Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  93


Автор: Мұрат Шаймаран

Арман

Қырға шығып кетсем бе,
қызыл гүлін терсем бе,
Қызғалдақтан мойныңа алқа жасап берсем бе.
Қолаң-қолаң шашыңды жуармысың қуанып?!
Мөлдір-мөлдір бұлақтан келейін бе су алып!
Жастық деген неменің балқытып бір буынын,
Тамағыңа сүртсем бе қымыздықтың шырынын.
Алуан-алуан бояудан асылдығы жүз артық,
Бүлдіргенмен ерніңді берейін бе қызартып.
Тамсандырып жұлдызды,
Айдың көзін сүздіріп,
Айдынында аққудың қояйын ба жүздіріп...
Еркелеген толқынға жүз шегініп, жүз барып,
Тұрайын ба жағада сені түннен қызғанып.
Күлкің сенің бейісте тұрған күміс қоңырау,
Жұпар лебін шашады шамдай отты омырау.
Салиқалы самала салтанатын тойласын,
Ақшабақтар арбалып балтырыңмен ойнасын.
Жапырақтар жамырап сенен көзін ала алмас,
Хордың қызы қорланып күйігіңе болар мас.
Табиғат та ақын ғой,
меніменен қаламдас,
Суретіңді бəрібір мен сияқты сала алмас!..
Зағип болған заманның зəрі сіңген денемді,
Айлы түнгі Əсемдік, саған берем мен енді!
Оқы тылсым дұғаңды ақыныңа адасқақ,
Ыстық-ыстық деміңмен жібергейсің аластап.
Жанар таудай атылып, сосын қайта сөне алмай,
Бауыры суық қалаға қалсам ба екен оралмай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу