Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  111


Автор: Ерлан Рымбек

Аманбысың, туған жер

Көңілімді жұбатқан,
Ниетімді құлатқан,
Өткізген өлең-сынақтан,
Аманбысың, туған жер?
Айы суда тербелген,
Күні көкте кермелген,
Аққан суы көлдерден,
Аманбысың, туған жер!
Ақ сақалды қарттарым –
Арайлап атқан ақ таңым.
Өткен жастық шақтарым,
Аманбысың, туған жер?
Тауды киік жайлаған,
Көлінде қаз бойлаған,
Мойныма тұмар байлаған,
Аманбысың, туған жер?
Шөл қандырған бұлағым,
Тамсандырған шуағым,
Мәңгі менің тұрағым,
Аманбысың, туған жер!
Жан қиыспас достарым,
Өздеріңсіз бос жаным.
Қосқан түгел бастарын,
Аманбысың, туған жер?
Қанат біткен өнерге,
Шабытыма, өлеңге,
Сені көрмей өлем бе,
Аманбысың, туған жер?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу