананы,
Олай-бұлай сүйретті.
Үстіне мінді қызықтап,
Бəрін түгел күйретті.
Алды қамшы қолына,
Сезіктеніп қарады,
Оңы менен солына.
Ерге қарғып мінеді,
Екі жақтап қамшылап,
Ілгері ептеп жүреді,
Əбден ойнап болған соң,
Қуыршақтан басқасын
Бір жерге əкеп үйеді.
Баланың еркек екенін,
Сонда көріп біледі.
Ханға кемпір бара сап,
Балаларды жидырды.
Өңкей еркек балаға,
Бір келкі киім кидірді,
Талдан ат мініп астына,
Шашақ басын қамшының,
Балалар ұстап үйірді.
Балаларды қырық-қырықтан,
Екі жаққа бөледі.



Майдан ашқан баланы,
Көрден бала көреді.
Жақын келмей алыстан,
Біраз байқап жүреді.
Қызып кетіп майданға,
Балаларды өмір көрмеген,
Жалаңаш бала кіреді.
Ойнап жүрген балалар,
Мұны көріп сасады.
Сасқанының белгісі,
Быт-шыт болып қашады.
Қолға түскен баланы,
Асықтай қағып лақтырып,
Үстінен таптап басады.
Сол майданның тұсында,
Шыққан жолын баланың,
Батырлар барып алады.
Қалың қолды көргенде,
Састы бала шамалы.
Құлақасқа аңдып тұр,
Бала шыққан тесікті.
Батырларды қиратып,
Ызаланып өшікті.
Қырық кісілік күші бар,
Құлақасқа батырды
Жауырынан ұстап ап,
Бұрқ еткізіп лақтырды.
Құлақасқа қорланды,
Ие болмай балаға.
Жолын тосқан батырлар,
Кездесіпті жараға.
Көрге кірді кідірмей,
Ұстатпай, қылған шараға.
Іске аспады сонымен,
Кемпірдің тапқан шарасы.



Қапаланып хан жатты,
Қолына тимей баласы.
Құса болып Бозайхан,
Дұшпандарға болдым деп,
Шыныменен табасы.
Бозайханның шəһəрі,
Неше күндей жиылды.
Ұстай алмай қырық күндей,
Істің арты сұйылды.
Қырық бірінші күндерде,
«Дарға ас» – деп кемпірді,
Бозайхан сонда бұйырды.
Кемпір тұрып «дəт» деді,
Дəтіңді хан «айт» деді.
– Үйде жатыр қырық ұлым,
Сарайыңа келмеген.
Қырық ұлым бірдей қапада,
Сейіл құрып көрмеген.
Қырық баланың ішінде,
Жан шақ келмес күшіне,
Ерекше туған бала еді.
Сыртқа шықса балаңды,
Сол ұлым ұстап береді.
Бір күні үйде ұрыс боп,
Дардана атты сол балам,
Бар баламды бөгеді.
Дайында темір-сауытты,
Сенің де балаң қауіпті.
Осыдан шара болмаса,
Алсаңыз, тақсыр, міне, бас,
Байқасып көрсін екі жас.
Балаң келсе қолыңа,
Қызығына батарсың.
Күшімен балам тоқтатса,
Балаңды алып қайтарсың.



Қолымнан бұл іс келмесе,
Балаңды ұстап бермесе,
Үкімді сонда айтарсың.
Темір-сауыт алдырды,
Киді соны Дардана.
Екі жаққа қырық-қырықтан,
Жиылды тағы бар бала.
Қызды майдан ашылып,
Шаң-топырақ шашылып,
Бала көріп бұларды,
Көрден шыға жүгірді,
Құр қалғандай асығып.
Қашты тағы бар бала,
Жалғыз қалды Дардана.
Көрден шыққан сол бала,
Жүгірді біраз айнала.
Дарданаға түйілді,
Ұстап алып үйірді,
Дарданаға сене алмай,
Хан қапа боп күйінді.
Үйірген жердің бұрқырап,
Топырағы үйрілді.
Даланы тұман-шаң басты,
Бала мен жігіт айқасты.
Бірін-бірі ала алмай,
Күні бойы шайқасты.
Қара тер бойдан төгілді,
Басқан жер бордай үгілді.
Дардананың үстінде,
Темір-сауыт сөгілді.
Қолынан ұстап Дардана,
Көр баласын үйірді.
Екі аяғы аспандап,
Басы төмен шүйілді.
Дардананың қабағы,



Жауатын күндей түйілді.
Көр баласы меңдеді,
Дардана оны дендеді.
Намазшамның алдында,
Көр баласын Дардана,
Астына басып меңгерді.
Жиырмадағы жігітпен,
Көрден шыққан сол бала,
Бес жасында тең келді.
Масқаралап талайды,
Көр баласы дендеген,
Қырық батыр, Құлақасқаны,
Шыбын құрлы көрмеген.
Көр баласын ұстады,
Жігіт еді Дардана
Анық батыр нұсқалы.
Көр баласын ұстап ап,
Қайғылы хан қуанды.
Сазарып қарап, бала тұр,
Қабағы қайсар шыдамды.
Топырақтың түріндей,
Белгілі түс жоқ етінде,
Қуаныш, қайғы ізіндей,
Құбылыс жоқ бетінде,
Моланың ол тағысы –
Ашулы бейне арыстан.
Ұстатпауға адамға,
Сол үшін ол алысқан.
Тырнағының көбесі
Басын бүркеп саусақтың,
Қайрылып қайта жабысқан.
Терісіндей түйенің,
Қышырлы еті, қара күс.
Еті қатты темірдей,
Ұқсамайды басқа түс,



Қаралығы көмірдей.
Жабағыдай ұйысқан,
Бетін шашы жауып тұр.
Қол аяғы босанса,
Өңінде, үлкен қауіп тұр.
Ойында бар босанса,
Əлі де елге шабатын.
Дауысымен шыңғырған,
Адамның есін алатын.
Басы үлкен табақтай,
Екі жағы садақтай.
Қуанышты Бозайхан
Алып келді сарайға,
Алды-артына қаратпай.
Не қисайып жатпайды,
Тамақ берсе татпайды.
Сөз сұрасаң адамша,
Ешкімге тіл қатпайды.
Той-тамаша жасалып,
Шəһəр түгел жиналды.
Қазынасын хан ашты,
Келген адам еркімен,
Осы тойда сыйланды.
Отыз күн ойын жасады,
Қырық күн тойын жасады.
Тамаша болды жетпіс күн,
Ат шаптырды алпыс күн.
Халықта түгел маза жоқ,
Думан жасап күндіз-түн.
Бала киім кимейді,
Тамақты жөндеп ішпейді.
Бұл сияқты өмірді,
Əлде бала сүймейді?
Киім берсе үстіне,
Тастайды жыртып айырып.



Үстіңе киім ки десе,
Жауап қатпас қайырып.
Үстіне киім кигенше,
Сөйлеп, тілге келгенше,
Қыз-келіншекті жидырып,
Қасына қойды Бозайхан,
Киімге бала көнгенше
Үйірлеспей адамға,
Мінезі болды өзгеше.
Жиналды халық сарайға,
Қойғалы атын баланың.
Əртүрлі ат əркім ойланды,
Келгенінше шаманың.
Түрегелді сөз сөйлеп,
Ақсақалды сары түсті
Тоқсанға келген кəрі шал.
– Туған шығар бұл ұлы,
Бозайханның бағына,
Мирасқор болар тағына.
Шыққан жері баланың
Құлдың көрі емес пе?
Ақылы жетпес кей адам,
Құлдан туды демес пе?
Басымды алар, хан тақсыр,
Ашуланса бұл іске.
Баланың көрден шыққаны,
Не демес ханның дұшпаны?
Бала ханның баласы,
Гүлжазира анасы,
Дүниенің жүзін билейтін,
Батыр болар шамасы.
Ал жиналған, халайық,
Баланы сынға салайық.
Көрұғылы деп ат қойсам,
Болар ма екен ылайық?



Қарттың қойған бұл аты,
Ел көңіліне ұнады.
Бозайхан аз жақтырмай,
Ел қабағын сынады.
Халықтың бейім атына,
Хан да тоқтап тұрады.
Аты болды Көрұғылы –
Көрден шыққан баланың.
Бəріне түгел жайылды,
Хан билеген қаланың.
Көрұғылы отыр жалаңаш –
Үстіне киім кимеді.
Қызыққа да қарамас –
Дырдуды тағы сүймеді,
Сөйлеспейді тіл қатып,
Адамдармен үйдегі.
Көрұғылыны Бозайхан,
Жиі көріп тұрады.
Хан келгенде сескеніп,
Аздап көңіл бұрады.
Бейімделген мінезі,
Ханға ептеп ұнады.
Бірнеше айдай жалаңаш,
Көрұғылы бала шыдады.
Жиылған көп қыздар да,
«Ханның ұлы жалаңаш»,
Деп келеке қылады.
Бірте-бірте Көрұғылы
Келекені сезеді.
Ойламайды моланы,
Бетін елге түзеді.
Сол халыққа үйреніп,
Моладан күдер үзеді.
Үстіне киім киеді,
Дəмді тамақ бар болса,



Ептеп жеуді сүйеді.
Өзі таңдап кисін деп,
Көрұғылының алдына –
Киім, тамақ үйеді.
Сүйте-сүйте Көрұғылы,
Қайырым тілге келеді.
Сұраған сөзге кей кезде,
Сирек жауап береді.
Көрұғылының қасынан
Кетпейді аңдып Дардана.
Жеті жасқа жеткенше,
Бойына əдеп біткенше,
Ел ішінде қайратты,
Қасында болды бозбала.
Сөйлеуге тіл келеді,
Батырлар бар қасында.
Сарайға шығып жүреді,
Ерігіп біреу ұстаса,
Ымдап біреу нұсқаса,
Ашуланып төнеді.
Сілтеуінен қалмайды,
Талай адам өледі.
Өле-өле батырлар,
Күн санап кеми береді.
Осы жайды айтуға,
Бозайханның өзіне,
Құлақасқа кіреді.
Жайын естіп Бозайхан,
Жарлық берді «байла» деп,
Елді талқан қылмасын,
Байқап соны, ойла деп,
Ұстамақ болды батырлар.
Көрұғылы салды ойранды.
Быт-шыт қылып қиратып,
Ашты қатты майданды.



Болмаған соң айырды,
Көрұғылыдай батырды.
Үш жылда барып қосылды,
Адамдарға ақылды!...


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы