Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  130


Автор: Ерлан Рымбек

Бақ көшсе ақылыңа қарамайды...

Бақ көшсе ақылыңа қарамайды,
Жаман ойың дұшпаның боп табалайды.
Жамандық қылсаң егер басқаларға,
Басыңа түсер бір күн қара кайғы.
Бұл дүние жеткізбейтін арман дүние,
Бабалардан аңыз боп қалған дүние.
Жігіттіктің тізгінін ұстағанмен,
Бір күні өте шығар жалған дүние
Ойнап- күл дүниенің жарығында,
Болмайды ел алдында тарығуға,
Бармен базар жасаған жөн болады,
Тұрмақ жоқ ешбір нәрсе қалыбында.
Дүние өте шығар ойнақтаған,
Ойнақтаған көңілмен ойды ақтарам.
Баянсыз бұл жалғанның базарында,
Ән мен жырдың барында ойнап қалам
Дүниеде жақсылар іс табады,
Жетеліде адал еңбек,іс қалады.
Бүгін – ертең деп жүргенде ғұмырымыз,
Көзді ашып,жұмғанша қысқарады.
Бізге өсиет қалдырған ақын бабам,
Дүниенің кеңдігінен арымаған.
Жанын кешіп жалғанның жарығында,
Ар үшін аямайды жанын адам.
Қарап тұрып ауылдың шалдардына,
Көзім жетті дүниенің жалғанына.
Бозбалалық,жігіттігім артта қалды,
Айналып тағдырымның тармағына.
Атақ-даңқ қалмас сірә жинағанмен,
Кетеміз бір күн тастап қимағанмен.
Мен үшін адам болып қалсам егер,
Сол болар ана ақ сүтін сыйлағанмен.
Дүние жеткізбейді ойласаң да,
Арманның жүгін артып ойнасаңда.
Бір күндік жарығыңа татымайды,
Ғұмырыңның жүз күнін тойласаңда.
Ойлап тұрсам дүние жалған екен,
Талайдың шыбын жанын алған екен.
Ақылмен әр нәрсенің шегін білсек,
Бір күндік жарығыңда арман екен.
Дүние желден жүйрік,судан терең,
Ауып кетер бір күні тұрған кемең.
Әркімдерде әр түрлі күнелтес бар,
Бір әке,бір шешеден туғанменен.
Қоңыраулатқан көп атты күймеменен,
Қандай қымбат десеңші дүние деген.
Ауылымды еске алып дем алайын.
Қос түймені ағытып түймелеген.
Дүние көзді ашқанша өтеді-ау деп,
Бақ конса бір-ақ күнде кетеді-ау деп.
Ау,жарық,арман болып ұшқанменен,
Көңіл құсы өзіңе жетеді-ау кеп.
Жамандық жасырынбас көмгенменен,
Көз жанарың түнек боп сөнгенменен.
Артыңда қалар ісің елес болып,
Ойыңды бір сәтке бөлгенменен.
Дүние өте шығар басымыздан,
Өнер қуып,өлең қуып жасымыздан.
Туған-туыс,жор жолдас- жарық дүние,
Табылсын әр кездері қасымыздан.
Дүние бірте-бірте өзгереді,
Сол дүние ақ жолын кезген едім.
Жалғаным бес күншілік болсадағы,
Ар-ұят сабырлықтан безбегенмін.
Дүние өте шығар шыр айналып,
Бір-ақ күнде өтерін жүр ойланып.
Жүзге жетем деп жүргенде тіршілікте,
Қалады-ау қара жерге бел байланып.
Бірі келіп дүниеден бір өтеді,
Өткендерге сөгіс беріп күлме тегі.
Іштарлықтан біреуге тозақ құрсаң,
Көңіліңді иманыңды кірлетеді.
Дүние білгізбейді өтерінде,
Алла сынын дайын бол көтеруге.
Иманыңды ұмытып кетіп жүрме,
Жүрем деп дүниенің жетегінде
Дүние тоғыз жолдың торабы екен,
Ал пенделер өмірге қонақ екен.
Тіршілікте Аллаға сыйынғаның,
Бұл жалғанның қызығы сол-ақ екен.
Өкінбеймін дүние өткеніне,
Өкінем із қалдырмай кеткеніме.
Сыйласып сіз-біз десіп тіршілікке,
Алғысымды жазып кетем шөккенімде.
Дүниеге кім келіп кім кетпеген,
Бір Алланың сынағын күнде өткерем.
Ойымды орман өрті қаулап алып,
Өтіп жатыр гүл өмірім тізбектелген.
Мынау дүние,жаһанда,күлкі дүние,
Бірін-бірі алдаған түлкі дүние.
Ал мен болсам өмірдің майданымен,
Алысып келдім бүгін ту тігуге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу