Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  145


Автор: Мұрат Шаймаран

Жапырақ - ғұмыр

Еменнің жапырағы құлап жатыр...
Сарғайған сағыныштан тəні бірден,
Жұмаққа кетпек жасыл жаны мүлдем.
Сұп-суық жерде жатып қарайды олар,
Мейірім күтетіндей əлі күннен.
Осымен бітті бəрі...
(доғарылған)
Қайыр жоқ енді аспанның анарынан.
Еменнің жапырағы құлап жатыр,
Мен оның тамшы көрем жанарынан.
Есінде барқыт–көктем,
Бал шақтары,
О, сəуір кімге нені аңсатпадың?!
Мезгілмен араз болған аш бұтақтар,
Қош айтып шошайтады саусақтарын.
Жеткенше жетесіне зілдей хабар,
Қайғысын жапырақтың білмейді олар.
Жасынның жарқылынан бебеу қағып,
Тағы да бүршік атып гүлдейді олар.
Білте өмір біткенінше сабақтатып,
Шаттықтан өзге жоқ-ау шанақта түк.
Бұтақтар, о, бұтақтар бұлғаң қағар,
Тағы да сан бұлбұлды қонақтатып.
Емендер, еңсең биік, бойың əсем,
Құлайды жапырақтар,
Мойыма сен!
Қарашада қасқайып тұрасың-ау,
Туған жерді оралтып ойыма сен...
Əйтеуір аяр күннің айбары анық,
Сарқылар сенім біткен майдаланып.
Сабағынан үзілген жапырақ – ғұмырым,
Желге ұшты, құлар екен қайда барып?!
Еменнің жапырағы құлап жатыр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу