Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  466


Автор: Жамбыл Жабаев

ЖАМБЫЛ МЕН ДОСМАҒАНБЕТ айтысы

Əуелі тамам сөздің іптидасы,
Жиеннің жиырма үште еді жасы.
Сөйлейін Жамбылменен айтысқанын,
Жарандар, құлақ салып, сөз тыңдашы,
Жамбыл да өз тобынан асып жүрген
Көп ақын беттей алмай қашып жүрген.
Сөйлеуге қара сөзге құстан жүйрік,
Көңілін талай жанның басып жүрген.
Сөйлеген талай топта таңлай қағып,
Жұртына өлеңменен жүрген жағып.
Бұл күнде Досмағанбет не болғанын,
Көрерсің тамаша ғып тұрғын бағып!
Бала екен сөзге жүйрік Досмағанбет,
Жасынан жүрген екен өнер іздеп,
Көбісбай, Қаранбайда жатқан екен,
Қысты күн іздеп келіп нағашым деп.
Сол кезде Жамбыл ақын ол да келген,
Өлеңі ұйқы-тұйқы соққан желден.
Үйінде Көбісбайдың қона жатып,
Өлеңді білгенінше сабай берген.
Бұл Жамбыл сөз сөйлейді таңырқатып.
Өлеңді бастан-аяқ аңыратып.
Жантай мен Сүйінбайдың айтысқанын,
Жырлады біразырақ дауылдатып.
Саламат-аман тұрсам, көрермін, – деп,
Ол түні Досмағанбет қалды жатып.
Ал, енді сөйлер желіп Жамбыл ақын,
Ежелден топты жарған даңғыл ақын.
Сөйледі сонда Жамбыл бұған қарап,
1 Іптидасы – араб сөзі, бастамасы, алғашқысы.
 
Таң атқан іші-бауыры аттай жарап.
Алдына келіп: – Кəне, сөйле, – деді,
Баласың сен де ақын жаңа талап.
Ол бала сөз сөйледі тілді безеп,
Отырған əдеппенен көңіл тежеп.
– Сөйлей бер, білгеніңше, Жамбыл аға,
Бір келген мейман едің, бердім кезек.
Сөйледі сыпыра желіп Жамбыл ақын,
Көрінді көп ақыннан сөзі батым.
Жарандар, жүз жыл дəурен сүрген болсаң,
Ойлағын, бір басыңа ажал жақын.
Сөйледі сонда Жамбыл нақыл айтып,
Жуық боп ағайынға жақын айтып,
Елінің үлкен-кіші баршасына
Отырды əр нұсқадан ақыл айтып.
Сөйледі мүдірместен сары таңға,
Өзінен басқа жоқтай бұл жаһанда.
Отырған төрт түйелі Жалайыр, – деп,
Тиеді сөздің шеті анда-санда.
Баяндап əңгімесін бастан-аяқ,
Айтысқан Жамбылменен сөзі мынау.
Жамбыл:
Самғаймын қанатымды, ал, аспанға,
Дүбірлеп дауысым кетсін бар жаһанға.
Иірем сені сөзбен, Досмағанбет,
Аяғың тисін жерге анда-санда.
Сен мені жеңе алмайсың, арбасаң да,
Төрт бұрышын төңіректің жалмасаң да.
Жалаңдап аш бөрідей келдің қайдан,
Жақсылық Жалайырдан алмасаң да?
Арғы атам – аруақты ер Қарасай,
 
Теңселген дүбіріне тау менен сай.
Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан,
Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай.
Ілгеріде Шөже, Балта1 заманда өткен,
Асекең2
, Бұқар жырау арманда өткен.
Солардың аруағы маған қонып,
Ел мұңын жырмен толғап, нөсерлеткем.
Сөйлеймін, ерегіссем, өктем-өктем,
Түскендей жайдың оғы саған көктен.
Шын қызсам, сөзім – жалын, домбырам – найза,
Құрсаулы сауыт болар маған шекпен.
Баласы ұлы жүздің – Абақ, Тарақ.
Көтерген ақылгөйге мені балап.
Қаңғырған аш бөрідей ақын келсе,
Бұл Жамбыл жіберетін сөзбен сабап.
Құйындай көкке шапқан мен бір пырақ,
Арамыз екеуміздің алыс-жырақ.
Төменде шықылықтаған сен торғайсың,
Айтыспа, менімен, ақын шырақ.
Досмағанбет:
Сөйлейсің барған сайын өктем-өктем,
Түскендей ата-анасыз аспан-көктен.
Аралап Абақ, Тарақ, жүрсең-дағы,
Түспепті тері шалбар, қаптал шекпен.
Ол да өткен Асан қайғы, Бұқар жырау,
Ол күнде шапқыншылық, қанды бұрау,
Қараспай жарлы-жалшы нашарларға,
Хандардың мақсаты сол – жұртты қинау.
Атамыз бəріміздің – Абақ, Тарақ,
1 Шөже, Балта – ХІХ ғасырдағы халық ақындары. 2 Асекең, Асанқайғы – философ-ақын.
 
Ақынды көргенім жоқ сендей салақ.
Бойында саралықтың белгісі жоқ,
Тал түсте кеткендей-ақ ұры тонап.
Ал, Жамбыл-ау, Жамбыл-ау,
Сөз сөйлейін мен саған,
Таудан аққан бұлақтай
Жасөспірім баламын,
Жапырағы жайқалған,
Көлге біткен құрақтай.
Лақ, текедей бақылдап,
Мазамды алдың шыдатпай,
Қойдағы азбан қошқардай,
Сөзіңді мен отырмын
Сірə де сенің ұнатпай.
Өлеңіңді қысқартқын,
Мұнан былай ұзартпай.
Буындырам мен сені,
Бір шығармай үніңді,
Желкеңнен түскен тұзақтай.
Жаудыратам көзіңді,
Қалдырамын сөзіңді,
Қараңғы түн болғанда
Алдыңда жанған шырақтай.
Ақында шайыр ақпамын,
Аспанға ұшқан пырақтай.
Сөзіңде сенің асыл жоқ,
Құбылып тұрған сынаптай.
Меніменен айтысып,
Жете алмайсың мұратқа-ай!
Жас баламен шайқасып,
Айтысып өлең байқасып,
 
Жас ақыннан сүрініп,
Қалып жүрме ұятқа-ай.
Жете алмассың қуғанмен,
Мен бір асыл туғанмын.
Белді қынай буғанмын.
Арғымақтай буданмын.
Тұлғаңды сенің айтайын,
Тұлпарлығыңды байқайын.
Сұлыға тойған қазанат,
Маған қайтып жетерсің.
Алдыңда жүрген пырақпын,
Енді маған нетерсің?!
Меніменен айтыссаң,
Түбіңе өзің жетерсің.
Бұл арадан кетерсің.
Қасірет-қайғы шегерсің,
Ала алмасаң, алысып,
Арманда болып өтерсің.
Ақындығың шамалы,
Ала қашпа екенсің.
Тонауға түскен ұрыдай,
Ат-тонынан айрылған,
Қанатынан қайрылған,
Жасыған жездей майрылған.
Басыңда жөнді бөркің жоқ,
Адам көрер көркің жоқ,
Ақынмын деп сестенбе,
Сөзіңде қуат, серпін жоқ.
Өз пиғылыңнан тапқандай,
Кейпің жаман, Кейқуат,
Байдың малын баққандай.
1 Кейқуат – «Алпамыс батыр» жырындағы кейіпкер, қойшы.
 
Құлаққа маза бермедің,
Даңғаза дабыл қаққандай.
Алдында жиған малың жоқ,
Мойныңа салған салық жоқ.
Қу кедейсің қаңғырған,
Жауласарға елің жоқ.
Жыршы емессің, бақсысың,
Дүниеге тапшысың,
Бақсы да, сірə, болмадың,
Өлең айтып оңбадың.
Ел ішінде азыпсың,
Бір Құдайға жазыпсың.
Шекпенің жоқ сенің де,
Сен бір жүрген зəлім-ді.
Бір бойында сəнің жоқ,
Аралап Абақ жүрсең де,
Үш күн жатар жайың жоқ.
Жаман тамды салдырған
Орыстан закүн үйреніп,
Ағайын көңілін қалдырған.
Жатқа жерді алдырған.
Еліңде бір байлық жоқ,
Қазан асқан жеріне
Сабан-топан жақтырған.
Кеште ойнаған бақсыдай
Саған қобыз шалдырған.
Сені көріп отырмын,
Өзімнен-өзім қапалап,
Түсіңе сенің қарасам,
Жүні түскен жапалақ.
Жаратқан ием, Құдай-ай!
Нағашы жұртым ер екен,
 
Сауыққойшыл ел екен.
Көтереді ақын деп,
Мұның несін сəн қылып.
Біздің елде бұл болса,
Аяқ жолын таба алмай,
Кетер еді қаңғырып.
Ал, Жамбылым, Жамбылым,
Өлеңге жүйрік даңғылым.
Еркек болсаң, қашпағын,
Қайратыңды қарыштап,
Өнерің болса, бастағын.
Ұрысқақ қатын секілді
Аузыңнан от шашпағын.
Мініңді айтып берермін.
Ақыным, Жамбыл, саспағын.
Асқанға тосқан кезек-ті,
Алдын ала баспағын.
Армансыз бол, ақыным,
Ақындығың болмаса,
Жоқ екен басқа нақылың.
Кім жығылып, кім жығар,
Байқармыз сөздің ақырын.
Қартайғанша қақылдап,
Жел сөзге бір тоймайсың.
Жеңемін деп ойлайсың,
Меніменен ойнайсың.
Əсем болсаң, бəсең бол,
Өзіңді өзің көтеріп,
Сонша неге болмайсың.
Қонақ қонса үйіңе,
Тышқан мұрнын қанатып,
Тышқақ лақ соймайсың.
 
Бергеніне кұдайдың,
Қанағат қылып тоймайсың.
Ел қыдырып сүмеңдеп,
Жасыңнан қылған əдетің,
Елден-елге тіленіп,
Жамбастай жатып шіреніп,
Тентіреуді қоймайсың.
Астыңа мінген ерің жоқ.
Қол берген мықты пірің жоқ,
Не басыңа күн туды?
Бір жаныңда тыным жоқ.
Өміріңді өткіздің,
Көп сөзіңнің ішінде
Бір дəлелді шының жоқ.
Халықтан дүние сұранып,
Жарыған, сірə, жерің жоқ.
Айтқаның ылғи өтірік,
Сөзіңе сенің сену жоқ.
Есігің бар да, төрің жоқ.
Алысып əлің келе алмас,
Ылдиын кеткен, ерің жоқ.
Бір өткен соң дүние,
Қайта айналып келу жоқ.
Қорықпайсың, бейшара,
Өлеріңнің шағынан,
Кетер ем ұрып бір жерге,
Азырақ қорқып отырмын
Сақалыңның ағынан.
Отырсың ғой қушиып
Қой бакқандай қу кедей.
Байлығын айтсам Тарақтың,
Қаларсың сен үндемей.
 
Қалдай, Маман, Көлібай,
Байлығы тасқан күнде үдей.
Іледен əрман көсілген,
Жерін қаптап малы жүр,
Кім айтар мұны шын демей.
Қалдайдың бағы жанып тұр,
Жарқырап ашық шілдедей.
Жылқы мен қойы есепсіз,
Жұрттан асқан байлықпен,
Түйесін жүр жүндемей.
Елімдегі байлықты
Айта берсем, сөз жетпес,
Сусап қалар тіл-көмей.
Ақын болсаң, ашық айт
Еліңдегі байлықты,
Біздің елді күндемей.
Елің сенің оңбаған,
Енді не деп айтамын,
Кедейлікті мін демей?
Жамбыл:
Солай ма, бала, солай ма!
Зығырына Жамбылдың
Тисең, саған оңай ма!
Қуырамын енді мен
Ақындықтың апшысын,
Көргенім жоқ өмірде
Жел сөздің мен тапшысын.
Өлеңім асау теңіздей
Өрге қарай шапшысын.
Толқындай сөзді сапырып,
1 Қалдай, Маман, Көлібай – Орта жүз, Найман елінің ірі бай-феодалдары.
 
Арыстандай ақырып,
Шығайын енді айтысқа.
Нажағайдай сөзімді
Жарқылдатсам алдыңда,
Есің шығып адасып,
Біле алмассың əкеңнің
Өлгендігін қай тұста.
Сөз білмейтін баласың,
Ақындыққа шаласың,
Меніменен айтыспа.
Кемітесің кедей деп,
Басқа сөзді таппайсың,
Жетісіп жүрген немедей,
Еліңді құр мақтайсың.
Малды санап мақтанбан,
Малыңда емес ел бағы.
Қорғаған жаудан халықты,
Ерлік пенен даңқты,
Елімнің күшті аруағы.
Елімде болды батырлар:
Қарасай атты ұранды.
Асынып жау жарағын,
Еліме шапқан қалмаққа
Орнатып қара тұманды,
Салатұғын ылаңды.
Қаһарына шыдамай,
Қалмақ кезген Шығанды.
Қылышынан өткізген
Қаракесір Қаһанды:
Жауынан жерді босатып,
Осындай атақ кім алды?!
Бүгінгідей сөзіме,
 
О-дағы саған күмəнді.
Көп сөзіңнің ішінде,
Бір сөзің жоқ ұнамды,
Байқалып əбден сыналды.
Елден алғыс алмайсың,
Көтеріп кітап, Құранды.
Меніменен ұстасып,
Білмейсің Құдай ұрарды
Жеңбек қайда Жамбылды.
Сенің айтқан өлеңің
Тараған бізден ұшқын-ды.
Қысым көрсең Жамбылдан,
Деп жүрмегін түбінде,
Қандай іске тап қылды.
Ерлігің болса мақтанғын,
Қалмақты қуып қашырған.
Айдарынан жел есіп,
Алатаудан асырған,
Айбалта, қылыш асынған,
Жанындағы жабдығы
Наркескен, қанжар асылдан.
Қарасайдай батырлар
Қиқу салып аттанса,
Еліме тиген жаулардың
Алмадай басы шашылған.
Айтшы, осындай ерлерді
Еліңде даңқын асырған!
Айта алмасаң бұндайды,
Айтыспа, сен антұрған.
Қорықсаң неге айтыстың,
Ағарған сақал, шашымнан?!
Ата-ана сыйлап көрмеген,
 
Биəдеп өскен жасыңнан,
Сен бір жүрген сауысқан,
Кесірің үлкен басыңнан.
Меніменен айтысқан
Сендей талай кеппенің
Көкірегі басылған.
Уə, қу таңдай Жалайыр!
Менен асқан еліңде
Бар ма, сірə, бір шайыр.
Жамбыл жырау толғанса,
Домбырасын қолға алса,
Пар келтірмес ешкімді.
Сөз дауылмен соғушы ем
Сендей ақымақ мүскінді.
Ауылыңа алып бар
Шашылған бізден ұшқынды.
Сүйінбай ақын ұстазым
Сөз қанжарын суырып,
Дұшпанға өстіп күш қылды.
Құдай атқан қу молда,
Берекеңді ұшырып,
Кетірейін пыстыңды!
Арбаөткелдің түбінде1
Бір күн, бір түн шайқасып,
Өнерін əбден байқасып,
Құлмамбет те жеңген жоқ.
Жеңбек тұрмақ Құлмамбет,
Нысанаға келген жоқ.
Қаракерей Түбек те,
1 Арбаөткел – Қапшағайдың аяқ жағындағы Үшаралдан төмендеу, атпен
өтетұғын қылта жер. Бұл Іле өзенінің бұрынғы белгілі өткелі.
 
Жалайырда Қарқабат,
Бұ да айтысып, көрген жоқ.
Жамбыл, Жамбыл болғалы,
Жамбыл атқа қонғалы,
Ешкімге намыс берген жоқ.
Жеңіліп қайтты Құлмамбет,
Құр сүлдесі, өлген жоқ.
Көпшілікке бет бұрып,
Азғырушы адамға,
Қараспайтын сараңға
Жамбыл əсте көнген жоқ.
Еңбегім сіңді еліме,
Ел ішінде еріме.
Сол үшін бағым сөнген жоқ.
Тарта сөйле тіліңді,
Танимысың піріңді?
Танымасаң піріңді,
Айтайын сенің мініңді.
Əдеппенен сөйлер ең,
Егер болсаң білімді.
Жұрттың бəрін ұмытқан
Хан, патша шенеунік,
Сен сықылды молдалар.
Бетіне ұстап Құранды,
Өтірік айтып, елді алдап,
Таратқан қисық ұранды.
Аятын оқып ышқынып,
Ауруға дем үшкіріп,
Молдалар ұқсас жыланға.
Балуан болсаң, белсеніп,
Шық күреске сыбан да.
1 Құлмамбет, Түбек, Қарқабат – XIX ғасырдағы айтыс ақындары.
 
Барың болса, қарышта,
Емеспін саған құданда.
Сен – күйкентай, мен – тұйғын,
Жүр жайыңа одан да,
Əліңді білмей алысып,
Аптығып сөйлеп асығып,
Жолықтың қырсық лаңға,
Қаптаған қара тұманға.
Арқа тұтып ақырып,
Бұл Абақтың баласын,
Жаңғырықтырып мен шықсам
Алатаудың саласын,
Жайлау, қыстау, мекен қып
Өзен бір сай-саласын.
Көптігін айтсам Абақтың,
Аз ғана ауыл Жалайыр,
Қарамды көрмей қаласың.
Қу ауызды, қу молда,
Қайтер екен? десем мен,
Өршеленіп барасың.
Тіл тигізсең бабама,
Өртке күйіп, жанасың.
Ажырата сөйлегін
Бай, кедейдің арасын.
Құр кепкеннен пайда жоқ,
Сөйлегін сөздің данасын.
Жығылғанды, жыққанды
Сонда білер əр адам,
Өзінің білсе шамасын.
Ұзын сонар жүйрікпін,
Əңгімеге қанасың.
Ұзыннан жыр боратсам,
 
Сонда есіңнен танасың.
Албырт жиен, Жалайыр,
Маған қарап не дейсің,
Дедің маған кедейсің.
Мен қорғасын сақамын,
Сен – ұтылғыш кенейсің.
Мен – бір соққан дауылпаз,
Сен – салмақсыз, к... бос,
Ебелек қаққан ебейсің,
Бір ұстасып қалсам, – деп,
Күшіңді байқап шенейсің.
Мен жайыңды айтайын,
Жалайырсың, кедейсің,
Кедейліктің белгісі,
Жақын-жуық келмейсің.
Шыққан жерің мен болсам.
Менен шыққан сен болсаң,
Кімді кімге теңейсің.
Қысы-жазы ау салып,
Іледен балық қоймадың.
Шіріген сүйек жесең де,
Қарның шығып тоймадың,
Тұздап балық қақтадың,
Сары майдай сақтадың.
Елің кедей болған соң.
Жайым қалай болар? – деп,
Дарияны жақтадың.
Өз малыңды өргізіп,
Жеріңде мал бақпадың.
Қонақ қонса үйіңе,
Союға мал таппадың.
Тайдың майын бермейтін
 
Несіне байды мақтадың?
Айлық жерді ауызың
Бір-ақ күнде аттадың.
Би мен болыс қолына
Шығыны болып кетеді
Жазы-қысы тапқаның.
Заманақыр болды ма,
Өз тұқымым өзіме
Жау болып, қарсы шапқаның.
Ел байлығы өзінде,
Тіл байлығы сөзімде,
Малы жоқ тақыр кедей, – деп,
Өтірік жала жаппағын.
Ерегіссең менімен,
Мен ұстассам сенімен,
Шығып кетер аптабың,
Молда емессің, сиқырсың,
Зікір1 айтып зарлаған,
Жаназа2 оқып өлгенге,
Підия3 алып жалмаған.
Шариғат жолы мынау, – деп,
Қараңғы, надан халықты
Көзді жұмып алдаған.
Кедей өлсе, үйіне
Күңіреніп бармаған.
Аттана шауып, бай өлсе,
Қирағаттап Құранды,
Күні-түні сарнаған.
Қайыр-зекет бермесең,
1 Зікір – ауру адамға айтылатын бақсы сарыны. 2 Жаназа – Ислам дініндегілердің өлген адамға оқитын намазы. 3 Підия – дұға жолына жұмсалатын шығын ақы.
 
Сөзіме менің көнбесең,
Дозақ бар, – деп қорқытып,
Қылмаған пəлең қалмаған,
Оңбайтын молда жері осы.
Жақсы көрсе молданы,
Көз бояушы зұлым, – деп,
Көпшілік неге қарғаған?
Өзің де бір күн шүу дейсің,
Өлмей қалмас жанды адам.
Жарым түнде шабасың,
Өліп кетсе малды адам.
Елде көп əлім молда, залым молда,
Халыққа залымдығың мəлім, молда,
Сыбырлап азғырасың əзəзілді,
Қосылмас бізге сенің қаның, молда.
«Құдай бір, Құран шын», – деп азғырасың,
Ораза, намазсызды жазғырасың.
Жол сызған келешекке еш нəрсең жоқ,
Мұнымен қайтып жұртты мəз қыласың.
Аңдап бас, салғыртсынбай аяғыңды,
Екінің бірі өлер, ерегіссе, деген сөз бар,
Есіңе түсіремін баяғыңды.
Абаққа қай қазақтың малы жетер.
Көз көрмей, жалған сөздің бəрі бекер.
Еліңде қысы-жазы балық аулап,
Тентіреп осыменен күнің өтер.
Молда ақын, сонша неге мақтанасың,
Мақтанып, көтеріліп, шаттанасың.
Балықтан тапқаныңды шығынға сап,
Старшын, би болысты атқарасың.
Пенде жоқ жақсылыққа таласпайтын,
 
Мейірсіз бай кедейге қараспайтын,
Би мен қу алдап қанын
Теспей сорып
Мінез бар иттердің аластайтын.
Байлардың құлқы жаман мақтайтұғын,
Ат мініп, асын ішкен жақтайтұғын.
Нашардың күшіменен пайдаланып,
Жері осы маған байдың жақпайтұғын.
Қу молда, орыны жоқ сарнамалық,
Байлар жүр кедей күшін пайдаланып,
Байды мақтап, нашарды аузыңа алмай,
Мұнымен оңаласың қайда барып?!
Шықпайсың қыр басына мұныменен,
Болды, сөзді сөйлегін құныменен.
Жамбылдың айғай салған даусыменен,
Тау мен тас əн қосады үніменен.
Кетерсің жерге кіріп, жынды, антұрған,
Мен саған қаһарлансам шыныменен.
Не тоқталып, не жеңіп, не жеңіліп,
Созылып отырғанша күніменен.
Аз сөздің тəттілігі болар балдай,
Отырсың айтыспақ боп көңілің дардай.
Қабанды1 Бақтыбай мен ап келсең де,
Келеді шаужайымнан ешкім шалмай!
Көтере көп мақтадың еліңді сен,
Айтыссаң, буғын бекем беліңді сен.
Бұл жаққа күліп келіп, жылап қайтсаң,
Табуға қиын болар жеріңді сен.
Əдепті мейман болсан, сыйың болар,
Сый білмес сиыр болсаң, қиын болар.
Алыстан аңсап келіп, шаршап қайтсаң,
1 Қабан – XVIII ғасырдағы Жалайыр тайпасының ірі ақыны.
 
Тағы да бір бас қосқан жиын болар.
Бұл істің уағында болғаны анық,
Айтысты көтерелік жоғары алып.
Сөйлеген көңіліңдегі сөзің болса,
Осымен бір кішкентай доғаралық.
Досмағанбет:
Ал, Жамбылым, Жамбылым,
Ежелден жүйрік даңғылым.
Кезекпенен сөйлелік,
Сөзімді тосқын, Жамбылым.
Алпысқа жасың келгенде,
Төгіліп, тасып дариядай,
Басылып қалған арының.
Молдалығым айып па
Үйреткен саған Құдайды
Құран сөзін ұқпаған
Сендей надан оңбайды.
Зекет алса, молдалар,
Ұжмаққа жұртты жолдайды,
Молда өтірік айтпайды,
Оны Құдай қолдайды.
Елеуретіп сөйлейсің,
Алақтатып көзіңді
Əзəзілден сабақ ап,
Бүлдіріпсің сөзіңді.
Құранға тіл тигізсең,
Күпір деймін өзіңді
Мен бір енді сөйлейін:
Жалайырдың бегінен,
Белгілі ата-тегінен,
 
Айтуға тура кеп отыр
Абақ, Тарақ шегінен.
Ноқта ағасы – қолбасы.
Дулаттың бізге не пайда
Құмырсқадай көбінен.
Теріп айтып келермін
Бергіден арғы еліңнен,
Əулие ата, Шымкенттен.
Бозадан басқа асы жоқ,
Жар жатақтың астында,
Күнге күйіп түскендей,
Қыздарыңның шашы жоқ.
Бірін-бірі көп дескен,
Бозақормен ептескен,
Жақынынан басқа қасы жоқ.
Досмағанбет бұл молда,
Əрбір əнге салады.
Меркіден бергі туғаның
Салған қыстақ, қаланы.
Үй басына бес тауық,
Кірсян1 боп қарады.
Қысты күні болғанда
Көшкіннен өлген бұғының
Терісін сылып алады.
Алып келіп базарға,
Ыстап етін сатады.
Бес тиыннан ақша алса,
Жерден алтын тапқандай
Қуанып үйіне қайтады.
Енді айтайын, Жамбылым,
Меркіден бергі еліңді,
1 Кірсян – крестьян, шаруа.
 
Кірсянға жазылған,
Бəрі орысқа көнімді.
Меніменен айтыссаң,
Сындырармын беліңді.
Өткенді айтып, менменсіп,
Көтересің көңіліңді.
Ол күндегі батырлар,
Бəрі жерге көмілді.
Елді, міне, бүлдіріп,
Жайлады жау жеріңді.
Айта бермей өткенді,
Шығарып құмар-шеріңді.
Айтсайшы, Жамбыл, тағы да,
Абақтан енді ұл бар ма,
Құтқаратын еліңді.
Көкектен басқа құсың жоқ,
Көкпектен басқа шөбің жоқ.
Қозы жауырын қурай жоқ,
Жігітіңнің күші жоқ.
Көкнəр ішкен кісідей,
Адамыңның түсі жоқ.
Түсі менен есі жоқ.
Етін нанмен көбейткен,
Сөйтіп, к... шөмейткен,
Сиырын айдап, өк-өк, – деп,
Тапқан анам еркек деп,
Қорқып, бұғып қалмаспын.
Егер қырсық шалмаса,
Алдыма жүйрік салмаспын,
Шапқан жерін қиятын,
Күшін қолға жиятын,
Өткір қылыш алмаспын.
 
Тарлан тартып қалыпсың,
Аузыңнан шалыпсың.
Буыныңды бекітіп,
Аяғыңды дəл басқын.
Құмар болса айтысу,
Жыққанымыз алуға,
Жұртқа олжа салуға,
Бəйгіге тігіп мал-басты.
Айтысам деген ойда жоқ,
Келе-ақ өзің жармастың,
Сендей-сендей көп ақын
Көргенде мені өтінген.
Атысса қолды болмай ма,
Таяқ өтсе етіңнен.
Меркіден бергі туғаның,
Он-он үйің бірігіп,
Əрбір тауға бекінген,
Шегаралас болған соң,
Хан Орманы1 бас болып,
Қырғыз шапқан шетіңнен.
Өзі жақсы еліңнен,
Сенің тиіп кесірің,
Көштерің басып жыл сайын,
Берекемді кетірген.
Сия салдым сауытқа,
Құмармын жастан сауыққа.
Еліңді қырғыз шапқанын,
Олжаға қырғыз батқанын,
Жылы есімнен шығыпты,
Ит пе, қой ма, тауық па?
Ақыным, Жамбыл, жалықпа,
1 Орман – XIX ғасырда өмір сүрген қырғыздың шоқ манабы.
 
Асығып өлең айтам деп,
Бір киеге жолықпа!
Елің кедей болған соң,
Мал таба алмай, қыз сатқан.
Менің жеген балығым
Мұнан жаман болып па?!
Менменсінген сендейді
Біз де ақынбыз іздеген.
Үйінен жылан шыққандай,
Жаз кетсе, қаңғып, күз көрген,
Байлығың сенің қайда бар,
Мал орнына қыз берген?
Бір жарамды жігіті,
Дулатыңның Алпысбай,
Күнде арақ ішкені,
Орыстың үйі түскені,
Закоскесі қиярдан,
Алдында тақтай үстелі.
Сен Абақтың жүйрігі,
Мен тұлпары Тарақтың,
Жаңылдырма тілімді.
Жаратқан, Тəңірім, күштісің,
Дүниеге жан ғып жараттың.
Алуан-алуан ел етіп,
Жер жүзіне тараттың,
Бəрекелді, Жамбылым,
Өтірікті шындай ғып,
Жалған сөзді дыңдай ғып,
Жұртты аузына қараттың.
Сатып алып кеселді,
Пайдасы қанша арақтың,
Салты осы ма еліңнің?!
 
Биі, байы, болысың
Босатпас алдын қабақтың,
Арақ десе, жымыңдар,
Құлқыны құрып қылмыңдар.
Мейлі, қазақ, орысы.
Ішпесе басы ауырар,
Қалаға жақын қонысы.
Күнде салып салықты,
Зар қақтырып халықты,
Мойнынан түспес борышы.
Жеріңді сатып ұлыққа,
Жесе тоймac, құнықпа,
Тарылған жұрттың өрісі.
Оразалы дегенің
Қарындасын өзі алып,
Есітпеген жол салып,
Бір тентектің кесірі,
Шулады Дулат қозғалып.
Көп ұзартып созбалық.
Бұл да жетер басыңа,
Əділдіктен озбалық.
Жамбыл:
Албырт жиен, Жалайыр,
Еліңде бұзық жоқ болса,
Қожақан ішті неге арақ?
Əулие, сопы көп болса,
Көпке тиер кесірің,
Кожа мен молда бек болса,
Дəулетті ата тек болса,
Бойыңда арам кек болса,
Молда емес, ол əзəзіл,
1 Қабақ – арақ сататын дүкен.
 
Сүйкімсіз, жұртқа жек болса,
Сол Қожақан болысың
Мекеге барды қажы боп,
Боза, арақ ішкен соң,
Айтады несін қажы деп,
Пара тағы жейді екен,
Ел ішінде қазы боп,
Арамтамақ, ақ білек,
Қол астын жемей, қолдай ма?
Басшы əділ болмаса,
Жұртқа əділдік орнай ма?
Ел қорғайтын ұл туса,
Елді дұшпан торлай ма?
Шаңымды менің шалмайсың,
Ұрсаң да қамшы борбайға!
Қырсық шалса жолыңды,
Ісіңді Құдай оңдай ма?!
Төрт түлік мал тұрғанда,
Сойдырып шошқа соғымға,
Шариғат жолы сондай ма?!
Сен білмейсің, мен айтсам,
Қосшыбайдың атасы,
Қайырсыз бай Қалдайың
Тоғайдан торай қоймаған,
Адалдап жиған малдайын.
Ажырата білмеген,
Адал мен һарам қандайын.
Шариғаттың жолында,
Арам жемек бар ма екен?
Албырт жиен, Жалайыр,
Еліңнің салты мынадай:
Жасын кəміл толтырып,
Қыз өсірдің бұладай.
Алыстан келген сəудегер,
Бір керегін сатып aп,
 
Кездемесін сатқан боп.
Қыздарыңмен жатып ап,
Зауқын сафа1 қылады-ай,
Мақтанарлық жəйің жоқ,
Желпінген көңіл басылып,
Желіккен жүйрік тынады-ай.
Саудегер, молда, зұлымсың,
Халықтың көзін боядың,
Қайыр басқан тұмадай.
О да сенің кесірің,
Кемуге себеп несібең.
Алты ауызды ала боп,
Басыңды төре сұрады-ай,
Мен боламын ханың, – деп,
Хан салығы қалың, – деп,
Хандығым жұртқа мəлім, – деп,
Еліңді қысты, қанады-ай.
Ханнан көріп қанауды,
Ат, айғыр қалмай жараулы,
Күйзеліп жұртың жылады-ай.
Көтердің жұртқа бас қылып,
Қайыры көпке тимеген,
Қаны қара залымды,
Залымдығы мəлім-ді,
Алдына тура бара алмай,
Барып жауап ала алмай,
Айта алмадың зарыңды.
Жылқы, түйе, сиырмен,
Қой, ешкіні сойыс деп,
Тартуға тарттың барыңды,
Тартып алды еріксіз
Жүк артатын нарыңды,
Көз жасына қарамай,
Жылатып, кемпір-шалыңды.
1 Зауқын сафа – араб сөзі, ойын-сауық мағынасында.
 
Хан жарлығы солай деп,
Бұқара бізге оңай, – деп,
Жер жақсысын бай алып,
Бай патшаға теңеліп,
Өрісің қатты тарылды.
Ел қорғайтын ерлерің
Алдына барып бас иіп,
Алдиярлап жалынды.
Төрелер келіп, жəй салды
Алтынемел белінен,
Жайлау, қыстау мекен ғып
Күреңбел деген жерінен.
Мал, басыңда ерік жоқ,
Жауға бердің жеріңді,
Жүре алмай қорқып шенінен
Жоқтамай намыс, арыңды.
Мықты болсаң, сұраттың
Ханға неге еліңді?!
Қаны қара сұмырай,
Қатты басты беліңді.
Үн шықпадың, тұншықтың,
Шығара алмай шеріңді.
Ханның сесін қайырып,
Еліңді даудан айырып,
Алмадың қалай кегіңді?!
Əулие болса, қайда еді
Ескелді би мен Балпығың?!
Төреге елің сұратып,
Нашарларын жылатып,
Қадірін білмей халқының,
Байтақ жатқан кең елге
Тиді кесір шарпының.
Елеуреп ең ентігіп,
Басылды ма қарқының?!
Ат-тоныңды олжа ғып,
 
Қайт еліңе, жарқыным.
Жалайырдың ішінде
Сенің бабаң Балғалы,
Балғалының байлығын
Отырсың ба салғалы?
Байлығың сонша көп болса,
Неғып жүрсің бұл жақта
Зекет, құшыр алғалы?
Ант ұрған, – деп айтады
Жалайырды Қарғалы.
Қажылық қалып жайына
Қожамет, Қожақан
Үйінен арақ кетпейді,
Сөзімнің бар ма жалғаны?
Бəрін де айтып берермін,
Тағы да болса қалғаны.
Ауызбірлік қыла ма,
Ашулы болған кектісің,
Байдан кедей бөлініп,
Байға қара көрініп,
Кедей ашу етпесін.
Аузың бармай отыр ма
Айтуға Көлбай, Маманды.
Мырза, Күшік, Жалайыр,
Андаста зұлым Аманды?
Кедейге жаны ашымай,
Жақсылық іздеп басына,
Жоламай пəнде қасына,
Маман берер сазаңды,
Шулатып бала-шағаңды.
Қарсы жауап айтуға
Келтірмеген шамаңды.
Жалақор деп айтамыз
Жұртына бүлік салғанды.
Би мен болыс, бай, манап.
 
Пристав, князь, чиновник
Шулатты бала-шағаңды,
Қай жақсың бар оларға
Қарсы тұрған табанды.
Қариямын, сұраймын,
Сөзіме жауап бер деймін.
Сиқыршы залым, қу молда,
Бұған жауап бермесең,
Қыс к... сен деймін,
Сөз иесі мен деймін.
Ашып қара көзіңді,
Жөндеп сөйле сөзіңді.
Бола алмайсың сен, сірə,
Меніменен тең деймін.
Сендей-сендей ақынның
Сөзбен жанын емдеймін.
Өлеңмен шын тасысам,
Ағып бір жатқан селдеймін.
Халықтың досы кім десең,
Айтамын мен, білмесең.
Өлгенменен барабар,
Бір басыңды кірлесең,
Көмусіз бір күн қаласың,
Көпшілікті тілдесең,
Көпшілік – дария көл дейтін
Сол дариядан қансам, – деп,
Əркім-ақ аңсап шөлдейтін.
Елді жауға бермейтін,
Шетіне дұшпан келмейтін.
Ерегіскен ерлердің,
Қанша дұшпан жабылса,
Шыбын құрлы көрмейтін.
Бақытын жұрттың өрлетіп,
Мəңгі рухы сөнбейтін.
Есеңгіреп жүрмесең,
 
Елді неге даттайсың?
Екі жүзді болмасаң,
Байды неге мақтайсың?
Қайыры көпке тимеген,
Əкімдікпен билеген,
Жарлы-жалшыны сүймеген
Ханды неге жақтайсың?
Жегенің көп шашыңнан,
Қылмысың үлкен басыңнан,
Халыққа тиген пайдаң жоқ,
Қайтып тұзын ақтайсың?!
Екі ұртыңды қампитып,
Сөйлейсің сен аптығып.
Еліңде ер бар ма? – деп,
Сұрайсың жəне шаптығып,
Жердің шелін сел жуар,
Елдің кегін ер қуар,
Дауыл тұрса, бұлт қуар,
Жердегі жауды жұрт қуар,
Ерліктің оты лапылдап.
Аспанға шығар күн туар.
Сол майданда жарқылдап,
Қолына алмас қару aп,
Алатаудан ақырған,
Жауын жеңіп жапырған
Қарасайдай ұл туар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу