Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  96


Автор: Мұрат Шаймаран

Еһ, тырналар, тырналар

Еһ, Тырналар, Тырналар,
Барасың ұшып төбемнен;
Тарғыл да таулар үстінен,
Даладан бетбақ көнерген.
Сарсаң да, сарсаң, сарсаң күн,
Сағыныш, бірақ, жоқ өлген.
Мен оны өріп өлеңмен,
Қанатыңа байлап берерме ем,
Жеткізесің бе туған сен елге…
Еһ, Тырналар, Тырналар,
Қайда екен сол бір бақ-талап?!
Тағы боп өскен тарпаңды
Алатау қалды ноқталап.
Көзіне ірің іркіліп,
Көңілдің шыты жыртылып,
Жүрме екен атам жоқ қарап.
Жетер ем айлап, апталап,
Қайтейін, мен де жоқ қанат...
Еһ, Тырналар, Тырналар,
Барасың ұзап тыраулап.
Жаутаңдап көкке қараймын,
Жанарымда жалқы сұрау қап.
Арғы бетте өлген арман көп,
Əруағын барып бір аунат!?
Бұлақтың көзі бұлаулап,
Орманның шашы қылаулап,
Жататын еді бұл аумақ...
Жетелеп жырды жет енді,
Ертісті аттай тебінді,
Еркелей аққан Емілді,
Ентелей аққан Ілені
Айналып ұшып өт енді!
Аспанның əппақ өлеңі–
Өзіңдей болып кім самғар.
Ақынның ащы мұңындай,
Бүр жарды ма екен жусандар?!
Еһ, Тырналар, Тырналар...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу