Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  146


Автор: Жамбыл Жабаев

Жамбылдың МАЙКӨТПЕН ДИДАРЛАСУ

Жамбыл:
Үлкенсаздың басында,
Кішісаздың қасында,
Сарыекемнің асында,
Қамбардың қара қасқа атындай,
Мен саламын желіске.
Құйрығымды түйген соң,
Қанатымды сүзген соң,
Жел аударған қаңбақтай,
Келді сөйлер кезіме.
Үлкен аға, кіші іні,
Сөйлеп бір енді берейін.
Қас жүйрікті айтамын,
Шапқан сайын үдеген,
Қас сұңқарды айтамын,
Алыстан тоят тілеген.
Майкөт:
Сапар тартып келіп ем,
Сарыбайдың асына.
Отыз кісі елімнен
Еріп еді қасыма.
Шырқайын деп шығып ем,
Майтөбенің басына.
Жаңғырықсын дауысым,
Алатаудың тасына.
Естуші едім дабысын,
Жамбыл бар деп осында.
Ақын болса келмейді
Неге менің қасыма?
Неге сəлем бермейді
Мендей кəрі досына?
  Жамбыл:
Сəлем уағалайкүм, Майкөт аға!
Есітіп дауысыңды келдім жаңа.
Алдынан үлкендердің өтпейін деп,
Аялдап əдеп еттім біраз ғана.
Сіз бе еді ақын аға Майкөт деген,
Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпеген.
Саңқылдап, сарайыңнан өлең шықса,
Именіп өзге ақындар бəйпектеген.
Келіпсіз біздің елге əдейі іздеп,
Мейманды құрметтейтін кəдеміз ед.
Сүйреңдеп алдыңызда сөз сөйлемей,
Етейін деп ойладым əдеп-ізет.
Сөйлеген аға тұрып ініден без,
Ежелден елде сондай бар еді сөз.
Аралау ағайынды бір бұл емес,
Əлі де сізбен талай болармыз кез.
Майкөт:
Бəрекелді, Жамбылым,
Сөз жүйесін келтірдің,
Аңғарыңды таныдым.
Көтеріліп желпіндім,
Аталы сөз мəні мол,
Жылағымды келтірдің.
Тал бойыңда бар екен
Алыс шабар серпінің.
Ұлы жүзді аралап,
Елдің жайын көп білдім.
Жасы үлкенді ағалап,
Мен де қызмет көп қылдым.
  Тауып айтқан сөзіңе,
Селт еттім де серпілдім.
Мейірім түсті өзіңе,
Бата берсем деп тұрмын.
Жамбыл:
Əумиін, батаңызға көтердім қол,
Етейін сізге қызмет мен осы жол.
Той қылып тобымызда отырыңыз,
Менің де, Майкөт аға, тілегім сол.
Майкөт:
Жан-жағыма қарайын,
Жағалай көз салайын.
Аман-есен жүрмісің,
Алыс жатқан ағайын.
Алдарыңа келгенде,
Əнге шырқап салайын.
Ұзақ күнге самғасам,
Саңқылдасын сарайым.
Қаздаңдатып саусақты,
Қос ішекті қағайын.
Алатаудың төсінде,
Аршындап бір шабайын.
Айта жүрсін сөзімді,
Əңгіме ғып маңайым.
Аман-есен жүрмісің,
Шапырашты, Екейім.
Ауылыңды ду етіп,
Əн таратып кетейін.
Сəудегерден бөз қалар,
Ақындардан сөз қалар –
Айта жүрер артымда,
Сөзімді аяп нетейін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу