Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  90


Автор: Мұрат Шаймаран

Жап-жасыл табанында сайдың күтіп....

Ақ отау – мен өтермін жиі кірмей,
Иеннің тағы болған киігіндей.
Бұлаққа ілбіп басып сен барасың,
Су таситын ағашың иініңде...
Жол жатыр жалғыз аяқ – жағасы гүл,
«Ол» жатыр құс төсекте санасы кір.
Ақыны ғапыл қалған,
Қазағыңның –
Ғашығы өксік атқан даласы бұл.
Шегірткең секеңдейді ыршып-тынып,
Жайнайды жасыл қияқ мың шық тұнып.
Сыңғырлап шолпыларың сала берді-ау,
Бастаудың бал күлкісін тұншықтырып.
Сары алтын сарай – кеуде,
Арман – басың,
Ит – тірліктің сүйрейтін болды арбасын.
Сенің келер тарғалаң тағдырыңды,
Айтып тұрды бұлаққа тамған жасың...
Бірі едім жыны буған керіс ұлдың,
Көп сүйдім,
Махаббаттан көп ұшындым,
Жататын болып алды күйігімдей,
Жоталар – ізі қалған кебісіңнің.
Көруші ем сені күндей,
Сені балдай,
Жүрегім жүдеу тартар шөлі қанбай.
...Ұзатып баратқанда неге қалдым,
Шылбырыңа асылып өліп алмай.
Құс едің жат көзінен тасада ұстар.
(Қайтейін, бірге ақпады қос ағыстар).
Неге кетті!!?
Пəңгіңді шайнап кетпей,
Жасауыңды артқан сол жасамыс Нар...
...Оралдың ақша жүзің сынық мүлде,
Білмеймін, жанарыңа іріктің не?!
Ақ отаудың түндігін серпе жаптың,
Иығыңа асылып ымырт бірге.
Арбайды-ау енді əлемді Ай мүлгітіп,
У аралас шараптай қайғың жұтып –
Тұрармын атым жарау, өзім жадау,
Жап-жасыл табанында сайдың күтіп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу