Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  82


Автор: Мұрат Шаймаран

Ақиқат туралы баллада

Байқамады жүргіншінің ешбірі...
Ілесіп ап қара нөпір – көшке ірі,
Келе жатты тірі аруақ,
Ай астында алабұртып кескіні.
Көшелердің тұрған жанып кезі алау,
Сөнген алау сияқты бір көз анау!
Шырақтардан ұшқан салқын сəулеге
Саусақтарын созады-ау.
Аза тұтып қайтқан күнге қансырап,
Тұрды жұлдыз тұманнан жел аршыған.
...Қанып ішті, алақанына қайыңның,
Тұнып қалған тамшыдан.
Құлақкесті құлдай таңба басылған,
Кім еді бұл –
Келген мұнда тосыннан?
Кім еді бұл –
Абұйырын жапырақпен жасырған?!
Таба алмаған бұл əлемнен бəһірə,
Дəруіш пе, бəдəуи ме, тақуа?


Болмаса əлде ықылымнан оралған,
Алғашқы адамзаты ма?!
Нəсіп етіп жаратушы рахымын,
Жарып шыққан сияқты жан ақымын,
Келе жатты тірі аруақ,
Келе жатты аһ ұрып.
Тіршіліктің құпиясы сан қырлы,
Жырлаймын мен сан қырлы сол тағдырды!
Кеуіп біткен тандыр-тандыр жылғаға,
Жанарынан үзіп берді жаңбырды.
Даулы дүние дабысына тұншығып,
Жылауық тал басын иіп тұр сұлық.
Жағасына барды өзеннің тірі аруақ,
Аспан қалды күрсініп...
Тегі-түсін айтпайды енді ол кісің –
Қасіреттің белгісі!
Бірінші рет өлген күнін еске алды,
Келді жəне өлгісі.
Ағады өзен толқын ұрмай,
(жоқ екпін)
Бұған онда – себеп мың...
Соңғы талғам əрі азапты талғам бұл –
«Мен керекпін!»
«...Мен керекпін,
Мен керекпін,
Немесе
Керекпін мен бұрынғыдан он есе!
Өзім бастап берген пəни қолында
Неге өшем!?
Сенім деген қасиетті,
Сене бер!
Бармын мен де Нұхтан қалған кемеде.
Менің даңқым үшін қанша қан аңсап,
Ақты қанша жебелер.
Алғанымен ажал бір сəт көгендеп,
Тəңір өзі берген рух жоқ өлмек!
Тұңғышы боп менің қайсар перзентім –
Прометей берген жоқ па дəлелдеп.
Емес, əсте, ұлы уағыз жоғалған,
Жүрегімде ол,
Келешекке жол алған.
Ерте...
Ерте он сегіз мың ғаламнан,
Мен Алланың пəрменінен жаралғам.
Нұрлы күннің маңдайында тұрамын,
Сырлы сөздің өн-бойында тұрамын;
Іңгəлаған сəбидің
Таңдайында тұрамын.
Мезгілге мен суретімді көп сыздым,
Қара бояу жақты бірақ тексіз күн.
Қасіретім орасан,
Жəне сондай орасанмын,
Шексізбін..!»
Қиялдары қиырларға шығандап,
Əр күмəннəн самайында қылаулап.
Жағасында жылып аққан өзеннің,
Есін жиды тірі аруақ.
«Мен керекпін, керекпін мен», – екен деп,
Белін буды бекемдеп.
«Алу керек жайлы тұрақ тауып бір,
Қалу керек мекендеп..!»
Мың даңғаза,
Мың сабылыс,
Мың ентік,
Қаламайды жүйке менен жігер түк.
Бір мүйісте отырды ол телміріп,
Кетеді деп кім ертіп.


Əнеу мырза бүлдеменен оранған,
Шертіп басып өте шықты, (о, жалған!)
Тағы-тағы лыпасыз бір қыз өтті,
Тағылымы тоналған.
Улы дерттей жанды жаулап, ішті алған,
Күпті тілек,
Көмескі үміт,
Күшті арман!
Итін ертіп өте шықты
Бір шонжар –
Былғарымен тысталған.
Жатты жолдар жылдар мұжып таптаған...
Қалбаң қағып келді біреу тек қана –
Сыбырлады қайыршы:
Ертіп сені кетер едім, жоқ панам.
Замана бұл: тілі – жұмбақ, ой таса,
Зəр төгеді елегін бір шайқаса...
Сыбырлады Қайыршы:
Суық тиіп қалмасын тек, байқа, шал!
Мейірімді, Алла, кешірім ет, кешірім!
Жаралғанда ол жамылғысыз, (несі мін!)
... Тұрды қағып тірі аруақ,
Кең сарайдың есігін.
Күңіреніп шыққан талай күле кеп –
Сарай ғой бұл,
(жатқан жоқ-ты мұны елеп).
Терезеден мойнын соза жалғандық:
Жоғал! – деді, – сүмелек.
Қалды ақырып...
Құлап түсті ай қалай?!
Жадында жоқ ары қарай...
Жалғандықтың өктем үнін қайталап,
Тұрып алды бар маңай.
Зулап өткен уақыт деген ұлы ағын,
Тосты айқайға құлағын.
Күбірледі тірі аруақ:
«Мен ешкімге керек те емес шығармын?!»
Тегі-түсін айтпайды енді ол кісің
Қасіреттің белгісі!
Бірінші рет өлген күнін еске алды,
Келді жəне өлгісі...
Əке! – деді, –
Таптым ақыр сені іздеп,
Құрлық кезіп, жеттім асау теңізден.
Айтты маған дерегіңді Ай – Анам,
Келдім, міне, сол ізбен.
Əке! – деді...
Біткен жасып мұңдана,
Тірі аруақтың қарсы алдында тұр бала.
Қайта көкке көтерілді Ай – Ана,
Ақ шағидан жаулық салып тым жаңа.
Жеткен бала жырақтардан жол шегіп, –
Жеткен бізге болашақтың бөлшегі.
Əке! – деді, – ғарышыңды жаңғыртып,
Лашығыма алып кетем мен сені!
Бұтақтарын қалды сілкіп қара ағаш,
Бұлаң етті бозөкпе жел, шала мас.
Өтті бала дүрліктіріп бар елді,
Кетті əкесі жетегінде жалаңаш.
Алтын дəндей пісіп шыққан қауыздан,
Алды біреу асыл сөзді ауызға.
Қалды біреу жынданып,
Салды біреу өзін-өзі бауыздап...
Содан бері бұл өлкеде, бұл елде,
Есік таппай жарқ-жұрқ етіп кірерге,
Риза болды тірі аруақ
Сол баланың лашығында түнеуге...


Жайнап шығар, ертең күннің көр өңін!
О, тірі аруақ!
Саған да сол керегі.
Сенің патшалығың үшін зар жұтып,
Запыран құсқан бір шайырың – мен едім!
Соңғы кітап!
Сарынына сенемін,
Енді саған жоқ өлім!
Сол ұланға мінəжəт қып əр таңда,
Мен жырыммен тұмар жазып беремін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу