Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  95


Автор: Мұрат Шаймаран

Ұлтан болып жүріп

Анасының сұңқары,
Əкесінің тұлпары,
Енді күліп атады Алатаудың бұл таңы.
Шаймаран деп аталар момындау сол сары шалдың,
Алматылық саналар, сен – алғашқы ұрпағы.
Өтеді екен зымырап,
Өтеді екен жыл бұлай,
«Мамаң» аңсап жүруші еді,
«Папаң» жүзі тұнжырай...
«Оралман» деп айтпайды ел,
Оған да жоқ өкініш,
Орыс болып кетуден сақтаса екен бір Құдай.
Өлең жазғам отырып,
Əкең қуған кекілік,
Тынымсыздау болатын тастан тасқа секіріп.
Ес білген соң екеуміз Атажұртқа аңырдық,
Алматыда туылмай қалғанымызға өкініп.
Қиялдарды қырық бел қиырларға шаптырып,
Жұрт білетін ұл болдық арман деген ат мініп.
«Қайдасың, – деп, – Көк туым!»
Жағып үміт оттығын,
Сұлтандығын жат елдің жапан түзге лақтырып –
Келдік Қазақ жеріне,
Екеуміз де ұлтанбыз,
Ұлтан болып жүріп-ақ ұлттың əнін шырқармыз.
Ұлтан болып жүріп-ақ Отан деген атаңның,
Табанында жатып ап тұла бойын жылытармыз...
Ей, кішкентай, Азамат,
Ей, кішкентай, өренім,
Көтеріп ап кеудеме сені қыса беремін.
Аты мəшһүр ағаңның мінгізетін аты жоқ,
Бəсіреңе байлайды бəсі мықты өлеңін.
Мақтанышпен оқитын күнің туар себебі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу