Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  123


Автор: Ерлан Рымбек

Мына менің көз жасым кімге керек...

Мына менің көз жасым кімге керек,
Жанымды жататұғын күнде бөлеп.
Бұл жайымды сізге айтып түсіндірсем,
Тағдырым өзгелерден мүлде бөлек.
Жүремін халқым сенің мейіріміңді,
Жүрегімді жыр бесікке күнде бөлеп.
Мына менің кімге керек ақындығым,
Шуағын шашпаса егер бақыр күнім.
Алдарыңда бас имей кеткен күні,
Түсіндім ғой жүректің салқындығын.
Өмір деп жүрген жанмын қайтейін мен,
Алдымнан шығар деумен алтын күнім.
Мына менің кімге керек оқығаным,
Болмаса әр бір сөзін тоқығаным.
Кей кезде ғазиз басым жырға айналып,
Өзімді жазалаумен отырамын.
Ел алдында қарыздармын қайтейін мен,
Көңіл ояу,көкірегім соқыр жанмын.
Мына менің кімге керек сабырлығым,
Бойымда болмаса егер алғырлығым.
Өткеніммен өмір сүріп келемін мен,
Есіме түсіп бүгін балғын күнім.
Айыбым болса егер айтыңыздар,
Таразыға салып өзің әділдігін.
Осы жырмен шаяйын бар күнәмді,
Айтып сізге жамағат тағдыр мұңын.
Мына менің кімге керек күштілігім,
Күштілігім жан-тәніммен ұшты бүгін.
Раббыма тізе бүгіп жалбарынып,
Имандылық жанымды құшты бүгін.
Кешірші жаратқан, ием менің,
Сенен ұқтым құдіреттің күштілігін.
Мына менің кімге керек амандығым,
Алдарыңда шығып жатса жамандығым.
Жаныңның жан айқайын айта алмасам,
Қайда сонда аңсап күткен адалдығым.
Өз дінімді,тілімді қорғамасам,
Ол менің кешірілмес сараңдығым.
Мына менің кімге керек,әлсіздігім,
Өтседе жансыз күнім,малсыз күнім,
Зарыңды жеткізбесем мен билікке,
Алдарыңда кесілсін арсыз тілім.
Ана тілім өлсе бүгін,қайран қазақ,
Ертең менің білінер жансыздығым.
Артық айтсам тілінсін көкірегім,
Мазасын алғаным жоқ көкіп елдің.
Ең бастысы елімнің ақ бесігін,
Түзетпесем мен соған өкінемін.
Жан-тәнімді өрт шалып кеткенменен,
Рухым,тілім езілмес ет жүрегім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу