👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  29


Автор: Жамбыл Жабаев

БӨЛЕКТІҢ ҚЫЗЫ МЕН ЖАМБЫЛ

Қыз:
Көк шолақпен тепектеп,
Торы шолақты жетектеп,
Жанай берме көшімді,
Түйелерім шошиды.
Жамбыл:
Əсем басқан құла атың,
Өзіңді де ұнаттым.
Жақындағым келеді,
Жақсы көрген, жұратым.
Қыз:
Қашан құда болып ең Балғалымен,
Күн өткізген түрің бар сандалумен…
Балғалының батасы бұйырмайды,
Қол қусырып келсең де мал-жаныңмен.
Жамбыл:
Қарға тамыр ел едік қашаннан-ақ,
Жекжатымен ел өсіп жасаңдамақ.
Ел аруағын сыйламас есер қыздар,
Жеңіл сөйлеп орынсыз шошаңдамақ.
Жолаушылап келемін, өзім жүдеп,
Киім тозған, сəнім жоқ, жолға түнеп.
Жылы көріп жүзіңді жақындап ем,
Қомытсынып сөйледің үдеп-үдеп.
Қыз:
Жолаушы адам, білемін, жүдеп келер,
Еру елден бірдеңе тілеп келер.
  Көш қасынан қалмайсың қосанжарлап,
Аулақ жүрсең, жарқыным, кім өкпелер!
Жамбыл:
Оның рас, жолаушы жүдеп келер,
Жүдесем де мен емес қыз өткерер.
Көкшолақпен көшіңде бір жүрмесем,
Балғалыда Бөлектің қызы өкпелер.
Қыз:
Құла қасқа – бəсірем1 көшке мінген,
Құлақ жымса атыңды сескендірген.
Қапелімде қаларсың күлкі болып,
Кетсең деймін жарқыным көш шенінен.
Жамбыл:
Не қылсаң да кетпеймін мен қасыңнан,
Сүйкімді боп барасың алғашқыдан.
Ат тістесе атымды қуанамын,
Тəңірімнің ісі деп жармастырған.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы