Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  117


Автор: Мұрат Шаймаран

Кездік

Ер жігітті танытар ісі егесте,
Алып шығар ақылдың күші емес пе.
Сені көрсем, Қабеке,
Нар атамның
Мүйіз сапты кездігі түседі еске.
Кəнігі қарт аң жайын білетұғын,
Білетұғын қуатын бұғы етінің.
Қонышына шегірен етігінің,
Сол кездігін жасырып жүретұғын.
Еркін өскен,
Ерке өскен зайырында,
Ерлік енші даланың қай ұлында.
Жұрт біледі:
Сұлатқан атам менің
Орқашардың апайтөс аюын да.
Тұрған сосын, қасқайып тасып, толып,
Жолдасына олжасын шашып, бөліп...
Сүйсіне ол қараған кездігіне,
Бармағымен жүзін бір басып көріп.
Астындағы айғыры кісінеуік,
Жаулары да жаситын мысы кеміп.
Көкжалдар ма?
Көкжалдар ауып кеткен,
Атамыздың кездігі түсіне еніп.
Ата кетті...
Естіртпей ақырғы үнін,
(Аңыздай ғып тек ескі батырлығын).
Кездік тұтар тұқымның түрі менмін,
Мойтап болып сандықта жатыр бүгін...
Ер жігітті танытар ісі егесте,
Алып шығар ақылдың күші емес пе.
Сені көрсем, жан аға,
Сол атамның
Мүйіз сапты кездігі түседі еске.
Ақиқаттай уыздың нəрі кетіп,
Көңіл деген кесенің бəрі кетік.
Ал, сен болсаң жүргенің шымболаттай,
Жалғандықтың жүрегін жарып өтіп.
Ері жұртта қалса да,
Езі көшіп,
Ертеңгіге ойлының сөзі несіп.
Сені ұстауға Қоғам – шал қорқақ тартар,
Алам ба деп өз қолын өзі кесіп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу