Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  125


Автор: Мұрат Шаймаран

Қарқара барып қайтсақ па

(Сағатбек Медеубекұлына)
...Мұндай да мұндай болады, ə,
Жаныңда сыздап ой-соқта.
Қамыға бермей, жан аға,
Қарқара барып қайтсақ па?!
Сенуден қалдық міскінге,
Сезуден қалдық бұл шақта.
Ереуілтөбе үстінде,
Еңіреп жылап тұрсақ па?!
Заманның зарлы демінен,
Тұншықты қанша жарқын əн.
Əрбір тал қияқ шөбінен,
Иісі қанның аңқыған.
Алатау түнеп жатсаң да,
Арыңа түсер салмақ бар.
Алабөтендеу ақшамда,
Шулайды дейді Əруақтар.
Жаңғырар жартас, əр қатпар,
(Тарихын ғалам тыңдасын).
Шулайды дейді Əруақтар,
Тіріден таппай мұңдасын.
Ананың үні – жоқтаған,
Тұлданып қайтқан Асаулар.
Қарқара десе,
Қап-қара
Тастың да көзі жасаурар...


...Мұндайда, мұндай болады, ə.
Жаныңда сыздап ой-соқта.
Қамыға бермей, жан аға,
Қарқара барып қайтсақ па?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу