Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  83


Автор: Мұрат Шаймаран

Ей,Алатау, Алатау

Ей, тəкəппар Алатау,
Сұлусың əрі суықсың.
Жанымды менің қапалы
Өзіңнен өзге кім ұқсын.
Ей, тəкəппар Алатау,
Өзіңе сенем,
Сенетін басқа жоқ ешкім.
«Оралман» деген пақырмын,
Ордалы жылан емеспін!
Ертіспен еңіреп тел өстім,
Хан Тəңіріменен тең өстім,
Қолынан жаттың у жұтып,
Жампоздың қамын жеп өстім.
Сауырында тұлпар түнеген,
Бауырында сұңқар түлеген,
Еңсесі биік елеспін.
Мейлі сен еле, елеме,
Мен деген өзің қалдырған,
Аймауыт пенен Селебе;
Немесе Шүршіт төсіне
Қадалып қалған жебе де.
Жəне де асау өлеңмін,
Алысқа шапса қызатын.
(Бір жырым менің – жүз ақын).
Ей, Алатау, Алатау,
Алам деп саған келгем жоқ,
(Кеткемін жоқ-ты тым жүдеп,)
Берерім – ұлы махаббат,
Берерім – ыстық бір жүрек!
Жаным да Тудай тұнық көк,
Мұны да місе тұтпасаң,
Ата болмай-ақ құрып кет!
Ей, Алатау, Алатау,
Асуларыңа ай қонып,
Асқарларыңды күн емген,
Биіксің, бірақ, шіренбе.
Тарыдай болып шашылған,
Табанына жаттың басылған,
Тағдырларыңды түгенде:
Жер өссін десең,
Ел өссін,
Бүйрегің бұған бұрмаса,
Қазақтың тауы емессің!
Ей, Алатау, Алатау...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу