Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  110


Автор: Мұрат Шаймаран

Түңілу

...Бəрі солай болатынын ұқтырып,
Қаңтар өтті, көзқарасы сұп-суық.
Жалғыз шырақ –
(Жана-жана білтедей)
Бітті үміт.
Ақпан келер – асыққан бір жолаушы,
Сақа – көңіл, түспейсің-ау сен алшы.
Көбелек – қар, көз алдымда көлбемей,
Жоғалшы!
Тұман – жолдар,
Күмəн –жолдар,
Тұл өңір,
Ақын – жүрек, жыла, жыла, жүде бір.
Аққа бояп сен əуре болғанмен,
Кір өмір.
Жауқазын боп құлақтары қалқайған,
Көктем келер, жаның жанып өрт ойдан.
Көктем бе бұл,
Көктемің де көк тиын!
Гүлдің бəрі қартайған.
Тамыр түгіл, тасты ерітіп жылуы,
Сосын тағы жаз келеді бір ұлы...
Мені мұңға шақырады ақшамда,
Шегірткенің шырылы.
Уақыт берген уағдасына сенерміз,
Сенерміз де уатылып, семерміз.
...Бəрі солай болатынын ұқтырып,
Келер күз...
Кеміреді кеудемді бір батыл – əн,
Кемерге ұрған толқынымды сапырам.
«Өмір – жалған!» соны біле тұрсам да,
Қиялмаймын, аһ ұрам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу