Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  78


Автор: Мұрат Шаймаран

Күллі ойлар өріп жатады менің күркемнен...

О, Тəңірім-ау, несіне ақын болдым мен,
Ақ емшек – Ақиқат, уызыңды сенің емдім мен.
Кетпен көтерген шаруа боп неге кетпедім,
Қара жерден ырыздығын тауып жеп жүрген.
Шағылдай болып шашырап кеткен, нар талап,
Ай менен Күнге сөз айттым неге шалқалап?!
Ойсыздар жасаған заманның мынау обалын,
Ақын болдым ба жүруім үшін арқалап.
Ойраттар келіп ойрандап кеткен жерімдей,
Ақсүйек арман иенде қалды көмілмей.
Жырымда – запыран,
Мұңым да менің тым ащы,
Адалдың маңдай теріндей.
Тазарту үшін тамырыңды сенің құрт енген,
Күллі ойлар өріп жатады менің күркемнен.
Көңіліңнің кірін,
Көзіңнің жасын, о, ғалам,
Өлең деген орамалыммен сүртем мен.
Құлқын баққанға құл болып кеткен Құдай – Ар,
Табанда жатып күрсінер һəм мұңаяр.
Салихалы күнді аңсаумен өткен, салқам – жыр,
Білмеймін сені кім аяр?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу