Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  125


Автор: Мұрат Шаймаран

Қымыз құйып бердің сен...

Күлкің бұлақ секілді жырлай аққан,
Қымыз құйып бердің сен сырлы аяққа.
Қарлығаштай қағылез, қарағым-ау,
Ұйықтап жатқан жанымнан мұңды оятпа!
Қызыл да өзің,
Қытықты қылық та өзің,
(Томағасын тартпасын бүлік сезім).
Өткенімді көрсетіп берер маған,
Тұмасындай жайлаудың тұнық көзің.
Мың сағыныш балталап бір түнімді,
Отау – ойдың іргесі тұр түрулі.
Жанарыңда жастықтың суреті бар,
Қаға көрме, Қарындас, кірпігіңді?!
...Оу, өмірім, еттің сен неге ғапыл,
Сайран күннің жұлдызы сөне ме ақыр.
Атжалында желігіп алған жігіт,
Ауыл жаққа желдіртіп келе жатыр.
Сал-серісі даланың секілдіміз,
Сүмбіл шашты сұлуға өтімдіміз.
...Ұяң басып кірді де ақбоз үйге,
Сарқымызын сапырып отырды қыз.
Осындай ма тірліктің бұл бейісі,
Тулаған қан тамырда тұр ғой ысып.
Ал, жігітің асаудай аласұрар,
Қызды да, қымызды да бірдей ішіп.
Құс – тілек бір қиырға алып ұшып,
Жас көңіл саятшыдай сабылысып,
Шаңырақтан шашылған сəулелерге,
Мойнындағы моншағы шағылысып,
Сарқымызын сапырып отырды қыз...
Базар – күн,
Балбұл жанған бала – дəурен,
Түсімдей болдың ғайып жаңа көрген.
«Сүйем!» – деп айта алмаған, о, Махаббат,
Оралып шылбырыма қала берген.
Мың сағыныш балталап бір түнімді,
Отау – ойдың іргесі тұр түрулі.
Жанарыңда менің сол суретім бар,
Қаға көрме, Қарындас, кірпігіңді?!
Қымыз құйып бердің сен сырлы аяққа...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу