Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  104


Автор: Ерлан Рымбек

Жете алмадық біз бақыттың жайлауына...

Жете алмадық біз бақыттың жайлауына,
Кеткендейміз екі жолдың айдауында.
Біздің мәңгі өшпестей от сезімді
Сөндіріп әкетті екен қай дауылда?
Жүрегімнен кетер емес есімің,
Бір келмедің айқара ашып құшағыңның есігін.
Тағдырымыз күншығыс пен күнбатыстан болса да,
Сені мәңгі бақытым деп айтсам, оның несі мін?
Үзілмейді сені ойласам асау сезім шабыт деген,
Өзің болдың ән мен жырға сағындырып бағыт берген.
Бірақ, мынау ұлы күш махаббатта
Болған емес бір басымда бақыт деген.
Сөнді-кетті лапылдаған көңілдегі от,
Көрмеп едім мұндай қайғы өмірде көп.
Сол бір оттың ұшқыны жанарымнан
Көздің жасы болды неге төгілген боп?
Армандаймын, күні-түні қиялдаймын,
Бірақ, өмір көшіне сыя алмаймын.
Келмесіңді біле тұра, келеді деп
Жұбатумен өзімді өзім жиі алдаймын.
Алыстан қолды бұлғап жырақтадың,
Ал мен болсам, өмірде жылап қалдым.
Сені құшып бақыттың шыңдарына
Шығам деп шыға алмадым, құлап қалдым.
Қаралы болса да өмір, төземін,
Жүрегім қалап тұрса, қалай сенен беземін?
Екеуміз екі жақта жүрсек-тағы,
Жаным, мені аяп жүрсің, сеземін.
Түсінбедім жан сырымды, түсінбедім,
Жүрегімді жеп жатыр ішімде мұң.
Осы жырды неге жаздың деп сұрасаң,
Сені сүйген адал сезім үшін дедім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу