Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  91


Автор: Мұрат Шаймаран

Шет қалып барасың-ау, шерлі қалам

Үрімжі.
Жауады қар, жауады қар,
Аспанда кəрі қыстың ауаны бар.
Періштенің кіршіксіз қанатындай,
Ақ əлем, ару дүние маған ұнар.
Демін тартып бір сəтке тынған ғалам,
Суреттей кір саусаққа былғанбаған.
Боғда – шалдың оранып шалғайына,
Бүк түсіп жатыр менің туған қалам.
Заман-ай, зауза сынды жылып өткен,
Табаның талмайтұғын сірі неткен.
Май сіңген, сəл майысқан көшеңменен,
Менің сəби тағдырым жүріп өткен.
Парағын ақтара ма жыл шежіре,
Оқи ма сараңы мен дүмшесіне.
Телміріп талай тұрғам əнеу маңда,
Ұйғырлардың қып-қызыл күлшесіне...
Құшағын құшырлана ашқанда өлең,
Тілдескен тылсымы көп аспанменен.
Сол ұлың əуресі мол ақын болды,
Жаһанды бауырына бассам деген.
Мен жоқпын,
Сен де жоқсың енді маған,
Тағдырын Алатауға берді балаң.
Кедейдің жылуы жоқ шекпеніндей,
Шет қалып барасың-ау, шерлі қалам.
Кеудеме қағылған бір сына – жырдай,
Жанарда жас кептеліп, тұр ағылмай.
«Алматы, менде туып, сен деп өлер,
Ұлымды қабылда!» – деп дұға қылғай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу