Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  84


Автор: Мұрат Шаймаран

Қазақ батыры туралы баллада

Шапағы қанға айналды,
Таң суық хабар ап кірді...
Беліне берен байланды,
Серке бір санды ат мінді.
Шылбырға сұлу жармасты,
Бұрымын жайып жіберіп.
Тұрды Ана
Көзі ол жасты,
Қараша үйге сүйеніп.
Жия алмай есін күн əлі,
Шық болып тұнды түнгі ызғар.
Бесікте сəби жылады,
Шулады көкте құзғындар...
Тоғыз да қабат ақ сауыт,
Егеулі найза қолдағы.
Шаттықтың шашын ақ шалып,
«Қош-қоштап» ауыл –
Ол қалды.
Сахара сайын,
Жал-қыры,
Уайымға шомған бар алап:
«Ұлыма менің тағдырым,
Аманат, – деді.
– Аманат!»
Қабағы қату жас ұлан,
Қабылан сынды қан аңсап.
Қайыңды ердің қасында,
Ілулі кетті қорамсақ...
«Қасиетті атамекенге.
Келмесін жаттың аты ойнап!» –
Деді де өңшең нөкерлер,
Лап қойды жауға атойлап.
«Тəу етем саған,
Туған тау,
Табынарым сенсің, кең өлкем!
Табанға таптап алса жау,
Не деймін елге күні ертең?!
Түн қатып жүрдім қаншама,
Алынбай дүлдүл терлігі.
Не деймін, ұрпақ, мен саған?!
Иесі – өмір ендігі.
Жүзінде қылыш қан дағын,
Жуады уақыт, (жоғалар...)
Не деймін, ата аруағы,
Не деймін саған, молалар?!
Арқамнан менің басқан жүк,
Батпандай болып бар ұғым.
Не деймін саған, бостандық?
(Бостандық менің – тəңірім!)
Не деймін?!
(Ойдан болам дал),
Өкініш орны толар ма?
Тайынбан сенен,
О, ажал,
Бодаусыз жеңіс болар ма.
Қарсы алам күліп сені, өлім,
Қайғырып салар жоқ əнім.
Жанымды саған беремін,
Жерімді алып қалармын!


Ағытыл, қане,
Сұр жебе!
Уыңды сыртқа шық алып.
Үнсізсің, берен, сен неге?
Алайын қанға суарып.
Берейін саған құс тағын,
Қарғалар, жолды баста өзің.
Сұлап жатқан дұшпанның,
Шоқып бір өткін аш көзін!»
Ойлады солай ер кеуде,
Ойлады солай от жүрек.
Айқай мен ұран кеу-кеулеп,
Айқастың оты кетті үдеп.
Намыстың қайсар пəрмəні,
Жадында ұлан жүр əлі.
Ойқастап келіп жау қолы,
Орылған көктей құлады.
Бесінге мезгіл алмасты,
(Өткенім менің жыр бүгін).
Батырлар жеңді,
Жау қашты,
Сүйретіп сүлдер ындынын...
Күйікке дəру деді ме,
Баурына бұлтты бір құшақ
Басты да аспан
Егіле,
Анаға мұңды тұрды ұқсап.
Өкситін сонша қия алмай,
Кім шəйіт болды, кім өлді?!
Жанардан жасын тия алмай,
Көл қылып төгіп жіберді.
Ашты ма қойнын баба – жер,
Ұшты ма дəурен басынан?!
... Желдіртіп шықты қарагер,
Жер құшып жатты жас ұлан.
Оранып жасыл жалынға,
Жаңғырып жатты атырап.
Жас ұлан алақанында –
Қан сіңіп қалған топырақ.
Суынба, тірлік, суынба,
Жалғанның шоғы сөнбеші!
Жас ұлан қарашығында –
Жасынның жарқын сəулесі...
Күйікке дəру деді ме,
Баурына бұлтты бір құшақ
Басты да аспан
Егіле,
Анаға мұңды тұрды ұқсап.
... Боларын сезіп шалғайдан,
Ананы запыран зар қысты.
Тұлданып қайтқан майданнан,
Тұлпардың жалын жар құшты.
Дауыс сап сыңсып жоқтаған,
Қаралы қазақ əр үйі.
Ұйқыда жатқан
Тек қана –
Батырдың жалғыз сəбиі...
Сен ертең өсіп жетерсің,
Бүгінгі, сəби, балғын жас.
Дүбірге елең етерсің,
Боларсың қамал алдырмас.
Тарихыңды қайта жазарсың,
Ұлы бір рух семер ме.
Қолыңды сен де созарсың
Əкең бір тұтқан беренге.
Кештерде бозаң ай туған,
Жаһанды жалғыз шоларсың.


Сырласып бір сəт қайтуға,
Іздерсің əке моласын.
Қойылмай кеткен белгілер,
Өшіріп уақыт əр ізді.
Ертегі болды ол күндер,
Ерліктің даңқы тəрізді.
Іздерсің қанат талғанша,
Аңсарсың асқақ сол үнді.
Белгісіз кеткен жан қанша,
«Қызғыштай қорып өңірді».
Шығарсың қырат-қыратқа,
Қан қызыл жатқан гүл өніп.
Таппасың оны
Бірақ та,
Қайтарсың сосын түнеріп...
Мені ізде!
Жолдың бойынан,
(Жыршыңа өрлік тіле де).
...Құлпытас қалды қойылмай, –
деп ойлап, ұлан, жүдеме!
Мені ізде ақыл-арыңмен,
Қасымда қалғын дамылдап!
Қазақтың батырларын мен
Көкірегіме көмгем арулап.
Сен мені ізде,
Күнелтем,
Тұтатып үміт оттығын.
Оянар олар күні ертең,
Мəңгілік өлім жоқ, күнім..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу