Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  89


Автор: Мұрат Шаймаран

Ертегі

Ерке едік...
Ертегіңе елітіп ек,
Балалық нені аңсады, нені тілеп.
Мен саған айтқым келген көп ішінде,
Əне-еу қара аспанды «менікі!» деп.
Күн күлген,
Жұлдыз күлген,
Арман күлген,
(Екен ғой оның бəрі жалған мүлдем).
Ақ қалпағын басына алшы киген,
Алатауды еншіме алғам бірден.
Сахара: Бағдат барып,
Мысыр барып,
Сүйгенмін Шаһзаданы құшырланып.
Біресе, жаһан кезген жолаушымын,
Кететін Жалмауыздың тісін қағып.
Біресе, бозбаламын желік күткен,
Мойнында түймесі бар елік күткен.
Біресе, зар жылаған жас ғашықпын,
Зəурені махаббаттан солып біткен.
Хандардың көк күмбезді шатырында,
Сөйлегем сертке тұтқан батырындай.
Біресе, Қобыланды боп садақ тартқам,
Ойнатып Тайбурылды тақымымда...
Ертегі,
О, ертегі, ертегілер,
Тас ұшып,
Тау айналып,
Жер тебінер.
Білмеппін, Ертегі елі, сенен кетіп,
Ертеңнің болатынын дерт егілер.
Ақылға Аяз биін шақырмастан.
Заман бұл:
Пақыр билеп,
Батыр қашқан.
Ертегі,
О, ертегі қайдасыңдар?!
Бəрі де ақиқатпен ақырласқан.
Киял – мөлдір əйнегім,
Ол да сынар,
Күнікейдің білегі кімге асылар?!
Ертегі жоқ,
Тек менің жүрегімде,
Сарытап болған ақынның мүрдесі бар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу